Қазақстан • 19 Мамыр, 2020

Асхат Аймағамбетов: Пандемия жағдайындағы Қазақстанның білім беру жүйесі

8585 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кеңінен белең алған пандемия бүкіл әлемнің білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналды. Балалардың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алуы мүмкін болмай қалды. Адамзат мұндай жаһандық проблемамен алғаш рет бетпе-бет кездесіп отыр.

Асхат Аймағамбетов: Пандемия жағдайындағы Қазақстанның білім беру жүйесі

Халықаралық тәжірибе зерделенді. ЮНЕСКО-ның мәліметіне сәйкес 191 ел мектептерін ұлттық деңгейде жапты. Ресей, АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония мен Данияда мектептер аймақтағы жағдайға байланысты жұмысын тоқтатты.

Әлем бойынша оқытудың балама түрлері ойластырылды. Қашықтан білім беру үшін сабақтарды телеарналар арқылы трансляциялау, видеосабақтарды арнайы платформаларға жүктеу, радио арқылы сабақтарды аудиотрансляциялау, электрондық пошта және пошта қызметі сынды т.б. тәсілдер пайдаланылды. Әр мемлекет қашықтан оқыту процесінің оқушылар мен студенттерге неғұрлым қолжетімді болуын мақсат етті. Ол үшін Интернеттің, техникалық инфрақұрылымның қолжетімділігін анықтап, білім беру бағдарламаларының мазмұнын бейімдей бастады, барлығын ескере келе тиімді нұсқасын алдын ала сынап көріп, таңдау жасады.

Пандемия уақытында қабылданған шаралар қазақстандық мектептер үшін де жаңа әрі күтпеген жағдай болды. Бізге көктемгі каникулды бір аптаға ұзартып, сол уақытта білім беру процесін карантин жағдайына бейімдеуге, қажетті ұйымдастыру жұмыстарын шұғыл жүргізуге тура келді. Жаңа оқу форматына дайындық барысында басты мәселелер анықталды. Мәселен:

Біріншіден, мұндай форматта білім беруде нормативтік реттеудің және жұмыс тәжірибесінің болмауы. Қолданыстағы заңнамада «қашықтан оқыту түрі» деген ұғым мүлдем жоқ, сәйкесінше бағдарламалар да, регламенттер де, әдістемелер мен нұсқаулықтар да жоқ.

Екіншіден, орта білім беру жүйесінің дайындық факторы: дағдарыс жағдайында қашықтан оқытуға көшу, әсіресе, ауылдық мектептердегі педагогтердің ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану деңгейінің жеткіліксіз екендігін көрсетті.

Үшіншіден, бұл - сыртқы факторлар: интернет-байланыс факторы, инфрақұрылымдар, кері байланыс орнату үшін қажетті жабдықтардың жетіспеуі.

Төртіншіден, білім алушылардың басым көпшілігімен бір мезгілде стримингтік байланыс ұйымдастыруға жағдай жасайтын отандық IT-платформалардың болмауы, цифрлық білім беру контентінің және Интернет арқылы сабақ өткізу үшін толыққанды бағдарламалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі.

Осы мәселелерді шешу үшін аз уақыттың ішінде материалдарды, бағдарламаларды дайындауға, видеосабақтарды түсіруге, оқытудың, бағалаудың жаңа ережелері мен нұсқаулықтарын әзірлеуге, педагогтер үшін оқыту курстарын өткізуге және қашықтан оқыту үшін арнайы интернет-платформалардың жұмысын жеделдетуге тура келді.

Біз халықаралық тәжірибені, ЮНЕСКО мен Дүниежүзілік банктің ұсынымдарын зерделегеннен кейін, туындаған мәселелер мен мүмкіндіктерімізді ескере отырып, қашықтан оқытудың бірнеше технологиясын бірден қолдану қажет деп шештік. Олар:

1) интернет арқылы оқыту;

2) телеарналар мен радио арқылы білім беру;

3) шалғай ауылдарда штаттық режимде оқыту, сондай-ақ мектебі жоқ елді мекендерге пошта арқылы оқу материалдарын жіберу.

Еліміздегі оқушылар IV тоқсанда дәл осы формат бойынша білім алуды бастады.

Оқушылар бір айдан астам уақыт бойы осы режимде оқып жатыр. Атап айтқанда 2,4 млн адам оқушы Интернет арқылы білім алып жатыр. Оларға жұмысын жандандырған «Daryn.Online», «BilimLand» интернет-платформалары және «Күнделік» жүйесі қолжетімді. Бұл платформаларда балалар оқу бағдарламасына сәйкес видеосабақтарды тауып, оларды қарағаннан кейін мұғалімдерінен тапсырма алады және өткен материалдар бойынша сұрақтарға жауап береді. Қажет болған жағдайда видеосабақты қайта қарауға және туындаған сұрақтарды мұғалімдермен талқылауға мүмкіндік бар. Ерекше қажеттіліктері бар балалар оқитын кейбір мектептерде педагогтер сабақтарды көбіне Microsoft Teams, Meet by Google Hangouts сияқты басқа да шетелдік стримингтік жүйелер арқылы өткізеді.

Педагогтер мен оқушыларды қажетті техникамен қамтамасыз ету мақсатында оларға мектеп балансындағы 247 мың компьютер, сондай-ақ қосымша сатып алынған компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. 27 мыңға жуық оқушы мен мұғалімнің үйіне бір апта ішінде Интернет жеткізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

«Балапан» және «Ел Арна» арналарында телесабақтар арқылы оқыту кеңінен қолданылды. Сонымен қатар, салалық министрлік пен
«Қазақстан РТРК» корпорациясының қолдауымен жергілікті арналарда телесабақтарды ретрансляциялау ұйымдастырылды. Қазір 800 мыңнан астам оқушы осы видеосабақтар арқылы оқиды.

Карантин жағдайындағы көктемгі демалыс кезінде бюджет қаражатын бөлмей-ақ, телестудия форматында бейімделген кабинеттерде 2000-ға жуық видеосабақ түсірілді. Түсірілім кезінде қалаға кіруді шектеуге байланысты тек Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен НЗМ педагогтері ғана қатысты. Әрине, басында педагогтерге оңай болған жоқ, бірақ қазір жұмыс бір қалыпқа келтіріліп, мұғалімдер тележүргізуші ретінде жаңа рөлге үйреніп қалды. Сондай-ақ, камера алдында өзін біршама еркін сезініп, сабақты түсіндіруге арналған презентацияларын қалай дайындау керектігін меңгерді. Тәжірибе мұнымен шектелуге болмайтынын көрсетті, сондықтан біздің алдымызда
IV тоқсанға ғана емес, бүкіл оқу жылына арналған видеосабақтарды түсіру, соның ішінде қысылтаяң жағдайларда, көктемгі каникул кезінде дайындалған бірнеше видео-сабақты тиянақтап қайта түсіру міндеті тұр. Барлық сыныптар үшін 15 мыңнан астам видеосабақ дайындауды жоспарлап отырмыз.

Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, қорытынды емтихандар мәселесіне қатысты карантин жағдайында қабылданатын үш негізгі шешім бар.

1) Емтихандарды мүлдем өткізбеу. Мысалы, Норвегия және басқа да елдерде 10-сынып оқушылары үшін (жоғары мектептің төменгі сыныптарындағы соңғы оқу жылы) және жоғары мектептің барлық үш жылындағы оқушылары үшін жазбаша емтихандардың бәрі алынып тасталды.

2)      Емтихандарды өткізу уақытын шегеру.

3)   Емтихандарды өзгеше форматта өткізу. Кейбір елдерде олар онлайн режимде өтетін болады.

Біз орын алған жағдайға байланысты 9-шы және 11-сыныптарға арналған мектеп бітіру емтихандарын өткізбеу туралы шешімді бірден қабылдадық. Бұл ретте қашықтан оқыту форматына ауысуды ескере отырып, жылдық бағалар төрт тоқсанның бағалары негізінде қойылады.

Соңғы уақытта жоо-ға түсу емтиханының функциясын ғана орындайтын ҰБТ-ға келетін болсақ, тестілеуді 2020 жылғы маусым айының соңында, яғни, бұған дейін белгіленген мерзімде және бұрынғыдай форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Егер карантин шаралары ұзартылатын болса, баламалы жоспар әзірлеп жатырмыз. Біз ҰБТ-ға дайындалуға көмек ретінде Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тегін сынама тестерін әзірледік.

ТЖ кезінде педагогтердің, ата-аналар мен оқушылардың жұмыс көлемі артты. Мектеп мұғалімдері іс жүзінде әр баламен жеке жұмыс істеу форматына ауысқанда сабақты дайындау мен өткізуге, оқушылармен кері байланысты  ұйымдастыруға көп уақыт жұмсайды. Біздің әріптестеріміз қысқа мерзімде жағдайға бейімделіп, жоғары кәсіби біліктілік пен өз ісіне адалдығын көрсетті. Мен білім бөлімдеріне мектеп мұғалімдерінен қашықтан сабақ беру бойынша есеп талап етуге, тексеру жүргізуге тыйым салатын бұйрыққа қол қойдым. Біз педагогтерімізге сенім білдіре аламыз.

Қашықтан оқыту форматы педагогтер мен ата-аналардың арасындағы қарым-қатынасты реттеп, бірлесе жұмыс істеудің маңыдылығын айқын көрсетті.

Колледждер мен жоо-лардағы жағдай жақсырақ. Жоо-ларда қашықтан оқыту технологияларын оқу процесіне енгізу бойынша тәжірибе бар. Оқу процесінде ЖООК-ның (жаппай ашық онлайн-курстар) материалдары қолданылды. Жоо-лардың өздері де бұған дейін академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге шығатын студенттерге және денсаулық жағдайына байланысты күндізгі бөлімде оқуға мүмкіндігі жоқ студенттер үшін бағдарламалар әзірлеген болатын. Сондықтан 16 наурыздан бастап еліміздегі 116 азаматтық жоғары оқу орны қашықтан оқыту түріне бірден кедергісіз көшті. Дегенмен, белгілі бір түйткілді мәселелер де жоқ емес. Карантин жағдайында жатақханаларда қалған студенттер үшін тиісті жағдай жасалды. Егер 5 мың қазақстандық және 4 мың шетелдік студент жатақханаларда қалса, өзге студенттер өз үйлеріне, ауылдарына, ата-аналарына бару туралы шешім қабылдады.

Күн сайын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, оқытуды ұйымдастырудың әртүрлі аспектілеріне арналған республикалық онлайн-семинарлар өткізіледі. Бұл - оқыту сапасын арттыру мақсатында жасалған шара. Барлық жоо мен колледждерде студенттер мен оқытушыларға техникалық қолдау көрсететін Help Desk жүйесі іске қосылды.

Әлем жаңа цифрлық дәуірде өмір сүріп жатыр. Бұл туралы көп айтылып келеді. Бұл жүйені дамытудың түрлі сценарийлері жасалды. Бірақ біз дағдарыс жағдайында тез шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Жалпы, білім беру жүйесі бірінші толқынға төтеп бере алды.

Бұл пандемиядан да өтерміз, бірақ біз енді «қара аққулардың» пайда болуына, «VUCA» (әлемдік тұрақсыздық, белгісіздік, күрделілік пен біркелкі емес жағдайларда) әлемінде жұмыс істеуге дайын болуымыз керек.

Білім беру жүйесі қазіргі жағдайдан сабақ алып, тиісті шараларды қабылдауы тиіс.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев осы жылдың 11 мамырында өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде: «Білім беруді неғұрлым икемді ету керек, балалар мен студенттерді қашықтық режимінде оқытудың хаттамалары мен әдістемелерін әзірлеу, еліміздегі оқу орындарын іс жүзінде цифрландыруды аяқтау маңызды. Қазіргі заманғы қашықтан оқыту технологияларын жеделдетіп енгізу қажет. Алдымызда білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау, оларды қолжетімді және интерактивті ету міндеті тұр», - деп ерекше атап өтті.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін қабылданатын нақты шаралар мен өзгерістер бағдарламасы сарапшылармен және жұртшылықпен талқылануда, сондықтан төменде тек жекелеген сабақтар мен қашықтан оқытуды енгізуге байланысты алғашқы қорытындыларға ғана тоқталамын.

Біріншіден, заңнамаға «қашықтан оқыту» ұғымын енгізу және осы процесті одан әрі нормативтік тұрғыда реттеу қажет.

Екіншіден, НҚА енгізілетін өзгерістермен қатар, отандық цифрлық білім беру платформаларын, оның ішінде стримингтік қосылу жүйесін жетілдіру қажет. Көптеген елдерде миллиондаған мектеп оқушысы бір мезетте стримингтік жүйеге қосылуға мүмкіндік қарастырылмаған. Сондықтан елдегі бұл жүйені дамытудың маңызы зор. Бұл оқулықтарды цифрлық форматқа ауыстыру жұмыстарына да қатысты. Бұл ретте оқулықтардың әр парағының жай ғана сканерлерген нұсқасы сияқты жеңілдетілген аударма болмауы керек, керісінше, ондағы ақпарат тақырып бойынша суреттер, мәтіндер, видео, аудио, анимация түрінде ұсынылуы керек, ал байланыс және іздестіру жүйесі оқулықтың бір үзіндісінен екіншісіне бірден ауысуға және алдыңғы сыныптарда өткен материалдарды қайталауға мүмкіндік беруі тиіс.

Үшіншіден, қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеу үшін мұғалімдеріміздің құзіреттілігін арттыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Болашақ мұғалімдерді даярлауға арналған университеттік бағдарламалардан бастап үздіксіз білім беру курстарына дейінгі барлық білім беру бағдарламаларында қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған, ҚББТ-да (қашықтан білім беру технологиялары) жұмыс істеу әдіснамасы, педагогикалық технологияларға, сонымен қатар IT-құзіреттіліктер бойынша да арнайы модульдер енгізіліп жатыр.

Төртіншіден, қашықтан оқыту дегеніміз дәстүрлі контентті, әдістеме мен бағдарламаларды жай ғана Интернет арқылы оқытуға көшіру дегенді білдірмейді. Жаңа режимде жұмыс істеу үшін оқытудың жаңа әдістемелері, жаңа педагогикалық технологиялар, диагностика, мониторинг процестері, бағдарламалар, сабақтың құрылымы әзірленуі тиіс, неғұрлым икемді және жекешеленген стандарттарға көшу жүзеге асырылды.

Бесіншіден, қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеу үшін мектепте оқыту мәдениетін трансформациялау,  білім алушылардың оқытушылармен тиімді кері байланысын қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, емтихандарды тапсырған және оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізген кезде сенімді сәйкестендіру құралдарын тапқан жөн.

Алтыншысы, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігін ескере отырып, жоо-ның академиялық саясатын дәстүрлі әдістермен де, қашықтан оқытумен де жаңарту керек. Осылайша, оқытуды жекелендіру жүргізіледі. Мәселен, әдетте сабақ кестесіне қойылатын, күндізгі бөлімде өткізілетін студенттің/магистранттың оқытушымен бірге жасайтын өзіндік жұмысын (СОӨЖ/СМӨЖ) қашықтан және шын мәнінде таңдауы бойынша өз бетімен меңгеру форматына көшіруге болады. Сол сияқты жоо-лардағы кейбір курстарды студенттердің таңдауы бойынша қашықтан оқуға рұқсат беруге немесе ЖАОК оқыту нәтижелерін есепке алуға болады.

Жетіншіден, интернационалдандырудың жаңа сын-тегеуріндеріне жауап дайындау. Жоғары білім беру жүйесі мемлекеттердің «аралдарға айналуының» нәтижесінде халықаралық ынтымақтастықтың өзгеруі мәселесіне тап болады. Студенттердің академиялық ұтқырлығы азаюы мүмкін. Бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламалары мен тұтастай алғанда жоо-ның халықаралық стратегиясы да біршама цифрлық технологияларға сүйенетін болады. Сондай-ақ, қазақстандық жоо-лар бағдарламаларын аз уақыттың ішінде онлайн-форматқа ауыстырулары тиіс. Өңірлік білім беру хабына айналу міндеті сол беті қалады. Бұл жерде жоо қандай курстардың қажет екендігін өздері анықтап, қолда бар барлық әлеуетті пайдаланғаны жөн.

Сегізіншісі, министрліктің ақпараттық жүйесін жетілдіру: дипломдардың, электрондық оқулықтардың, түрлі видеожаттықтыру деректер қорын қосу, мемлекеттік қызметтерді, білім беру жетістіктерін мониторингілеу, тестілеу, аттестаттау және т. б. толық цифрландыру қажет. Мұғалімдер өздерінің материалдарын жасап, бір-бірімен бөлісе алатындай, яғни, контентті генерациялауға арналған алаң құру қажеттілігі туындады.

Тоғызыншысы, цифрлық ситауциялық орталықтарды құру және инфрақұрылымды дамыту. Серверлерден, байланыс арналарын кеңейтуден бастап қажетті жабдықтармен, прокторинг жүйелерімен және коммуникацияға арналған жабдықпен жарақтандыруды қамтамасыз ету аса маңызды. Білім беру қызметін лицензиялаған кезде осындай тиісті талаптар қойылуы әбден мүмкін. Оқыту траекториясын тиімді құрастыру үшін «цифрлық із» деп аталатын жиынтық ақпарат қажет, ол оқытудың мазмұны, құралдары, алынған нәтижелер мен оқушылардың оған тартылу дәрежесі туралы деректерді қамтуы тиіс.

Одан кейін, карантин жағдайында жұмыс істеу білім беруді басқару жүйесін өзгерту қажеттігін байқатты. Қашықтан оқыту технологияларын енгізу тәжірибесі басқару процесінде неғұрлым тығыз үйлестіру мен нақты байланыстарды құрудың маңыздылығын көрсетті.

Барлық мектеп пен балабақшалар қарамағына берілген аудандық және қалалық білім бөлімдерін тікелей облыстық білім басқармаларына беру туралы өткен жылы желтоқсанда қабылданған шешім уақтылы қабылданғанын байқатты.  Сонымен қатар, біз Министрлік пен өңірлік білім басқармалары арасындағы жұмыстың әлі де болса неғұрлым айқын әрі түсінікті жүйелерін құру және өзара байланысты күшейту қажеттілігін көріп отырмыз.

Оныншысы, академиялық дербестікті одан әрі либерализациялау және күшейту қажет. Тәжірибеге сүйенсек, академиялық саясат мәселелеріне келгенде, оқытудың жеке, икемді бағдарламаларын қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының өздеріне өкілеттілікті одан әрі беру қажет.

Жалпы алғанда, қазіргі жағдайдың ықпалын бағалау барысында технологияны романтикалаудан, асығыс шешім қабылдау мен абсолюттендіруден аулақ болу керек. Қазіргі таңда ғылыми зерттеулерді сарапшылар мен қоғам белсенділерін  қатыстыра отырып жүргізу өзекті екенін атап өткім келеді.

Дәстүрлі білім беру формасынан ешкім бас тартқан жоқ. Балалар, ата-аналар, мұғалімдер мен министрлік қызметкерлері – бәріміз бүгінгі таңда мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта оқыту ең тиімді әрі қолайлы екенін түсінеміз. Қашықтан оқыту технологиялары қосымша мүмкіндік, балама ретінде, бағдарламалардың икемділігін қамтамасыз ету шарты ретінде қарастырылады.

Қашықтан білім беру кезінде мектеп пен мұғалімнің жұмысы көбеймесе, азаймайды. Біз бұл технологияны ауа райының қолайсыздығына байланысты оқушыларды сабақтан босатқанда немесе баланың денсаулығына байланысты үйінде оқуға мәжбүр болғанда не шағын жинақты мектеп оқушыларының білім алуына қосымша мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет болған жағдайда қолданатын боламыз.

Қалалармен қоса ауылдарда да нақты жағдайларды көру керек және шешім қабылдағанда барлық мүмкіндікті ескеру керек. Әлі де болса көп нәрсені қайта қарастырып, қорытынды жасап, жаңа стратегияларды әзірлеу керек. Алда күтіп тұрған жаңа сынақтардан өту үшін ескі тәжірибе дәрменсіз болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – жаңа, тың шешімдерді іздеу. Осыған байланысты біз отандық және шетелдік тиімді тәжірибелерді жинақтап, оларды білім беру процесіне енгізуді жоспарлап отырмыз.