Расында, күнделікті өмірде сандаған адаммен амандасып жатамыз, телефон арқылы есендік сұрасамыз, хат арқылы сәлем жолдаймыз. Алайда жағдайына қарай сәлемдесудің өзі сан түрлі болатынын біле тұра оған көңіл аудара бермейміз. Сәлем беріп, сәлем ала білудің өзі жатқан бір философия, рухани мәдениет екенін ескермейміз. Тілдесудің басы амандасудан басталатындықтан кездескен адамның берген сәлемінен-ақ оның мәдениетін, ой-өріс деңгейін, алған тәлім-тәрбиесінің шамасын аңғаруға болады.
Жарасымды ізет жасап, жадырап сәлем берген жан бірден көңіліңді көтеріп қуантып тастайды. Нұр сеуіп, шуақ шаша келеді.
Қазақ ондайларға «Сәлемші болсаң жоғары шық» дейді.
Әке-шешеміз бала кезімізден дұрыс сәлемдесуді, жөн сұрасуды үйретті. Содан ба ауылдағы ақсақалдарға «ассалаумағалейкүм», деп қолын алуға ұмтылатынбыз. Ырза болған шалдар қолымызды жібермей ұстап алып тергей жөнелетін: «Кімнің баласысың, қай елсің, атың кім, нағашың кім, не істеп жүрсің, нешінші оқисың, әкең үйде ме?». Қойшы, әйтеуір кішігірім сынақтан өткізетін. Үйге үлкендер жиналып, дастарқанға ас келер уақытта мойнымызға сүлгі іліп, қолымызға леген ұстатып қол жудыртуға жібереді.
Сонда ақсақалдар мен әжелеріміздің батасын да аламыз, алғысына да ие боламыз, амандасып та үлгереміз. Кейін есейіп, қалада жоғары оқу орнында оқып жүріп ауылға демалысқа келгенде әке-шешеміз үйде отырғызбайтын.
«Бар анау атаңа, мына шешеңе сәлем бер, жақында келіні босанған, құтты болсын айт, бәленшесі қайтыс болған, көңіл айт», деп. Сәлем бергеннен бұрын көңілді қалай айту керек екенін ойланасың, «құтты болсында» не деу керек екенін толғанасың.
Оқымаса да табиғаты таза, парасаты биік әке-шешелеріміздің қазақы тәрбиесі осындай болатын.
Сол тәрбие мен үлгіні ауыл демей, қала демей қайта жаңғыртар ма еді, қазақ қайда жүрсе де қазақ қой. Себебі «здраствуй» дейтін, тіл мен дәстүрді сыйламайтын, білмейтін дүбәра ұрпақ өсіп келе жатыр қазір. Дегенмен, амандасудың негізгі тәртібі мен үлгісі төмендегіге сайса деген ұсынысымызды да айта кетуді жөн көрдік:
Әлқисса, кіріп келген адам бірінші сәлем беруі керек. Үйде адам болсын, болмасын, табалдырықтан аттағанда шаңыраққа сәлемдесу де игі дәстүр.
Жалғыз адам көпке сәлем жасауы керек. Мүмкіндігіне қарай содан кейін жеке-жеке қол алысуға болады. Топта тұрған адамдарға жағалай сәлем бергенде бейтанысқа да қол ұсынған ләзім.
Жасы кіші үлкенге бірінші сәлем беруі керек. Ал жастары шамаластардың әр қайсысы бұрын сәлемдесуге ұмтылуы қажет. Пайғамбардың хадисінде «бұрын сәлем бергенге сауап көп» деген тәмсіл бар.
Сәлеміңді бұлдама. Өкпелескен адамыңа да сәлем бер, немесе сәлемін ал. Берген сәлеміңді алмаған кісі дұшпандық ниеттегі адам немесе өркөкірек, жөн білмейтін жан.
Берілген сәлемді жауапсыз қалдырма. Бірде ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринге ауылдағы бір кедей иіліп сәлем беріпті. Ұстаз оған одан әрі бүгіліп ізет білдірсе керек. Сол кезде жанында тұрған адам «неге сонша иілдіңіз, сәлем бермесеңіз де ол байғұс өкпелемейді ғой», дейді. Сонда ағартушы бабамыз «берілген сәлемге дұрыстап жауап бермесем менің оқығаным қайсы, алған тәрбием қайда. Қарапайым, сауатсыз адамнан адамгершілігімнің төмен болғаны ғой» депті.
Қанша реніште отырсаң да өзіңнің қызметкеріңнің, я кірген адамның сәлемін ал, дұрыс сәлемдес. Осының өзі екі жақты түсіністіктің орнауына мұрындық болмай ма ?
Халық жиналған аудиторияға кірген лектор немесе лауазым иесі жұртшылықпен міндетті түрде бас иіп, дауыстап сәлемдесуі керек. Ондайда адамдар орнына тұрады, я болмаса қол шапалақтап жауап береді.
Қалың базарда, топырлаған тойда елдің бәрімен жеке-жеке сәлемдесу мүмкін емес. Мұндайда жазылмаған заң, ескірмейтін этикет бар. Ең әуелі, жүзіңді жылы ұста, таныстарға күлімсіреп бас изе, иек қақ, қол бұлға.
Сәлемдесудің таза ұлттық, ескіден келе жатқан жоралғылары:
Төс қағысу. Көбінесе ер адамдар қолданады. Құшақтарын ашып, қол ұстасып тұрып ерсілі-қарсылы төс қағыстырады.
Құшақтасу. Көбінесе әйелдер осылайша сағыныштарын басады, беттерін тигізіп қуаныштарын білдіреді.
Сүйісу. Сәлемдесудің бұл түрін ата-бабаларымыз аса көп қолдана қоймаған. Үлкендер баласының бетінен сүйген, маңдайынан иіскеген. Ертеде үлкен әжелеріміз сәлем берген қолымыздың сыртынан сүйетін.
Көрші үйде, тіпті бір үйде тұрсаң да әке-шешеңмен, ата-енеңмен күнде барып арнайы сәлемдес, хал-жағдайларын сұра. Олар сені тосып отырады, бармай қалсаң, балаша өкпелейді.
Жас келіндер ата-енесіне, үлкендерге иіліп сәлем салған, алдарынан кесіп өтпеген. Мұндайда сәлемін ілтипатпен қош алып батасын берген, өркенің өссін деп ақ тілектерін арнаған.
Иә, білген адамға өмірдің қуанышы мен бақытын сыйлаудың бір жолы шын ниетпен амандасу болса керек.
Әмсе бәріміз де аман болайық ағайын! Сәлеміміз түзу болсын!
Ертай Жәнібеков,
зейнеткер, «Ұлағат» Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі
Қарағанды облысы,
Шет ауданы