Тарих • 21 Мамыр, 2020

Керей ханға кесене тұрғызсақ - өлкетанушы

934 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемде туризм саласын жан-жақты дамытып, негізгі күн-көрісті табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер аз емес. Басқаны былай қойғанда, соңғы жылдары «жоқтан бар жасап отырған» көршілес қырғыз елінің Ыстықкөл жағалауы жасарып, түлеп келе жатқандай көрінеді.

Керей ханға кесене тұрғызсақ - өлкетанушы

Ал Бішкектен Тоқмақ қала­сына шығатын күре жолдағы «Га­вай аралдары» кереметтей дема­лыс орындарына айналып, өзі­міз­дің Алматы мен Нұр-Сұлтан қа­лаларындағы жастар көптеп келуде... Осыған байланысты көптен бері толғандырып жүрген ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Киелі Шу өңірінің та­биғаты көркем, даласы дарқан, ел-жұртына бақ-береке мен ырыс сый­лаған құтты мекен екендігі ел-жұрт­қа белгілі. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қам­тыған Мойынқұм алқабының құм­ды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, ор­талық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хан­тау, Аңы­рақай таулары мен Жу­сан­­дала үстіртті даласы алып жатыр.

Шу өңірінің еліміздің шежі­ре­сінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хан­дығының, яғни мемлекет­тігі­міздің іргетасының қалану кезе­ңіне тұспа-тұс келеді.

2

Керей ханның таққа отыр­ған жері Мойынқұм ауданының Хантауы екендігі шындық. Өйт­кені сол аймақта «Хан тақтары», «Хан қорасы», «Ханның жолы» сияқты жерлердің барлығымен қоса, таудың Хантауы аталуының өзі растап тұрған жоқ па?! «Жам­был облысы топономикалық атау­ларының анықтамалығы» кі­та­бының 230-бетінде: «Хан­тау, мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер бол­ған соң айтылады. Ол тау­дың басында немесе баурайын­да халық Керей мен Жәнібек сұл­танды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқ­­саса, Сұңқар шоқысының ту сыр­­­тында тұрған Көкшоқы мен Қы­зылшоқы қозының екі құла­ғына ұқсайды». Расында да, Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде Бәйдібек ауылынан өткеннен кейін ашық күндері оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік шығыстағы Хантауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқысының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ анық байқалады.

2015 жылы наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар тарихшы ұстазбен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкім­ді­гінің қолдауымен автокеруе­н ұйы­мдастырғанбыз. Сапар ба­рысында Хантау стансасынан 20-25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үлкен Хантағы», «Кі­ші Хантағы», «Бала Тағымен» таныстық. Даңқты шопан, Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал мен жол көрсетуші Ғалым Құр­манғалиұлының айтуына қара­ғанда, Хан Тағылардың ұшар басында хандар жан-жақтарын шолып, ақылгөй кеңесшілерімен ақылдасып, мінбер ретінде пайдаланып, көпшілікпен жиын өткізіп тұрған. Шу ауданының Далақайнар ауылынан 10 шақырымдай жерде 4-5 қарауыл төбелер орын тепкен және солтүстік бағыттағы 50 шақырымдай жерде Хантауының түс­тігіндегі Сұңқар маңында 5 тө­бешік анық көрінеді. Жау әс­кер­лері көріне бастағаннан-ақ, алғашқы қарауыл төбелерде және Сұңқардағы төбелерде жағылған оттарды көріп, 30 шақырымдай қа­шықтықтағы Хан тағындағылар қарулы жасақтарын дайындай бас­тағаны анық. Ал үш жағынан текпішекпен көтерілетіндей қашап жасалған «Хан қорасын» жаз жай­лауында ел-жұртының басын қосып, қарасын көбейту үшін аса қолайлы орын болғандықтан Керей ханның пайдаланғаны айтпаса да түсінікті. Аңыз дерегі бойынша Жошының баласының өліміне байланысты «Ақсақ құлан» күйінің шығуына себепкер болған ордың да ізі сайрап жатыр. Жошы хан да көп тұрақтамай терістікке бет алып, кейінірек Арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене де тұрғызылғаны бесенеден белгілі. Он шақты айтулы ғалымдардың редакциялық кең­есімен 2006 жылы жарыққа шық­қан «Тарих Ата Қазақ хан­дығы» кітабының 20-бетінде:  «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. 1465-1466 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келді десе, оны растағандай марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал көрікті жерлердің бірі – Хантауының бау­райындағы Теректі өзенінің бойына алғашқы қазақ ханының жерленгендігін айтып кетіп еді. 1480 жылдары Жәнібек хан қай­тыс болған соң Керейұлы Бұ­рындық хан «Бала тағына» келіп таққа отыру рәсімін атап өтуі әбден мүмкін. 2015 жылы Қазақ хан­дығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында Жамбыл облысының сол кездегі әкімі К.Кө­кі­рекбаевқа хат жазып, игі ша­раны киелі Шу өңірінде бас­тап, Хантауының баурайындағы Те­ректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын қозғағанмын. Сондай-ақ «Хан тақтары» мен «Хан қорасы» жолдарын қалыпқа келтіру жайын айтқан едім. Өкініштісі дүбірлі той 400 шақырымдай қашықтықтағы Тараз қаласында өтті. Сөйтіп, мем­ле­кетіміздің алтын бесігі атан­ған Хантауындағы қасиетті мекендер Қазақстанда белгіленген 100 киелі орындар тізімінен де сыртқары қалып қойды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де қолға алуға болатыны анық. Өткен жылдан бастап «Мерке – Бурылбайтал» халықаралық автожолының құ­рылысы басталып кетті. Осы күре-жол «Хан тақтарынан» небәрі 6-7 шақырым, ал «Хан қора­сынан» 10 шақырымдай қашықтықтан ғана өтетінін ескер­сек, табиғатымыздың өзі тарту еткен баға жетпес құнды дүние­лерді қазақстандықтар тұр­мақ, шетелдік қонақтардың тамашалауына да мүмкіндік туғызған болар едік... Президент Қ.Тоқаев 2019 жылғы 3 қыркүйекте халыққа арнаған Жол­дауында: «...Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету қажет» деп, баса айтқан еді. Әрине, бұндай халқымыздың мәртебесін көтеретін игі шараны облысымыздың әкімі Б. Сапар­баев та қолдап, күрежолмен қиы­лысатын көрікті Теректі өзенінің бойынан қазақтың алғашқы ханы Керейге кесене тұрғызып, «Хан тағылар» мен «Хан қорасындай» қасиетті мекендерді еліміздегі киелі орындардың қатарына енгізуге атсалысатын шығар деген үміттемін.

 

Мәкен Уақтегі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Шу ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы