Қоғам • 21 Мамыр, 2020

Қазақстан трансшекаралық өзендер мәселесінде қиындық көруде

937 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Трансшекаралық өзен-сулардың тағдыры бүтін бір мемлекеттердің жанайқайына айнала бастады. Сардоба оқиғасы содан хабар беретіндей. Тіпті, суға талас мәселесі көрші елдердің қыр көрсететін «көзіріне» айналып бара жатқандай. Оның зардабын Азия мен Еуропаның тоғысында орналасқан Қазақстан тартып отыр. Ортақ байлықтан өз үлесімізді талап етіп белдесе түссек, беліміз бүгілмес еді, әйтсе де әлдебір себептермен тізгін тартуға мәжбүрміз. Әзірге Қазақстанның көрші елдермен арасында су мәселесінде бөлінбеген еншісі көп.

Қазақстан трансшекаралық өзендер мәселесінде қиындық көруде

Суретті түсірген Ерболат Шадрахов

Балқаштың айдыны тарылып барады

Судың да сіңетін жерін есептейтін байырғы қазақтың қалпы бұзылғалы қашан! Қазір суға қарық болып отырғаны­мыз­бен, еліміздің су қайнарының денін ұстайтын ірі өзен мен дариялар шекара асып келеді. Көрші елдердің тарих бойы жүлгесін бұзбаған тіршілік көзін пұлдап, табыс табу үшін қитұрқы әрекетке барып отырғанын көріп жүрміз. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық эконо­микалық одақ құрамындағы елдер осы тұрғыдағы жұмыстарды реттеп, су пайдаланудың ортақ келісіміне келе алмауда. Мүмкін бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқан да шығар, бірақ нақты шешімді әлі күнге естіген жоқпыз.

Әрине, суды «көзір» ретінде пайдалану әр елдің геосаяси орны үшін тиімді. Алайда көп жағдайда адамзаттың өмірі мен экологияның тұрақтылығы ескерілмеуде. Мемлекеттер территориясын көлбей өткен дарияларды мүмкіндігінше пайдаға асыруда. Тоспа салып, су бөгеп, электр қуатын өндіруге тырысады.

Өзен-көлдің де тірі ағза екенін ұмытпа­ғанымыз жөн. Адам денесінің 80 пайызы судан тұратыны секілді, табиғаттың да 80 пайызы су арқылы тұтастығын сақтайды. Егер Жер шарының бір бөлі­гінде тепе-теңдік бұзылса, екінші тұсы да бүлінеді. Сырдария мен Әмударияның суын мөлшерден тыс мақта өндірісіне пай­даланудың салдары Арал қасіретін туындатқанын білеміз. Ал жеті өзен өрнектеген Жетісудың бір күні құлазып қалатынын ескерген ел жоқ. Өзіміз білетін Балқаш көлінің арнасы жыл сайын тарыла түсуде. Ғалымдардың болжамынша, Балқаштың деңгейі енді бірнеше метр төмендесе, құм сипап қалуымыз кәдік. Көкше теңіз айдыны қайраңға айналса, салдарынан Жетісудан Қытайдың Тарым ойпатына дейінгі алқап шөлейтке айналары айтпаса да белгілі. Өйткені Балқаштың үстінен соққан жел Тарымға жетіп тоқ­тайды. Бүгінде көл бетінен көтерілген буды ұшырып жатқан жел ертең тұзды ұшырады деген сөз. Сондықтан көрші елдермен трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп тиімді пайдаланып, табиғатқа келер қауіпті ертерек сейілткен абзал. Экология саласында өнімді жұмыстар атқарып жүрген білікті маман Қажет Андас жарты ғасырдан кейін жер бетін су басу қаупі барын айтады.

– Бүгінде өлкеміздегі өзен-көлдердің суы азаюының көптеген себебі бар. Оның ең бастысы – орман белдеулерінің оталуы. Расында, қираған ормандардың есебінен үйіміздің ішін әлем-жәлем жи­һазға толтырғанымызбен, даламызды қаңыратып тастадық. Табиғи бұлақ көздері сарқылған соң қаңсыған табиғат өзіне қажет суды мұздықтардан ала бастады. Тынық мұхитының жылынуы салдарынан тарихта қар жаумаған жерге қар жауып, төрт маусымы тең түскен өңірлерге ала жаздай жаңбыр тамбайтын болды. Оның үстіне, Солтүстік мұзды мұхит мұздықтарының еруі мұхиттардағы су деңгейін көтерді. Бүгінгі зерттеу нәти­желеріне сенсек, жағдай осылай жалғаса берсе, 2075 жылы қара жердің біраз бөлігі су астында қалатыны анық, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, енді үлкен қақтығыстар мұнай үшін емес, су үшін болуы ықтимал. Қазір мұнайдың қадірі кетіп бара жатқаны белгілі. Ал біздегі судың қоры аз. Дәл бүгінгідей жалғаса бере­тін болса, Балқаш көлінің үштің бірі ғана қалуы ғажап емес. Жайықтың үстінде тұрған Ресей қалаларының белсенді жұ­мыс істеуі де қорқыныш тудырады.

 

Қалжыраған Қара Ертіс

Су мәселесіндегі толғақты жағдай – трансшекаралық өзен-суларды тиімді пайдалануға саяды. Осы мақсатта еліміз көршілес жатқан мемлекеттермен су ресурстарын бірлесе пайдалану жөнінде ынтымақтастық келісімшарттарға қол қойып, соған сай байыпты шараларды қолға алғаны анық. Бірақ жағдай біз ойла­ғандай болмай тұр. Әсіресе экономикасы қарыштап дамып, демографиялық ахуалы әлемді алаңдатып тұрған Қытай елінің ішкі өзен-көлдер мен суқоймаларды пайдалану үрдісі шығыстан елімізге ағып кіретін өзендердің тынысын тарылта бас­тады.

Эколог-ғалымдардың дәлеліне жү­гінсек, Қытайдың су пайдаланудағы өрескел ұстанымы әлемдік жылынудың салдарынан туындап отыр. Егер әлемдік жылыну осы қарқынмен жалғасса, Гима­лай тауындағы мұздықтар еріп, тұтас Қытайды сумен қамтамасыз етіп отырған екі өзеннің арнасы мүлдем құрғап қалуы мүмкін. Осыны ескерген көршіміз ішкі өзен-көлдерді бөгеп, суқоймалар мен айнал­малы суағарлар жасап, келешектің қамына кірісуде. Олардың болашақтың қамы үшін қолға алған стратегиясы біздің елге қауіп төндіріп тұр. Әріге бармай-ақ қоялық, Қапшағай суқоймасының деңгейін көріп, жүрегің ауырады. Арнасы тартылып, құрғап жатқан өзеншелердің қатары жыл өткен сайын көбейіп бара жатқаны тағы бар. Сарапшы мұндай жағдай көрші Өзбекстан елінде де орын алып жатқанын тілге тиек етті.

– Сол қатердің алдын алу үшін Елба­сы Н.Назарбаевтың бастамасымен Көксарай суқоймасын салып, Оңтүс­тіктегі өңірлердің су тапшылығын азайт­тық. Алайда кейінгі кездері басқа да ке­леңсіздіктер орын ала бастады. Өзбекстан­нан Қазақстанға кіретін өзендердің лас­тану деңгейі жоғары. Оған Сыр өзені суының егістікті суаруға жарамайтын дең­гейде ластанғаны дәлел бола алады. Қырғыздан кіретін Шу өзенінің де жағ­дайы жайлы ғалымдар дабыл қаға бас­тады. Іле мен Шудың су көлемінің азаюы, ластануы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бүлдіреді. Оның зардабы Жетісу жеріндегі бай табиғатқа тиеді. Сондықтан суға қатысты көршілес елдер арасындағы келісімдер қайта қаралуы керек сияқты, – дейді Қ.Андас.

Қытай үкіметі шекаралық аймақта орналасқан кіші және үлкен суқоймаларда өмір сүретін бағалы балық және тамаққа пайдаланатын омыртқасыз су жәндіктерін өсіретін шаруашылықтарды дамытуға күш салып жатыр. Сарапшылар бұл екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің және жерасты суларының ластануына және азаюына соқтыратынын айтады. Ел азаматтары оның бір ұшы бізге келіп тиетінін мегзеп, дабыл қаққан-ды. Өйткені Іле мен Қара Ертіс Қытай иелігіндегі қо­ныстардан бастау алады. Егер аталған өзендердің табиғи жағдайы бүлінсе, жерасты суын ластайды. Мұның Жоңғар Алатауының арғы бетінен бергі бетке ағып шығып, Балқаш көліне құятын Көксу, Қаратал, Сарқан өзендеріне залалы тиюі әбден мүмкін.

Биология ғылымдарының докторы Жамбыл Жолдыбаев судың экологиядан гөрі экономикалық мәселесіне мән бергенімізді жөн санайды.

– Жасыратыны жоқ, көрші мемле­кеттердің экономикасы қарқынды дамуда. Өндіріске су молынан қажет. Сон­дықтан трансшекаралық өзендер біраз бөгелуде. Елімізде экономикаға қажет судың 60 пайызы ғана бар. Әр мемлекет өзендерді қажетінше пайдаланып, келесі елге жібереді. Яғни таза күйінде өтпейді деген сөз. Трансшекаралық судың сапасын, көлемін тексеру қажет. Біз сол жағынан кемшін түсіп жатырмыз. Бұл гидрологиялық бекеттердің жұмысы. Қа­зір су сапасын тексеретін 300-ге жуық бе­кет бар. Біздің осалдығымыз сол, өзге­лерден артылған суды кешіп жүрміз, – дейді ол.

Әдетте, халқымыздың асыл қасиеттері жайлы «Судың тұнығы, шөптің шүйгінін қуалап өскен», дейміз. Бірақ сол тіркестің төркініне дендей бермейтініміз анық. Егер ескі тарихтың бетін парақтап отырсаңыз, бабаларымыз жүргізген қанды жорықтың бәрі өзен, дариялардың бастауы үшін болғанын білеміз. Ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлылар да, түркілер де, кейінгі қарлұқ, түркеш дәуірінде де осы үрдіс сақталды.

Шыңғыс хан империясының Ертіс өзенінің, Алтын Орданың Еділ мен Жа­йықтың, Қазақ хандығының Шу мен Таластың бойында құрылғаны көп жайды аңғартады. Абылай хан мен Қабанбай бастаған қазақ жасауылдары Ертіс пен Іленің, Шу мен Таластың, Сыр мен Әмуда­рияның басын қайтарып алып, тізгін тартқанын бәріміз білеміз. Ал бүгінде Орталық Азияда трансшекаралық өзендер деген атау қалыптасты. Оның нәтижесі кешегі Арал теңізінің тартылуы сияқты ауыр қасіретті адамзат баласына енші етті. Бұл бүгінгі таңдағы ең өткір әрі кеңесіп шешетін келелі мәселе.

Айталық, екі елдің шекарасына жақын салынатын суқоймалар мен АЭС сияқты стратегиялық нысандарды салуға қатысты арнайы заң жоқ. Бәрі сөз жүзінде іске асуда. Кезінде сарапшылар Сардоба суқой­масының сапасыз және халықаралық келі­сімсіз салынғанын ескерткен болатын. Бір ауылды түгелдей шайып кеткен Қы­зылағаш суқоймасынан да үлкен Шардара су қоймасы мен Көксарай суқой­масын салыстыра отырып, көктемде техногендік апат тудыру қаупі зор екен­дігін жеткізген. Тіпті, Үкіметке ұсыныс хат та жолдады. Бірақ жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Бұл апатқа өзбек халқы өз билігінің жемқорлығы мен біліксіздігі кінәлі деп санайды. Әрине, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Десе де, қарапайым халықтың көз жасын қайда қоясыз. Сардоба оқиғасы ендігі амалымызға сабақ болса игі еді.

Біз осыған дейін «адам баласы ғылым мен техниканың құлағында ойнайды» деп сеніп келдік. Төрт айдан бергі індет үйімізге тығып тастағанда есімізді жия бастадық. Табиғатты бүлдіріп, адам өмі­рін қауіпке қалдырғаннан өзгеге әліміз жетпейтінін анық ұғындырды. Ал тіршілік нәрінің қадірін түсініп, осы мәселені тезірек реттемесек, судан шық­қан шудың зардабы одан да зор болуы мүмкін.