Білім • 21 Мамыр, 2020

Пандемия кезінде аттестат тапсыру рәсімі қалай өткізіледі?

1315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылмайды. Бірақ аттестаттарды тапсыру рәсімі өткізіледі. Оның уақыты да жылдағыдан өзгертіліп, маусымның 3-4 күндеріне белгіленді. Ал пандемия кезінде аттестат тапсыру рәсімі қалай өткізіледі?

Пандемия кезінде аттестат тапсыру рәсімі қалай өткізіледі?

Білім және ғылым министрлігі осыған орай арнайы «Birgemiz: ТҮЛЕК-2020» атты мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің тұжырымдамасын әзірледі. Аталған тұжырымдамаға сәйкес іс-шара мектеп аумағында, ашық алаңда өткізіледі. Шара әр сынып үшін бөлек ұйымдастырылуы қажет. Ал әр сынып рәсімінің уақыт аралығы 20 минуттан кем болмағаны жөн. Түлектер аттестат тапсыру шарасына мектеп формасында қатысуы қажет. Рәсімге әрбір түлекпен 1 немесе 2 ата-ана ғана қатыса алады, одан көп болмауы керек. Сонымен қатар санитарлық талаптар мен адамдар арасындағы арақашықтық сақталып, шараға қатысушылардың барлығы маска тағуы тиіс.

Бұдан бөлек жауапты ведомство мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің тұжырымдамасында жол берілмейтін жағдайлар да анық көрсетілген. Тұжырымдамада белгіленген талаптарға сай мектеп немесе педагогтерге сыйлық алу үшін ақша жинауға; ивент-агенттіктерді, яғни мерекелік шаралардың ұйымдастырушыларын тартып, аниматорларды шақыруға; мерекелік дастархан жасап, салтанатты түрде өткізуге; автокөліктерді жалға алып, қала ішінде экскурсия (шеру) жасауға; мейрамхана, дәмхана және көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға болмайды.