07 Сәуір, 2010

СЕНІМГЕ КІРІП, ЖЕР СОҚТЫРҒАН

653 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Аса дәулетті кәсіпкердің зәулім үйіне күтуші болып жұмысқа орналасқан отыз бір жастағы Зейнеш бір қарағанда сыртқы сымбатымен ғана емес, әдеп­ті­лігімен де көз тартатын. Мінезі өте салмақты, өзіне тапсырылған жұмысты ұқыпты атқаратын қызметші бірден үй иелерінің көңі­лінен шыққан еді. Өзбекстаннан жұмыс іздеп келген жас келін­шектің өз елінде екі баласы және қарт анасы бар екенін естіген ақ­жарқын жандар оған тіпті аяу­шылық білдіріп, мың жылғы та­ныс­тарындай құлай сенген. Сондықтан да, кез-келген уақытта ерлі-зайыптылар өз баспаналарына бөтен әйелді қалдырып кете бер­генді әдетке айналдырған болатын. Өкінішке орай, үй жұмысымен айналысатын әйел екіжүзділігімен қоса, баукеспе ұры болып шықты және оның бұл “кәсіпті” мең­гергеніне де бірқатар уақыт өтіпті. “Байлар да жылайды” демекші, талай дәулеттілердің есігіне именіп кіріп, ал, кетерінде оларды қымбат дүниесінен жұрдай етіп, жыларман жағдайда қалдырып зым-зия жоғалатын Зейнеш, бұл жолы да сол сүйікті “әдетіне” басады. Бес ай жұмыс істеп, жақұт жүзіктен бастап, құнды ішіктердің, “көк” қағаздардың қайда жасырылғанын жіті бақылап жүріп, анықтаған Зейнеш өз “операциясын” сөйтіп сәтті аяқтаған. Екі бірдей құндыз ішікті, қымбат бағалы алтын бұйымдарды және өзге де қымбат дүниелерді қолтығына қысып, қарасын мүлдем үзуге ниеттенген ұры келіншек бәрібір алысқа ұзай алмады. Ал­маты қаласындағы Жетісу аудандық ішкі істер департаменті бас­ты­ғының орынбасары Денис Лос­ку­тов­тың айтуынша, күдікті тоналған заттарды сатып тұрған кезінде ұсталған. Өзбекстан азаматшасы осыған дейін бес рет осындай сипаттағы қылмысқа барып, өзгелердің дүние-мүлкін тонағанын ашық айтып, мойындаған. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.