Жалпы облыстағы жолдың ұзындығы 3000 шақырымнан асады. Оның ішінде 1120 шақырым жол республикалық маңызға ие болса, жергілікті бағынысқа 1927 шақырым жол қарайды. Былтыр көлік инфрақұрылымын дамытуға 39,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 37 елді мекендегі 230 шақырым жол салынды. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасындағы маңызды жоба – «Атырау-Астрахань» халықаралық автокөлік жолы қалпына келтірілді. Алайда бүгінгі экономикалық жағдай біраз өзгеріске себеп болып отыр.
– Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Жобаларды жүзеге асыруға қаржы жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан алдымен басты міндеттерге, аудандардың қажеттілігіне, жолдың жағдайын жете зерделеуге назар аудару қажет. Осындай қажеттілікке байланысты жоспар жасалғаны жөн. Бізге көлік инфрақұрылымын дамытудың нақты мерзімі мен басты бағыттары керек, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Әкімнің пікірінше, жобаны іске асырудың барлық механизмін есепке алу керек. Ал атқарылған жұмыстардың сапасына қатысты айтылатын сын да бар. Өйткені кейбір жағдайлардан технологияны сақтамау, пайдаланылған материалдар мен өндірістік процестердің сапасына толыққанды бақылаудың жоқтығы байқалады. Дегенмен, Атырау облысындағы жақсы жолдың үлесі – 57 пайыз. Енді бұл көрсеткішті 2025 жылы 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Биыл өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 422 шақырым жолды қайта жаңғыртуға 34 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, қайта жаңғыртылатын жобалар қатарына «Қандыағаш – Мақат» және «Атырау – Астрахань» бағытындағы жол құрылысы кіреді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған «Қандыағаш – Мақат» тасжолының 145 шақырымында қозғалысты жыл соңында ашу жоспарлануда.
Ал ұзындығы 277 шақырымды құрайтын «Атырау – Астрахань» (Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі) жол учаскесінде ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.
– Былтыр жергілікті 37 елді мекенде 230 шақырым жол жөнделді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 9 млрд, ал жергілікті бюджеттен 30,2 млрд, барлығы 39,2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың жағдайы 57 пайызға жетті. Жалпы 2020 жылға жол құрылыс жұмыстарына 41,1 млрд теңге бөлінген. Оның 26,4 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 14,7 млрд теңге – жергілікті бюджеттен қарастырылды. Оған 180 шақырымға жуық жергілікті маңыздағы қала және ауылішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарға 4500 адамды тарту көзделуде, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Рас, Атырау облысында республикалық деңгейдегі жолдарда қайта жаңғырту, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, жол бойында кездесетін кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары жыл басынан бері бұл жұмыстың сапасын, құрылыс материалдарын тексеріп, 27 түрлі кемшілікті анықтады. Облыстық филиал директорының міндетін атқарушы Жантас Шәріповтің айтуынша, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомобиль жолын қайта жаңғырту, «Атырау-Орал» және «Доссор-Құлсары-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу, сондай-ақ кепілдікте тұрған нысандарда 181 тексеріс ұйымдастырылыпты.
– Тексеру нәтижесінде 27 ақау анықталды. Мәселен, «Атырау-Орал» жолын күтіп-ұстауда, яғни жарылған бөліктеріне шайыр құю кезінде кемшіліктерге жол берілген. Сондай-ақ «Атырау-Орал» және «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» бағытындағы кепілдікте тұрған жолды түнгі уақытта жарықтандыру, «Доссор-Құлсары» жолындағы орташа жөндеу жұмыстарында да кемшіліктің бары белгілі болды. Аталған ақауларды уақтылы жою үшін тапсырыс беруші мекеме мен мердігерлерге хат жолданды, – дейді Ж.Шәріпов.
Орталық мамандары биылғы І тоқсанда жолдарда жүргізілген тексерісте 101 рет сынама алған екен. Зертханада қолданыстағы қиыршықтас, құм, шайыр, малта тас аралас құмды қоспа, цементті бетон, битум, ұсақ қалдықтардың сапасын тексеру барысында сәйкессіздіктің бір дерегі анықталып отыр. Бұл – «Доссор-Құлсары» жолындағы орташа жөндеу жұмыстарына пайдаланылған материал.
Жол салудағы кемшілікке қатысты тағы бір деректі айтар болсақ, Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесінде ескі жолдың қалдықтары жиналмай, үстіне жаңа асфальт төселіпті. Мұны «Атырауинжстрой» ЖШС мамандары жасаған. Бұл автомобиль жолының сапасын кәсіби зертханалық жабдықтар арқылы тексеру арқылы анықталып отыр. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының мамандары сапаны бақылау үшін автокөлік жолын пайдалануға тапсырғаннан кейін асфальтбетонды жабынның жоғарғы қабатынан керн деп аталатын сынама алған. Бір жерден үш кесу арқылы бірнеше керн сериясы жасалды. Керн асфальттың барлық қалыңдығынан алынып, оның ұзындығы 30 см-ді құрауы тиіс. Мониторинг барысында 26, 26,5 және 23 см болатын үш керн алынып, жаңа асфальт салу бөлігінде асфальттау нормаларын бұзып, ескі асфальт бетіне салынғаны анықталды. Демек, мердігер «Атырауинжстрой» ЖШС асфальт төсемін салу кезінде үстіңгі бетін дайындау талаптарын бұзған.
Сондай-ақ керннің суға қанығу коэффициентін тексеруде қоспаны тығыздау коэффициенті анықталды. Жолдың ені, еңісі, ұзындығы секілді геометриялық параметрлері бағаланды. Орталық мамандары сараптама қорытындысымен сынақ хаттамасына сәйкес, керндердің асфальттау нормаларының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім шығарды. Анықталған бұзушылықтар бойынша мердігерлер мен мемлекеттік органға анықталған кемшіліктерді жою мерзімдері мен тәсілдері көрсетілген нұсқамалар берілді. Қазір мердігер анықталған бұзушылықтармен келісіп отыр.
Жақында Махамбет ауданында Жайық өзенінің үстінен 2018 жылы пайдалануға берілген көпірдің бүлінген тұстары байқалып қалды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, бұл нөсер жауынның кесірінен болған көрінеді. Әрине бұл таңданыс тудырмай қоймайды. Күніне үстінен бірнеше көлік өтеді деп жоспарланған көпірдің құрылысы сапалы салынған ба?
– Жайық өзенінің Жалғансай ауылы тұсынан салынған көпірдің ұзындығы – 8030 метр. Нөсер жауынның кесірінен аталған көпірдің жаяу жүргінші жолы аумағында асфальт жабындысы тесіліп, көлшік пайда болды. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына дереу хабарланды. Көпір құрылысын жүргізген бас мердігер – «Атырауинжстрой» ЖШС-нің мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Бас мердігер қысқа мерзімде бес жылдық кепілдемесіне сәйкес ақаулықты қалыпқа келтіретін болады, – деп ақпарат таратты Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Міне, Атыраудағы жолда да, көпірде де анықталған кемшіліктердің бір парасы осындай. Кемшіліктер жолды да, көпірді де салған бір мердігердің жұмысынан байқалып отыр. Бірақ көпірдің бүлінгенін табиғаттың құбылысына аудара салу ақылға қонымды бола ма?!
Әрине кемшіліктер түзетілері даусыз. Алайда жұрт жадынан қапелімде ұмытыла қоюы қиын. Өйткені тұрғындар көңілінде енді жол мен көпірдің сапасына қатысты сенімсіздік туындаса ше? Ал сенімге түскен селкеуді нөсер жаңбырмен жуып-шаю мүмкін емес.
Атырау облысы