Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасының күрт көтерілуі мен қардың қарқынды еруіне байланысты жол негізі шамадан тыс ылғалданып, жол жамылғысында ойықтар пайда болған. Осыған байланысты жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы қиындаған. Қауіпсіздік мақсатында «Тимирязево – Сарыкөл – Қостанай облысының шекарасы» автожолының 0-30 шақырым аралығында (Тимирязево ауылы – Қостанай облысының шекарасы) жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Сонымен қатар, Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы» автожолында («Қалқаман» жол айырығы маңы) көпір құрылымының зақымдануына байланысты қозғалыс шектелген. Бұл учаске Қалқаман ауылына кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жолды қамтиды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында күрделі таулы аймаққа байланысты Осинов асуында қыс мезгілінде (2024-2025 жж.) жүк көліктеріне, әсіресе тіркемесі бар көліктерге шектеу қойылған. Бұл шектеу 46-66 шақырым аралығында (Северный ауылына бұрылыс – Серебрянск қаласына бұрылыс) әрекет етеді.
Синоптиктердің болжамынша, 24-26 наурыз аралығында Қазақстанның оңтүстігінде ауа температурасы +28 градусқа дейін көтеріледі. Жалпы республика бойынша тұман күтіледі, ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде көктайғақ сақталады.