Кино • 22 Мамыр, 2020

Нәзира Рахманқызы: Кино арқылы сананы билеуге болады

3014 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Өткен ғасыр еншісіне тиесілі «Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино!» деген қағида әлі күнге өзектілігін жоя қойған жоқ. Қайта кино өнерінің рөлі күн өткен сайын арта түсіп, жаңаша сипатқа ие болуда. Экрандық туындылар бүгінде әр елдің идеологиялық қуатты құралына айналды десек, артық айтқандық емес. Бұл ретте мамандар қазақ ұлттық кино өнерінің қазіргі бағыт-бағдары мен келешегі туралы не айтады? Болашақ жас кинематографистердің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, мамандарды ұлттық рухта тәрбиелеу үшін не істеу керек? Қазіргі мәдени-идеологиялық майданда қазақ киносы қаншалықты қауқарлы? Бүгінгі әңгімеде белгілі кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ осы және жас буынды кино өнеріне баулудың басқа да сан-сапат ерекшеліктері туралы баяндайды.

Нәзира Рахманқызы: Кино арқылы сананы билеуге болады

– Жақында Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино өнері және телевизия» факультеті сту­денттерінің курстық фильм­дерінен онлайн-байқаудың жа­бы­лу рәсімі өтті. Әңгімемізді осы жобадан бастасақ.

– Мұндай байқаулар универ­ситетімізде жыл сайын өтіп тұ­ра­ды. Әбден қалыптасқан үр­діс десек болады. Өйткені бай­қау болашақ киногерлердің аяқ алысын, қуантарлық тұстары мен әттеген-айларын зерттеп-зерделеу­ге мүмкіндік береді. Кез келген өнер иесі секілді болашақ кинематографист те шәкірт кезіндегі еңбектері арқылы тәжірибе жинайды, өседі, ой-өрісін жетілдіреді. Сондықтан студенттің университет қабырғасындағы фильмін ертең оны үлкен киноға алып келетін ішкі үні, бояуы, сезімі, ой-толғамдары, кинематографиялық стилі деп қабылдауымыз керек. Яғни мұн­дай жұмыстарды студенттің бола­шақ кинобағдарламасы деуге толық негіз бар.

– Жастардың фильмі несімен ерекшеленеді?

– Байқауда 30 фильм­мен таныстық. Олардың 21-і – көр­кем­суретті, 5-еуі – деректі, 4-еуі – ани­ма­циялық фильм. Әрине арасында үздіктері де, көркемдік деңгейі төмен­дері де болды. Дегенмен, сәт­ті шыққан дүниелердің басы­мырақ түскенін айтқым келеді. Жалпы, университетімізде кино мамандарын даярлау ісі 2010 жылдан бастап қолға алынған болатын. Осы он жыл ішінде әжептәуір тәжірибе жинақталды деп ойлаймын. Студенттеріміздің фильмдері көптеген халықаралық кинофес­тивальдарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Солай дегенмен әрбір жетістіктің артында шәкірттерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр­ген ұстаздардың қажырлы еңбегі тұр­ғанын айтпай кетсек, тағы бол­майды.

Бұған дейін «Театр, кино және ТД» факультетінің құрамында болып келген «Кино және телевизия» кафедрасы өткен жылы «Кино өнері және телевизия» факультеті болып жеке отау құрды. Тағы бір қуан­тарлығы – «Кино суретшісі» деген жаңа мамандық ашылды. Кинода тек сценарист, режис­сер, оператор, актер, дыбыс мама­нының ғана емес, суретшінің де еңбегі өте маңызды саналады. Оның үстіне елімізде кәсіби кино сурет­шілерінің саны саусақпен санар­лықтай ғана. Ал фильмдердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, қазақ ұлт­тық кино өнеріне арнайы ма­ман­дандырылған суретшілердің қажет екендігі айқын аңғарыла түседі. Жаңадан ашылған бұл ма­мандықтың алғашқы нәтижесі осы байқау барысында-ақ бай­қа­лып қалды. Өнер бәйгесіне қа­тысқан фильмдер негізінен осы жағынан бізді көбірек сүй­сінтті. Сонымен қатар музыка фа­культеті шәкірттерінің қол­таңбасы тәнті етті. Мәселен, Бей­барыс Нұркенұлының (Әсия Сү­лееваның шеберханасы) «Сай­қы­мазақ» («Шут») деп аталатын фильмінің музыкасын жас ком­позитор, бүгіндері докторан­тура бөлімінде оқып жүрген Олжас Байбеков жазған. Кино су­ретшілері секілді бізде арнайы музыка жазатын мамандардың да тым аз екенін ескерсек, мұндай тәжірибелер уақыт өте келе қазақ киносы үшін үлкен олжаға айналуы әбден мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, студенттердің көпшілігі фильмдерін университеттің арнайы жабдықталған кинопавильонында түсірді. Павильонның шағын кеңістігі олардың түс-бояу, жарық, деталь, дыбыс, ракурс, план, т.б. маңызды элементтермен жұмыс істеуіне мүмкіндік бергені қуантты.

– Байқауда ерекше көзге түс­­­кен фильмдерді атап өтсеңіз.

– Мысалы, «Анамның аты Ба­қыт» көркемсуретті фильмі (реж. Ш.Сержан; Е.Нұрмұхамбетовтің ше­берханасы) анаға, жалпы отбасы, ошақ қасындағы әйел тағ­­дырына көңіл бөлуімен ой салды. Фильм кейіпкерлерінің кине­ма­тографиялық бейнесін дәл, нақ­ты бере алуымен қызықты. Шұ­ғыланың алғашқы «Самал» фильмі өте сәтті шығып, біраз фес­тивальдың бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Шынын айтсақ, екінші фильмі қалай болар екен деп аздап жүрексіне күткенбіз. Өйткені режиссердің нағыз сыналатын тұ­сы да – екінші фильмі ғой. Жас режиссер сол үмітімізді ақтады. «Самалда» басталған тақырыбын, кинематографиялық стилін бұл фильмде де жалғастырып, тіпті тереңдете түскен екен. Жалпы, Шұ­ғыла Сержан – өзіндік үні, көз­қарасы, айтары бар, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жас­тар­дың бірі. Бұған дейін үнемі замандастарының қызықты бей­несін ұсынып жүрген Әмір Әме­новтің (Е.Нұрмұхамбетовтің шеберханасы) «Айлық күні» фильмін сәтті туындылар қата­рына жатқыздық. Бұл фильм бір қарағанда қарапайым секілді кө­рінгенмен, сюжетінің кино тілі көмегімен сан қатпарланып, те­реңдеп кете баратынымен ерек­шеленеді. Бүгінде киноэкран­нан тазалық, мөлдірлік, поэти­калық сарынды өте сирек кез­дес­тіретініміз рас. Кейде кино кеңістігіндегі қатыгездік, зұлым­дық, мейірімсіздік, дөрекілік кейіп­керлердің сыртқы әлемнен қор­ғануының жалғыз жолы болып қалғандай әсер қалдырады. Бұл ретте Әділ Нұрмұхамбетовтің (Ә.Сүлееваның шеберханасы) бір­де-бір диалогы жоқ «Бір күні саябақта» («Однажды в парке») филь­мінің лирикалық-поэтикалық, нәзік әрі мұңды бояуы назарымызды аудартты.

Әліби Мұқышевтің (Ә.Райбаев­тың шеберханасы) «Өшіргіш» атты анимациялық фильмі де – ойлы, астарлы, мазмұнды дүние. Бар болғаны қалам мен өшіргіштің кө­мегімен адам баласы өмірінің кейбір тұстарын көрсете алған бұл фильм ұтымды метафоралық бейнелерімен ерекшеленді. Сон­дай-ақ болашақ анимациялық кино мамандарын даярлап жүрген Жәнібек Нұрбектің шеберханасында оқитын студенттердің де шығармашылығын атап өткім келеді. Олар – «Өткір заттар» (реж. Әмина Тазиатова) және «Қыз­­ғылт көзілдірік» (реж. Алты­най Кеңесбек) фильмдері. Әдет­те жас киногерлерді (тек олар ғана емес-ау) қазақ әдебиетін біл­мейді, оқымайды деп сынап жатамыз. Шынында да, бұл тырнап қалса, қансырап шыға келетін беті ашық жарамыз ғой. Тіпті ересек кинематографистердің ара­сынан ілуде бір-екеуі болмаса, қазақ жазушыларының шы­ғармаларына мән бермейді. Сон­дықтан белгілі кинорежиссер, про­дюсер Сламбек Тәуекелдің ше­берханасында оқитын Назерке Базарбаеваның Төлен Әбдіктің «Қонақтар» деп аталатын тамаша әңгімесі желісімен экрандалған жап-жақсы фильмін көргенде шын қуандық.

– Студент жастардың мұн­дай сал­мақты тақырыпты қау­­зауы, әри­не өте құптарлық жайт. Де­ген­мен, әттеген-ай дей­тін тұс­та­ры болды ма?

– Әрине студенттердің аяқ а­лысы жаман емес. Шығар­ма­шы­лық ізденістердің бар екені байқалады. Бір әттеген-айы – қазақ тілінде түсі­рілген фильмдер аз. Бұл аны­ғында – дәл қазір еліміздегі то­лық­метрлі фильмдерге де ортақ өзекті мәселе. Мысалы, өткен жылы көрерменге 46-47 фильм ұсынылса, соның ішінде қазақ тілінде түсірілгені онға жетпейді. Жыл сайын қайталанатын көрініс осы. Тіпті ақпанның соңы мен наурыз айының басында Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген питчингке қатысқан 88 киножобаның бар болғаны жеті-сегіз пайызы ғана қазақ тілінде қорғалды. Бұл енді дабыл қағатындай жағдай. Тым болмағанда, елуде елу болса, мейлі-ау. Жоқ, жеті-сегіз па­йыз. Қазір өз тілімізде жақсы фильм түсірілсе, қуанбақ түгілі, ала­қайлайтын жағдайдамыз. Ол түгілі кейіпкерлері анда-санда қазақ сөзін әңгіме арасында қыстыра кетсе, оған кәдімгідей ішіміз жылып қалатын жағдайға жеттік. Бұл енді барып тұрған сорақылық. Өзекті өртейтін жанайқай! Ал­пауыт мемлекеттерді, жан-жағы­мыздағы көрші елдерді айтпа­ғанның өзінде, бір миллионға жетпейтін халқы бар Саха елі киносын тек өз тілінде түсіреді. Содан олар көштен қалып қойды ма? Ресей билігі «Неге сендер фильмді орысша түсірмейсіңдер?» деп олардың көмейіне қорғасын құйып жатыр ма? Керісінше, саха киносы қазіргі таңда біздің көп кинематографистеріміз атүсті қарайтын өзінің ана тілімен, әде­биетімен, ауылының өмірін көр­сетуімен-ақ сый-құрметке ие болып жатыр.

Болмаса Тәжікстанның Тау­лы Бадахшан аймағын мекен­дейтін саны тоқсан мыңнан аспайтын шугнан деген халық бар. Бұрын бұл халықтың тілінде (шуг­нан тілі) бірде-бір көр­кем фильм түсірілмеген екен. Қа­зір ондай фильмдер біртін­деп пайда бола бастады. Мыса­лы, жас тәжік режиссері Умедшо Мир­зошириновтың «Муш­кил­кушо» (2016) деген фильмі бар. «Мушкилкушо» – шугнан тілін­де түсірілген екінші фильм. Онда шугнан халқының тұрмыс-тір­шілігі, салт-дәстүрі керемет көр­сетілген. Тілін түсінбесеңіз де өте қызығып көресіз. Көріп отырып, оларға деген іштей бір құрмет пайда болады. Міне, тілдің құдіреті деген осы емес пе?! Сондықтан еліміздегі кино мамандарын даяр­лайтын барлық жоғары оқу орындары тіл мәселесіне назар аудар­са екен деген тілек бар. Өйт­ке­ні ертең киногерлердің қата­рын толықтыратын да сол оқу орын­дарының түлектері ғой. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еге­менге» берген сұхбатында:      «...Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты əлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны əрдайым есте ұстау керек», деді. Осы қағиданы киногерлер де ой-қазыққа айналдырса, қанеки.

– Тағы бір мәселе – жұрт­шылық субтитрдың қателерін көп сынап жүр. Бұл туралы не айтасыз?

– Басында қазақ тіліндегі субтитрлар сын көтермейтін. Бірақ біртіндеп аз да болса жөнделіп келеді. Сондықтан студенттер де қазірден бастап өз фильмдерінің субтитрларына мұқият назар аудар­ғаны жөн. Жастар қазір мүмкін, мұны маңызды емес деп ойлар, бірақ қалай болса солай аударылып берілген субтитр­ды оқығанда фильмді қабылдау қиынға түседі. Субтитрды сауат­ты беру – автордың сол тіл­ге деген құрметі мен өз ісіне жа­­уап­кер­шілікпен қарауының бел­гісі. Қалай болғанда да, фильм­де бәрі маңызды. Тіпті фильм­ге қатысқан адамдардың аты-жө­ні, фильмнің аты қалай, қандай шрифт­пен жазылғанына дейін. Мұның барлығы – фильмнің атмосферасына кіруге әсер ететін, тіпті жанрын да айғақтап тұратын маңызды компоненттер. Былайша айтқанда, экрандық туындының кәдуілгі шағын кіріспесі іспетті. Сондықтан кәсіби кинематогра­фистер титрдың дизайнына дейін мұқият назар аударуы тиіс.

– Қазақтың менталитетіне қабыспайтын фильмдер қаптап кетті. Мұның себебі неде?

– Таза бұлақтың суы мен дүкенде сатылатын тазартылған судың дәмінің арасы жер мен көктей емес пе? Ал таза бұлақтың суының дәмін татып көрмеген адам жаңағы тазартылған судың дәмін керемет санауы мүмкін. Фильм де солай. Оның «дәмінің» нәрлі-нәрсіз болуы автордың іш­кі дүниетанымына байланыс­ты. Ал ол түйсік-таным өзінің ана тілімен, ұлттық тамырымен ұштасып жатпаса, бәрі бекер деп ойлаймын. «Бәрібір емес пе, бас­тысы ол фильм­де кино тілі бар ғой» деген пікірді алға тартатын әріп­тестерім бар.

Мәселен, қазақ ұлттық кино өнерінің інжу-маржаны болып саналатын «Қыз Жібекте» кино тілі жоқ деп айта алмаймыз. Осы фильм­нен бір ғана мысал келтірейін. Ер адам бейнесіндегі балбал тастың жанында Төлеген мерт болатын эпизод көрерменнің есінде қалды. Егер назар аудара қарасақ, көне дәуірдің көзін­дей сол балбал тастың өзі де Төле­ген қазасының тірі куәсі іспет­ті екенін байқаймыз. Бұл қалай беріледі? Эпизод соңында Төле­геннен басталған каме­раның қозғалысы жаңағы балбал тасқа барып тоқтайды. Бір ғажабы, басындағы көріністердің бірінде «көздері айқара ашылып, бізге қарап тұрған» мүсін камераның өзіне келіп тоқтаған тұсында жа­нары төмен қарап тұрғандай әсер береді. Бұл кө­рініс оның Тө­легеннің қазасына қайғырып, аза тұтуы секілді сезіледі. Бір ғана балбал тасты «ойнату» арқылы фильмнің поэтикалық кино тілі, мағынасы қаншалықты тереңдей түскенін көріп отырмыз. Егер ав­торлардың жан дүниесінде сол поэтикалық тілмен ұштасып жат­қан әуез, дүниетаным болмаса, мынадай сұрапыл көрініс туар ма еді?

Иә болмаса, «Қилы кезең» филь­мінің соңындағы Жүніс бай Тоқтардың алдына құндыз бөрік пен алмас қылыш қоятын тұсын алайық. Жүністің дәл осы әрекетін жаны қазақ кез келген адам түсінеді. Қазақтың жанын ұқпаса режиссер дәл солай көрсете алар ма еді? Бірде-бір сөзі жоқ осы эпизодтағы жаңағы екі детальдің өзі-ақ қазақтың фильмі екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Мінекейіңіз, кино тілі – бұл ең алдымен, автордың дүниетанымы, жаны. Меніңше, оның басқа формуласы жоқ. Сондықтан Феллини, Тарковский, Куросава, Тарантино, Кустурица болғысы келетін жас режиссерлер, ең алдымен осыны түсінсе деймін. Мәселен, Феллини­дің кейіпкерлерінің ағыл­шынша немесе жапон тілін­де сөйлеп жүргенін немесе амери­калық фильмдердегідей іс-әре­кет­терге баратынын елестетіп көріңізші немесе Шукшиннің кейіп­керлерін. Әрине мүмкін емес. Өйткені олардың әрқайсысы ең алдымен, өзінің халқының жанын, кескін-келбетін, ішкі жан әлемін көрсетті. Анаған немесе мынаған ұқсайтын фильм түсірем деген жоқ. Сондықтан олар кино тарихында қалды.

– Киносын орысша түсіретін бізден басқа халық бар ма өзі?

– Қазір бізде ауылға, қазақ тілі мен әдебиетіне архаика ретінде қарайтын қауіпті көзқарас пайда болды. Ең қауіптісі – «өзімізден басқаның бәрінікі – керемет, егер солар секілді сөйлесек, соларға ұқсатып фильм түсірсек» деген жадағай пиғылдың түпсанаға терең бойлап кеткені. Ал ондай күлдібадам фильмнің оларға да, бізге де қызық емес екенін түсінбейді. Бұл жердегі басты мә­селе – өз-өзіңді жақсы көрмеуде, сыйламау мен бағаламауда болып тұр.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Кабардин-Балқар елінің астанасы – Нальчик қаласындағы Солтүс­тік Кавказ өнер университетіне іссапармен бардым. Сол уни­вер­­ситеттегі режиссура маман­ды­ғын аккре­дитациядан өткі­зетін халық­аралық сараптау ко­мис­сия­­сында жұмыс істедім. Ак­кре­дитация талаптарының бірі бойынша студенттер түсірген фильм­дерді көрдік. Алғашқы та­ма­шалағанымыз – ағылшын, орыс тілдерінде түсірілген, өңшең «жыл­тырақ» («гламур») фильмдер еді. Комиссия мүшелерінің көңілі аса толыңқырамай, «өз тілдеріңізде түсірген жұмыстар бар ма?» деп сұрадық. Ал комиссия құрамында менен басқа, Польша, Армения, Ресей, Германия елдерінің өкіл­дері бар болатын. Бір кезде ана тілдерінде түсірілген екі фильм алып келді. Олардың бірі ауыл, екіншісінде қала тұрғындарының өмірі жайында. Тілін түсінбесе де, комиссия мүшелері соны ұнатып көрді. Өйткені ол жұмыстарда халықтың тілі, жаны бар еді. Міне, осындай фильмдер ылғи да қызығушылық тудырады. Әйтпесе әлгі «гламур» фильмдер мына екеуіне қарағанда техникалық сапасы жағынан әлдеқайда жоғары болғанмен, бізді бұл қызықтырған жоқ. Басқаларға еліктеуден туған фильм­нің тағдыры осылай аяқ­талады, ешкім көрмейді.

– Ал енді таза қазақы сипат­тағы төл туындыларымызды түсіруге қазір не кедергі болып отыр?

– Көрші қырғыз елінің киносына қызығып қарайтындар көп. Айыр қалпақты ағайынның фильмін басқа елдікімен шатас­тыра алмайсыз. Міндетті түр­де барлығы болмаса да, басым көпшілігінде әйтеуір бір халықтық салт-дәстүрмен, наным-сеніммен байланысты көріністер жүреді. Олар да біз сияқты халық емес пе? Бірақ неліктен олардың жас­тарының да, ересектерінің де фильмдері ұлттық бояуымен, үні­мен ерекшеленіп тұрады? Оның себебін осыдан екі жыл бұрын ұқтым. Алматыда өткен кинофестивальға келген белгілі қырғыз режиссерінен: «Жас ки­но­герлерді даярлауда қандай ұстанымға жүгінесіздер?» деп сұрадым. Режиссердің айтуынша, алғашқы курста студенттер міндетті түрде қырғыздың әдебиеті мен салт-дәстүрін зерттейді екен. Тіпті халықтың тұрмыс-тір­шілігін өз көзімен көріп-білу үшін ауылдарды аралауға тура келеді. Содан кейін ғана қалған дүниеге назар аударады. Міне, бар болғаны осы. Әуелі өзінікін танып-білу, содан кейін ғана бас­қа әлемге көз тігу талап етіледі. Керісінше емес. Бізде де неге осы ұстанымды талап етпеске? Осы жерде тағы бір өзекті мәселенің шеті қылтияды. Неге бізде тарихи-биографиялық фильмдер мен сериалдардың сценарийін жазып, түсіретін мамандар жоқтың қасы? Егер түсіріле қалса, титрдан ылғи да аға немесе орта буын өкілдері арасынан бір-екі адамның ғана аты-жөнін оқимыз. Ал жастар ше? Неге жастар арасынан мұндай тақы­рыптарға бара алатын жақсы мамандар шықпайды?

–  Қазіргі жас буын өкілдерінің шығармашылығына қатысты тағы да қандай өзекті мәселелер бар?

– Еліміздегі үш оқу орнында болашақ киногерлер даярланады. Бұл, әрине өте жақсы. Өзімізді мамандармен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Осы тұста тұрақты өтіп тұратын республикалық кино­фестивальға зәрулік білінеді. Он­дай жобалар бір кездері болған, бірақ басында республикалық деңгейде басталады да, көп уақыт өтпей халықаралық фестивальға айналып шыға келеді. Бола бер­сін-ау, оған ешкім қарсы емес. Бірақ республикалық дең­гей­де өткізілетін фестивальдың артық­шылығы – төл киномызға мән беруге үйретеді. Мұндай сын алаңы жастардың киносында қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар екенін танып-білуге, зерттеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, 2006 жылдан бас­тап бес жыл қатарынан Ал­маты қаласында «Дидар» респуб­ли­калық кинофестивалі өтті. Бұл фес­тивальдың ерекшелігі – жыл сайынғы жеңімпаздарға «Қазақ­фильм» киностудиясы толық­метр­лі фильм түсіруге мүм­кін­­­дік беріп отырды. Әділхан Ер­жа­нов, Эмир Байғазин, Жас­ұлан Пошанов, Серік Әбішев, Азамат Дулатов, Еркінбек Пты­ралиев, Әзіз Жанбакиев секілді басқа да көптеген белгілі кине­ма­тографистеріміз сол «Дидар­дың» «шекпенінен» шықты деуі­мізге болады. Сондықтан «Дидар» кинофестивалі қазақ киносына бір топ талантты жастардың келіп қосылуына ықпал ете алды.

–  Соңғы жылдары фестиваль өткізуден жарыс болып кеткен секілді. Он шақты фильмді жи­найды да, фестиваль өткізе береді. Фильмдер фестивальдан фес­тивальға көшіп жүре береді. Мұның пайдасы бар ма?

– Әрине фестивальдың көп болғанына қуанасың-ау. Бірақ олардан жастардың әрі қарайғы шығармашылығына пайда бар ма? Мәселе – сонда. Қазір фес­тиваль өткізуде жүйе жоқ. Сон­­­дықтан еліміздің жас кине­матографистерін ортақ мүд­деге бірік­тіретін, тұжырымдамасы айқын және мемлекеттің қол­дауы­мен тұрақты өтіп тұратын республикалық фестиваль өте қажет. Тек фестиваль ғана емес, жас киногерлердің шығарма­шы­лығымен айналысатын, зерттейтін орталық керек.

Бір өкініштісі, жақсы бас­та­малар кейде аяқсыз қалады. «Қазақфильм» киностудиясын­да біраз жыл «Дебют» шығар­машылық бірлестігі жұмыс істеді. Оның басы-қасында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев жүрді. Осы «Дебютте» қаншама дарынды жас өз фильмдерін тү­сіріп, шығармашылық қолдау тапты. Олардың фильмдері әлемнің небір халықаралық ки­но­фес­тивальдарында жүлделі орындарға ие болып, қазақ ки­но­сының абыройын асырды. «Де­бют» жас кинематографис­тер­ге шығармашылық тұрғыдан тамаша мүмкіндік берді. Бұл елі­мізге өте қажет бірлестік еді. Өкі­­­нішке қарай, жастардың шы­ғар­­машылығына мықты серпін берген бірлестіктің өткен жылы жұмысын тоқтатқаны көңілге қаяу түсірді... Талантты баптасақ, қол­дау көрсетсек қана өсіп-өнеді.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»