Әдебиет • 22 Мамыр, 2020

Классикадан кімді көрдің?

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жәй Вася. Жас жігіт. Мұрны шуылдақ, көзі ірің, аяғы шуаш, киімі көнетоз, жамау-жасқау, сорпаны қорпылдатып ішіп, тамақты обырланып жейді. Суды кесесімен бір-ақ төңкере салады. Тамақ ішкенде қарап отырмай, арсыздығымен жанындағылардың берекесін ала отырады.

Классикадан кімді көрдің?

Даусы шаңқылдаған қатты не шіңкілдеген жіңішке болуы мүмкін. Мәселе мұнда емес. Мә­селе оның екі сөзінің бірі боқтыққа (шата деген сияқты), үш сөйлемінің бірі қарғысқа («сайтан алғырдан» бастап «қо­лың сынғыр», «желкең үзіл­гір», «көріңде өкіргірге» дейін), жалпы, әңгімесінің ұзын-ыр­ғасы мән-мағынасыз өсек-аяң­ға, «кінәлілерді» іздеуге құры­латынында. Сол Вася ғайыптан тайып бақ қонып, он шақты жылдан соң Василий Марковичке айналуы да мүмкін. Дегенмен бұл екі адамның арасында анау айтқандай айырмашылық болмайды. Маңайындағы сыпайы адамдар, қымбат киімдер, дастарқан толы ас оны өзгертуі тиіс еді. Бірақ ол өзгермейді. Киімі түзелгенмен, әдебі түзелмейді. Оның көзі де, өзі де тоймайды. Баяғы боқтық, баяғы қарғап-сілеу, мәнсіз өсек-аяңмен күн өлтіретін болмысы да сол қалпында.

Орыстың классикалық әде­биетінде бұл сияқты рухани таяз адамның типтік бейнесі өте көп. Әсіресе, Буниннің, Чеховтың шы­ғар­маларында қырланып-сырланған, қашалған, әбден жетіл­ген күйінде кездеседі. Ол бірде бас кейіпкердің қалыңдығына қы­­рындап жүр, бірде әкесінің досы, бірде көршісі, бірде жауы, т.б осылай кете береді. Былай қарасаң, нағыз жексұрын бейне. Бірақ жек көрмейсің. Оның мінез-құлқы, өзін өзі ұстауы, мәнері орыс адамына тән ашықтықтың үлгісі. Белгілі бір ұлтқа тән ашықтық дегеннен шығады ғой, Тургеневтің бір кейіпкері бар еді, әкесін қарғаға ұқсататынын ашық айтатын. «Менің әкем қарғаға ұқсайтын» деп басталады сол әңгіме. Бірақ ол жердегі қарға-әке негізінен қатыгез, сұ­мы­райлығымен есте. Ал Вася сияқ­ты типтік бейнелерге ортақ қасиет – арсыздық, обырлық. Осы арсыздығымен, обырлығымен ол қоғамға анау айтқандай зиян да келтірмейді. Қайта дарақы күлкі, оспадарсыз қалжың, жөн-жосықсыз боқтық қадірін кетіріп, өзі зиян шегіп жатады.

Енді бір кейіпкер шартты түрде Аркадий Петрович. Кедей­ленген ақсүйек тұқымынан шық­қан жігіт. Мұнтаздай киінген, са­қал-мұрты бастырылған, бет-аузы тап-таза, тамақ ішкенде міндетті түрде мойнына алжап­қыш байлай­ды. Тамақты ақырын, өзіне назар аудартпай ішеді. Ол үй­дегі қызметшілерге дейін­ сыпайы сөйлейді. Тәңір жа­рыл­қағыр, көгершінім, ардақ­тым, қымбаттым дегенді ол жа­сан­дылықпен айтпайды. Со­лай тәрбиеленген. Сөз солай сіңген. Бұл кейіпкердің ішкі мә­де­ниеті боқтауға, қарғауға, өсек-өтірік айтуға жібермейді. Бұл кейіпкер тіпті өмір бойы қоңыр төбел тіршілігімен күн көре береді. Арсыздықпен біреуге жағымпазданбайды, бірді бірге ай­дап салмайды. Ең бастысы – бұл жағымды бейне. Орыс клас­сикалық әдебиетіндегі бас кейіпкердің типтік бейнесі көбін­де осылай жасалады.

ХІХ ғасырдағы орыс класси­калық әдебиетінің өкілдері адам­ның туабітті болмысын суреттеуде асқан шебер. Олар адам жара­тылысындағы ерекшелікті қырағылықпен айқындап бере­ді. Әсіресе өз ұлтына тән ерекшелік­терді бүкпесіз баяндайды. Ол шығар­маларды оқыған соң сен сол ұлтты біршама танисың. Олар­дың дүниетанымына жақын­дай түсесің. Артықшылығы мен кем­шілігін салмақтайсың. Жоғарыда мысалға келтірген типтік бейнелер адам жаратылысының жар­қын үлгісі. «Торғайды қанша жер­ден консерваторияда оқытсаң да, ол бұлбұл болып сайрай алмай­ды» дейтін тәмсілге сәйкес, ар­сызға бақ қонғанымен, тектілік қон­байтынына, ал текті қанша жерден кедейленсе де, қасиетін жоғал­тпайтынына меңзейді.