
Қытай генералының ұлы, әскери ансамбльдің әншісі Ли Тяньи топ болып қыз зорлауға қатысқаны үшін 10 жылға түрмеге отыру жазасына кесілді. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Кешеден бері бұл жаңалық Аспан асты еліндегі барша жұрттың талқылайтын тақырыбына айналып тұр.Ал елдің әлеуметтікжелілерін пайдаланушылар генералдың баласы әкесінің қоғамдағы алатын жоғары орнына сүйеніп, бұл жазадан құтылып кетеді, деген де қауіп білдіруде. Жалпы, бұл қылмыстық іс бойынша, Ли Тяньиден басқа, тағы төрт зорлықшы сот арқылы жазаларын алды. Оларға 3 жылдан 12 жылға дейін жаза кесілген.
2011 жылы Ли Тяньи жас отбасылық жұпты ұрып, соққыға жыққаны үшін бір жазадан құтылып кеткен екен. Сол жолы оның досы екеуіне ерлі-зайыпты жастар мінген көліктің өздеріне жол бермегені ұнамай қалыпты. Сосын бұл екеуі жас жұбайлар көлігін жолдың жиегіне тықсырып қойып, ішіндегі екеуін сыртқа шығарып алып, ұрып-соғады. Ал бұлардың бәрін олардың кішкентай балалары өз көзімен көріп отырады. Осы жағдай БАҚ өкілдері мен Қытай жұртшылығының қатты ашу-ызасын туғызған болатын.
Қазір әлеуметтік желіде бұл оқиға жоғары лауазымды шенеунік Бо Силайдың өмірлік жаза алуымен бірдей үкім ретінде қарастырылып жатыр. Ондағылар осы екі үкімнің елде әлі де әділдік бар екенін байқатқан оқиға болғанын жарыса атап өтуде.
Сәкен Майлыбай.