Тарих • 31 Мамыр, 2020

Қасіретті жылдар. Тауқымет тартқан аналар

594 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қылышынан қан тамған солақай саясаттың символындай болып XX ғасыр да жылдар жылғасымен алыстап барады. Соған кері бұрылып қараған са­йын алапат аштық пен қисапсыз қырғынның ізін әлі де анық аңғаруға болады. Қазақтың жұлындары үзіліп, бұрымдары қиылған аяулы аналарының, қадірлі қыз-келіншектерінің қасіретті көз жасы төгілгенін Ұлы дала аз көрген жоқ. Сол бір азапты жылдардың белгісіндей, дәлеліндей болып Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының Ақмол ауылында Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені тұр...

Қасіретті жылдар. Тауқымет тартқан аналар

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр елі­мізде Саяси қуғын-сүргін және ашар­шы­лық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Көктемнің соң­ғы күні көз жасымызды көл етуге то­лық себеп бар. Күні бүгінге дейін өн-бойымызды мұздататын ГУЛАГ архи­пе­лагындағы (Еңбекпен түзеу лагер­ьлерінің бас басқармасы – Главное уп­равление исправительно-трудовых ла­герьей) 53 еңбекпен түзеу лагерінің 11-і қазіргі Қазақстан аумағында орна­лас­ты. Соның арасында ел аузында «АЛЖИР» атанып кеткен «Отанын сат­­қан­дардың әйелдеріне арналған Ақ­мола лагері» болған еді. Бұл азап алаңы Қарағанды лагерінің (ҚарЛАГ) 26-бөлім­шесі ретінде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) 1937 жылғы 15 тамыздағы бұйрығымен құ­рыл­ған.

Кейін Елбасының бастамасымен 2007 жылы 31 мамырда осы лагерьдің орнында жоғарыда аталған мемориалды-мұражай кешені ашылды. Араға он жыл салып, Саяси қуғын-сүргін және аш­ар­шылық құрбандарын еске алу күні дәл осы кешендегі ескерткіш тақ­та­ға гүл шоғын қойған Қазақстанның Тұңғыш Президенті рәсім аяқталған соң БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшы­ра­ған адамдарға арналған лагерьлер са­лын­ғанын еске салып, ондағы адам төз­гісіз жағдайлар туралы әңгімелей келе,­ «Қазақстанның әр түкпіріндегі 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерьлерде миллионнан астам адам жаза­сын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Кейбір нәрес­телер сол лагерьлерде дүниеге келді», деді Н.Назарбаев.

Елорда іргесіндегі мемориалды-мұражайдың тарихына үңілген сайын жан түршігерлік оқиғаларға оралуға тура келеді. Өткен ғасырдың 30-50-жылдарындағы жаппай террор құрбандарына арналған бұл бірегей ескерткіш бүгін де жүйелі жұмыс істеп тұр. «Рухани қазына» бағыты бойынша жасалған «Астананың киелі жерлері картасына» елорда тарихында маңызды орын алатын 20 нысанның бірі ретінде енгізілді. «Отанын сатқандардың отбасы мүшесі» болғаны үшін «АЛЖИР»-де мерзімін өтеген әйелдер қауымының (62 ұлттың өкілдері) рухына арналған мұндай кешенді бұрынғы кеңестік мемлекеттерден, тіпті бүкіл дүние жүзінен кездестіру қиын.

Мұражай қызметкерлері ұсынған дәйекті деректерге сүйенсек, аталған лагерьлер арқылы 18 мыңнан астам әйел этаппен өтіп, үнемі лагерьден лагерьге ауыс­тырылып отырыпты. Ал «АЛЖИР»-де бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел қамауда болды. Олардың басым бөлігі орыс – 4390 (50%), еврей – 855 (20%), украин – 740 (15%) және қазақ – 87 (2%) әйелдері болды. Сонымен қатар неміс, француз, швед, жапон, норвег, поляк, грузин, армян, әзербайжан, латыш және тағы басқа ұлттардың қыз-келіншектері де тозақ отын кешіпті. Бас бостандығынан айырылғаны былай тұрсын, «АЛЖИР»-де 600-ге жуық (нақты саны әлі де анықталуда) әйел қайтыс болған деген дерек бар.

Тұтқында болғандар көбіне-көп Одаққа танымал саяси және қоғам қай­рат­­керлерінің әйелдері еді. Мәселен, олардың арасында Әзиза Рысқұлова және оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, атылып кеткен маршал Тухачевскийдің отбасы мүшелері, жазушы Борис Пильняктың әйелі Кира Андронникошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның да аналары және басқалар болды.

Осы күні мұражай қорында он жеті мыңнан астам жәдігер бар. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Грузия, Израиль және Беларусь елдеріне жасалған зерттеу іс-сапарлары барысында жинақталған материал­дардың арасында түпнұсқа мұра­ғаттық құжаттар мен фотосуреттер, «АЛЖИР» тұтқындары Әзиза Рыс­құ­лованың, Роза Цыпкинаның, Клара Бронның, Софья Зильбергтердің балаларына жазған хаттары мен өлеңдері, балалардың жазған естеліктері кездеседі. Сонымен қатар Мария Минкинаның 1938 жылы «АЛЖИР»-ге бара жатқанда жақындарына жолдаған хаты табылып, онда балдырғандарын балалар үйінен алып кетуді өтінген деректер бар.

Мемориалды-мұражайдың негізгі және ғылыми-көмекші қорларының мә­ліметтері негізінде «Тағдырларды бі­рік­тірген Қазақстан» кітабы, «Елба­сы­ның бастамасымен ашылған еді» ка­та­логы, «ALASH – ALZHIR» қос том­­дығы, «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының «ALJÏR. Qorqinişti tüster… Kak strashnyi son…», «Ұр­пақтар ұмытпайды» атты естеліктер жа­рық көрді.

Мұражай кешенінде «Сталиндік вагон», «Қасірет қақпасы» монументі, «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» мүсіндік композицияcы, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұ­на­расы, «Көз жасы» стелласы, Зерде қабырғасы, тұтқын әйелдер тұрған барак пен «АЛЖИР» тұтқындарын балала­ры­нан айыру» диорамасы, «Алаш» бағы, Ескерткіш белгілері мен мұражай ғима­ра­ты бар.

«Алаш» залының экспозициялары Қазақстанның патшалық Ресейдің құ­ра­мы­на қосылған кезден бастап кеңес­­тік кезеңді, 1937 жылдың жап­пай қуғын-сүргінін бейнелесе, «АЛЖИР тұт­қын­дары» деп аталатын экспо­зиция­лық көрме залы «Отанын сатқандар» әйел­де­рінің ақмолалық лагерінің тарихына, кінәсіз тұтқында отырған әйелдерге арна­лады. Мұнда олардың өмірі туралы материалдар орналастырылған. Отбасылық фотосуреттер, жеке заттары, «АЛЖИР» лагерінің тұтқындары қолдарымен жасаған заттар қойылған. Ана­лардың қолымен жасалған бұл бұ­йым­дарда үзілмеген үміт, сөнбеген рух тұнып тұрғандай.

 Қуғын-сүргін тақырыбы қоғамда қоз­ғала қоймаған сонау 1989 жылы осы Ақмолда саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарына арналған «Қақ айырылған жұл­дыз» атты тұңғыш ескерткіш ашыл­ды. Сол жылдары ауыл шетінде тұтқындар мен олардың балаларының жерленген орындары анықталды. Қазіргі таңда ол жерде ескерткіш белгілер орнатылған.

– Мұражай ұжымы ғылыми-тә­жіри­­белік конференцияларды, дөңге­лек үстелдер мен семинарларды, экс­­кур­сия­ларды, тақырыптық және көш­­пелі көр­мелерді, шет мемлекеттерге ғы­лы­ми-зерттеу бағыты бойын­ша іс-са­пар­ларды, саяси қуғын-сүргін құр­­бан­­дарының ұрпақтарымен, ақын-жазу­шы­ла­рмен, мемлекеттік қайрат­керлермен кез­де­су­лерді ұдайы ұйым­дас­тырып келеді. Түрлі жинақтар жарық көрді. Тұтқында болған әйелдер тізімі де толықтырылуда. Арнайы www.museum-alzhir.kz. сайты жұмыс істеп тұр. Мұражай ашылғалы бері мұнда 300 мыңнан астам адам атба­сын бұрды. Енді­гі мақсатымыз – ХХ ғасырдың 30-50-жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінің тарихын зерттеу және тұтқындардың цифрлы мәліметтер базасын құру болып отыр, – дейді мұражай директоры Самат Тергембаев.

 

P.S.: Халқымыз аштықтан қынадай қырылған, зиялыларымыз, олардың үрім-бұтағы мен отбасын, Алаштың күллі игі-жақсыларын, «сүт бетіне шығар қаймағын» қалқып алып, қуғын-сүргінге ұшыратқан кеңестік билікті қалай ақтауға болады? Сол зобалаң кезеңде 103 мыңнан астам отандасымыз тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы өлім жазасына кесілді. Қаншама қаракөздің қабірін іздеп сандалдық. Сонда да болсын тоталитарлық жүйе қайраткерлеріміздің тәнін көмгенімен, рухын көме алған жоқ деп ұғынамыз. Сол рух бүгінде жүрегі елім деп соққан әр азаматтың бо­йында бар. Себебі рух сөнбейді! Рух қара жерге көмілмейді.