Білім • 26 Мамыр, 2020

Кабинетін мұғалімдерге берген директор

1957 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ол білім саласына кездейсоқ келген жоқ. Оны бұл жолға өзі білім алған мектебіндегі ерекше жүйе жетелегендей. Кейіпкеріміз оқыған білім ұясында жоғары сыныптың оқушылары төменгі сыныптың балаларына сабақ түсіндіретін жүйе болыпты. Сол кезде биология пәнінен көптеген олимпиадаға қатысып жүрген оқушы мектебіндегі ерекше жүйе бойынша өзінен кіші балаларды өзі үздік пәннен жарыстарға дайындапты. Кейіпкеріміз білгенін өзгеге үйрететін ұлы қызметтің жанына жақын екенін оқушы күнінде түсінген. Жас буынға жаңа нәрсені үйреткенде олардың көздерінен от көріп, бойларынан білімге, өмірге деген құлшынысты сезінгені педагоги­ка саласына түбегейлі бағыттап жіберген көрінеді.

Кабинетін мұғалімдерге берген директор

Мінекей, бүгінде ол – елі­міз­де­гі ең жас мектеп директоры. Есім-сойы – Шәкәрім Сейсембай. Ке­йі­­п­керіміз «100 жаңа есім» жо­ба­­сының жеңімпазы атанды.

Негізі Шәкәрімнің анасы да мек­теп басқарған, яғни білім беру­дегі менеджерлік, бәлкім көш­­басшылық кейіпкерімізге қан­­мен және тәрбиемен сіңген секілді. Себебі ол кішкентай күнінен анасының жұмы­сында жиі болды, мектептегі бас­қару жүйесіне қаршадайынан қанықты. Директор-анасының қызметкерлерімен, мұғалім, ата-ана, оқушылармен қалай қарым-қатынас орнатқанын көзімен көрді. Міне, Шәкәрімді өз өмірі ұстаздарға ұстаз болуға балаң кезінен баулығандай.

Кейіпкеріміз мектепті бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің молекулярлық биология және генетика факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын ғылыми биология бағытында бітіргенімен, білім беру саласынан қол үзген жоқ. Ол университетте оқи жүріп қосымша мектепте оқушыларға сабақ берді. Ал жоғары оқу орнындағы оқуын аяқтап, ғылыми биология бағыты бойынша бакалавр дәрежесін алғанда алдында екі таңдау тұрды: не ғылым, не мұға­лім­дік қызметті жалғастыру. Ол екіншісін таң­дады. Себебі оған мұғалімдер мен оқу­шы­лардың аудиториясы ұнайды, олармен жұ­мыс істегеннен шабыт алады.

Өзін дамытуды қалайтын адам әрқашан із­де­ністе жүретіні анық. Шәкәрім де жаңа таңдау жолында өзін жетілдіру үшін Назарбаев университетінің білім беру бағыты бойынша бойынша магистратурасына түсті. Ондағы оқуын тәмам­да­ғаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі сынды бірқатар белді де бе­делді мектепте еңбек етті. Бұл кейіпкеріміздің жаңа бағытта өзін дамытуға, жаңартылған білім маз­мұнын тереңірек меңгеруіне, инно­ва­циялық ойларын іске асыруына үлкен тәжірибе болды. Ол негізінен жоғарыда аталған алдыңғы қатарлы орта білім беру ұйымдарында жұ­мыс істеуді магистратураны бітір­­ген мезеттегі мақсатына жету жо­лындағы басты қадамдарының бірі­не балады. Шәкәрім мүмкіндігі мол, оқытушы-профессорлық құра­мы шетелдік мықты маман­дар­мен толыққан Назарбаев Универ­си­тетіндегі оқуынан кейін сонда жиған білім-білігін және тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерді дамытуға, ондағы жүйені өзгертуге жұмсауды көздеген еді. Сол ниетімен жағдайы жақсы оқу ордасынан қарапайым қатардағы мектепке ауысты. Бүгінде сол мақсатына қол жеткізіп келеді. Өйткені ол басқарған мектеп аз уақытта көп өзгерген.

Шәкәрім жалпы білім беретін мектепке кел­генде алғашқы жұмысты оқушылар, мұ­ға­лімдермен директор арасындағы қатып қалған қарым-қатынасты өзгер­ту­ден бастапты. Директордың әдеттегі оқу­шы­лармен сынып сағатында, мұғалім­дер­мен педагогикалық кеңестерде тілде­се­тін қағидасын жойып, балалармен далада ойнап жүрген уақытта, ұстаздармен қоңырау кезінде еркін диалог құруды қолға алған. Жиналыс форматында емес, қарапайым әңгімелесуді кездейсоқ ұйымдастыратын әдет тапты. Бұл оларды мәртебесіне қарамай ой бөлісіп, пікір алмасуға жет­кіз­ді. Бұдан кейін мектептегі отызға жуық әжетхананы сауда үйлеріндегідей стан­дарт­қа сай жөндеткен. Неге? Себебі оның ойынша, мектепте тәрбие беруді қолға аламыз, ал тәрбие тазалықтан бастау алады. Және жөндеу жұмыстарын мектептің өз қаражатына жасап шығыпты.

Жас директор осыдан соң мұғалімдердің менед­жерге деген көзқарасын өзгертуге бет бұрды. Осы ойын нақты іспен көрсетіп, директордың бұрынғы кабинетін мұғалім­дерге беруді ұйғарды. Өйткені мұғалім­дер­дің жұмыс істейтін, отырып сөйлесетін бөл­месі болмапты. Ал директордың әлгі ка­бинеті кең екен. Мұнымен қоймай ұстаздарға арнап жоспар жазатын, құжат­тар­ды шығарып, шай ішетін шағын Сoffee Boom секілді бөлмені де жасақтады. Осын­дай жұмыстарды, қызметіне жасалған жағ­дайды көзімен көрген мұғалімдердің еңбек етуге деген ынтасы бұрынғыдан бетер арта түскен.

Бұл өз кезегінде мектептің білім са­па­­­сына айрықша әсер ететіні сөзсіз. Оның нәтижесі мектеп оқушыларының кейінгі жылдардағы жетістіктерінен анық көрі­не бастады. Айталық, былтырғы оқу жылында 4 бірдей мектеп түлегі Назар­ба­ев университетіне оқуға түскен. Бұл кейіп­ке­ріміз басқаратын №54 мектеп-лицейінің тари­хында алғаш рет болып отыр. Ал бір оқушысы әлемдегі үздік жүздікке кіретін Гонконгтағы политехникалық уни­верситеттің студенті атанған. Оған жас директордың жаңа заманға сай stan зерт­ханалар мен coworking мұғалімдер бөлмесі, интеллектум кабинеттері, рекреа­ция зоналарын жасақтағаны, сондай-ақ мектеп ішінен тренингтер, түрлі семинарлар мен іс-шараларды өткізе беретін HUB кабинеттерін құрғаны себеп болды. Осыншама еңбек пен өзгерістің арқасында жалпы білім беретін қатардағы қарапайым мектеп екі жылдың ішінде білім деңгейі бойынша тұрақты нәтижеге қол жеткізді.

Ал жаңа форматтағы білім беруге көш­кен­де кейіпкеріміз қашықтан оқытуды онлайн сабақпен шатастырмау керектігін айтады. Себебі қашықтан оқытудың аясы әлдеқайда кең. Бұл форматпен білім бергенде түрлі әдіс-тәсілдерді, тиімді тетіктерді пайдалануға, жағдай мен мүмкіндіктерге қарай түрлендіріп отыруға болады. Шә­кә­рімнің пайымдауынша, қашықтан білім беруге онлайн сабақ та, тапсырмалар мен инструкциялар да, дедлайн қою да жатады. Аталған жүйемен сапалы білім беру үшін әр мектептің географиялық жағдайы мен жалпы мүмкіншілігін кеңінен қарастыру қажет. Мысалы, өзі басқаратын мектеп елордада болғандықтан, оқу ордасы google-дің тегін платформаларын пайдаланып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды 2 жыл бұрын қолға алған екен. Платформаларда жұмыс істеуді алдымен мұғалімдерге үйретуден бастаған. Енді қашықтан оқыту форматына көшкен кезде ортаға оқушыларды қосты. Заманауи жүйені күнделікті қызметке енгізудің нәтижесінде «төтенше» тоқсанда да тосылмай, тығырықтан шығып, мектептің білім беру жүйесі бір ізге тез түсті. Бар­лық қажетті материалдар google дискіге салы­натындықтан, оқушылар еркін ала алады. Шәкәрім оқу ордасындағы жұмыс жемісті, қашықтан оқыту сапалы болуы үшін бір мектептегі педагогтар бір жүйе­ні пайдаланғаны дұрыс екенін айтады. Өйт­кені олар әртүрлі платформаларды қолданса, ортада балаға ауыр тиеді. Жас директор жаңа қауіп-қатер тың идеялар мен табанды тәуекелдер туғызатынын айтады. Сол себепті қашықтан оқытудың да пайдалы тұстары бар екенін, білім беру саласына елеулі өзгерістер алып келетінін түсініп, соған сай әрекет ете білу керек.