Білім • 26 Мамыр, 2020

Еліміздегі жекеменшік балабақшалар жабылудың аз-ақ алдында

602 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған онлайн талқылауда айтылды. Шараға елеміздің әр өңіріндегі жекеменшік балабақша иелері қатысты. 

Еліміздегі жекеменшік балабақшалар жабылудың аз-ақ алдында

Конференцияда пікір білдірген мамандардың мәлімдеуінше, карантиннен кейін жекеменшік 4428 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бұл 339 мыңға жуық бала балабақшаға бара алмайды деген сөз. Онсыз да балақайларды мемлекеттік балабақшамен қамту мәселесі күйіп тұрғанда бұл жағдайды одан әрі ушықтырады. Бұған осы жылдың 12 мамырынан бастап мемлекеттік тапсырыс тек нақты балалардың саны үшін төленетіндігімен байланысты. Ал қазір балабақшаларда кезекші топта небәрі 15 бала тәрбиеленуі керек деген талап бар. Ал топтағы санаулы балаға көрсетілетін қызмеке қарамастан балабақша құрылтайшылары қызметкерлерге толық көлемдегі ақы төлеуге міндетті.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев жекеменшік балабақша құрылтайшылары, үздіксіз білім беру қауымдастығы, сондай-ақ, Biliminvest қауымдастығы өкілдері қатысқан басқосуда:

– Соңғы екі апта көлемінде жекеменшік балабақшалар қаржы мәселесіне қатысты өз проблемаларын айтып шағымдар түсіруде. Бұл мәселелер уақыт өте шешіледі деген үміт бәрімізде болған. Алайда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырыстар тек мекеме қызметін пайдаланған бала санына қарай беріледі және қызметкерлерін қаржымен құрылтайшылар өздері қамтуы керек деген талап та бар екен. Ал шығынды ата-аналар өтей ала ма? Әрине, жоқ. Оның үстіне, көптеген қазақстандықтар балабақшаға балаларын жіберуден бас тартуда. Бұған қаржы мәселесі мен елдегі карантин себеп, – деді. 

Төтенше жағдай туындағанға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеген жеке мектепке дейінгі ұйымдар жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау және салық төлемдерінен қомақты қарыздар жинап, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені «Педагог мәртебесі туралы» Заңының әлеуметтік кепілдемесі кәсіпкердің мойнында. Бұл жеке балабақшаларды жан басына қаржыландыру әдістемесінің енгізілуімен де байланысты болып отыр.

Осыған орай Үздіксіз білім беру қауымдастығының  Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Шолпан Утегенова:

– Біз 2014 жылдан бері жан басына шаққанда 23 869 теңге көлемінде әр балаға қаржы алып келдік. Жыл сайынғы қымбатшылық мәселесі ескерілмеді. Тек 2017 жылы жаңа әдістеме қабылданды. Бірақ ол әлі күнге іске асырылмады. Енді оны да мемлекет топтағы бала санына қарай берер болса, жекеменшік балабақшалар жабыла бастайды. Оның үстіне, қызметкерлерді материалдық қолдау құрылтайшы мойнына жүктелді. Бұл негізсіз. Біз ата-аналар қалтасынан өтелетін қаржыны 16 мың теңгеден асыруға құқығымыз жоқ. Оған қоса, қазір ата-аналар да балаларын балабақшаға беруден қорқады, – деді.

Қоса кету керек, мектепке дейінгі білім беру саласында жекеменшік балабақшалардың 60%-дан көбі ата-ана төлемі есебінен мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше