Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Қазіргі әлемдік өркениетте ресми түрде ұлттық идеология жоқ. Жоқ болатын себебі – ұлттық идеология бір ұлтты өзге ұлттардан жоғары қояды, мұның аяғы шовинизмге апарып соқтырады дейді батыс ғалымдары. Десек те, ұлттардың болашағына қауіп төніп тұрған қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір ұлт өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен аты басқаша аталғанымен де іс жүзінде ұлттық идеология саясатын барынша жүргізіп жатқанының куәсі болып отырмыз.
Жаһандану дәуірінде оған қарсы бағытталған ұлт-азаттық, дінаралық, әлеуметтік қақтығыстар күшейе түсуде. Адамзат қоғамын жалпыға ортақ бақытты заманға жеткізбек жаһанданудың жалғасы әлемнің астан-кестенін шығарып, ойға келмеген қауіп-қатерлер алдан шығып жатыр. Тілімізді, ұлттық болмысымызды қалай сақтаймыз деп жүргенде, әлемнің бір шетінде пайда болған «індет» те жаһанданып, әлемді жайлап, жалмап барады. Тәжтажалдан коронавирус қорыққандар қазір өздерінің жеке ұлт, мемлекет екендері есіне түсіп, өздерін сақтап қалу үшін жаһандық байланыстарын тоқтатып, ұлттық үйлерінің – мемлекеттерінің есік-терезелерін қымтап, ешкімді кіргізбей де, шығармай да өмір сүруге көшіп жатыр. Басқа түскен ауыр жағдайда не істеуіміз керек, болашағымыз қалай болмақ деген сауалдар күн тәртібінде тұр.
Міне, осындай ұлттың болашақ тағдыры күн тәртібіне қойылған жағдайда ұлттық болмысымызды сақтап, басқа алпауыт ұлттардың ассимиляциясына түсіп кетпес үшін арқа тұтар, тірек қылар ұлтымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін, жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де айнаға түсіргендей айқындап берген, адам болып, халық болып қалуымыз үшін не істеп, не қоюымыз керегін айтып, күндей күркіреп, өмірі күңіренумен өткен Ата қазақ Абайдай ұлы тұлға керек. Абайдың ұлылығы сонда, қазақ қандай болу керек, ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған мынадай қилы заманда өзімізді сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек деген сауалдарға жауаптың барлығын да Абайдан, оның қаламынан шыққан 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөзден табамыз. Сонымен қазақтың ұлттық бейнесін Абайдың рухани болмысынан толық көреміз; Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай.
Абай ел болу үшін, өсіп-өркендеу үшін ең алдымен, бірлік керек дейді. Абайды оқиық: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес».
Әлеуметтанушы, психолог ғалымдардың анықтауынша, адамдардың, ұлттың бірлігі ойдың бірлігінен басталады. Ой бірлігі – жалпы бірлік атаулының бастауы. Идеялық бірлік болса, сөзде де, істе де бірлік болады. «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» (Ә. Бөкейхан). Нағыз бірлікке ұлттық немесе мемлекеттік идеологияның арқасында ғана қол жетеді. Демократиялық қоғам орнатуға кіріскен елімізде идеологиялық жұмыстардың жетімсіздігінен ұлттық бірлікке қол жеткізудің қиын болып жатқанын осылайша түсіндіруге болады. Абайдың ұлылығы сол, ғылыми жағынан да, жүзеге асыру жағынан да ұлт үшін аса маңызды болуымен бірге аса қиын осы бір мәселенің дұрыс шешімін осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтып кетіпті. Абайдың «ақылға бірлік» деп отырғаны ой бірлігі, идея бірлігі бүгінгі қазақ қауымының алдына өткір қойылуда.
Адамның адам болып өмір сүруі үшін екі түрлі азық – тән азығы мен жан азығы керек. Абайша айтсақ, «Адам ұғымы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» тұрады. Мұндағы тән азығы адамның биологиялық тіршілігін қамтамасыз етіп отыратын азық-түлік пен ыстық-суықтан қорғайтын киім-кешек болса, жан азығы дегеніміз – оның қоғамдағы қарым-қатынастарын, өмірлік мақсаттарын айқындап отыратын өмір сүрудің адамгершілік нормалары. Тән азығы негізгі қозғаушы күшке айналса, адам адамға қасқыр болып, қоғамды дүниеқоңыздық, жемқорлық, әділетсіздік, қылмыс жайлайды. Ал жан азығы алға шықса, адамгершілік салтанат құрғанымен де, елді кедейшілік жайлап, күнкөріс қиындайтын болады. Сондықтан да адамның дұрыс өмір сүруі, қоғамның қалыпты дамуы үшін осы екі түрлі – тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап отырудың маңызы зор. Абай былай дейді: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік» (Жетінші сөз).
«Жас бала анадан туғанда, екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» (Жетінші сөз).
Ақынның ойынша, көпті көрген, көп ізденген, көп нәрсені ойына тоқыған, жақсы мен жаманды ажырата алатын адам – ақылды адам. Ал ақылсыздық – «ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі» болса, ақылды – жан қуаты күшті адам. Ақылсыздық, білімсіздік – адамның қоры. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. «Білімсіздік хайуандық болады». «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» (Отыз сегізінші сөз).
Абай әлемде не болып жатқанынан бейхабар халқын өзгелерден қалып қоймас үшін өнер-білімге, ғылымға шақырды.
«Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (Отыз сегізінші сөз), «Ғылымның бір аты – ақыл» (сонда), «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» деп білген Абай елінің ертеңін білім-ғылыммен байланыстырды; сондықтан да халқын оқуға, білім алуға, ғылымды үйренуге шақырды. «Ғылым» Алланың сегіз сипатының бірі екенін еске салды: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат», «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (Оныншы сөз). Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (Он сегізінші сөз), «Ғылым мал табу құралы емес, мал ғылымды дамыту үшін қажет» дейді. Демек, ғылым – өмірді танып-білудің бірден бір жолы; адам білімдар болған сайын ақиқатқа қарай, яғни Аллаға да жақындай түседі деген сөз».
«Ақыл» (ой, идея. Д. Ы.) іске асуы үшін міндетті түрде жүректің сарабынан өтіп, жылуына оранып, қайраттанып, қуаттанып шығуы міндетті. Сонда жүрек кез келген «ақылды» қабылдай бермейді, оларды сүзгіден өткізіп, бойында жылуы, жігері бар өміршең, тиімділерін ғана қабылдайды. Жүректің мұндай қасиеттері тәрбиемен қалыптасады. Жақсы тәрбие алған жүректер дұрыс шешімдер қабылдауға көмектессе, «қатып қалған жүректерде» керісінше болады. Сондықтан да адам өмірінде жас ұрпақ тәрбиесінің, яғни «жүрек тәрбиесінің» маңызы зор. Мұндағы «жүрек тәрбиесі» деп отырғанымыз – адамгершілік тәрбиесі. Міне, Абай ақыл болғанымен де оны жүрек тәрбиесінсіз жүзеге асырудың мүмкін еместігін тағы да ескертіп отыр. Кезінде әл-Фараби де жүректі адамның ең басты дене мүшесі деген.
Абайдың айтуынша, сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»; «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз – жалған сөз, ондайларға сенбе.
«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас. Достық, қызық, бар қызық – жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі» деп жырлаған ақын жүректің адамның рухани өміріндегі шешуші рөлін дәл айтып отыр.
Ақын халқының көзі, сезімі, жыршысы дейтін болсақ, өмірдің әділетсіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көрген, барынша сезінген ақынның жүрегі «қырық жамау».
Поэзия – адам жанының сыры, сезімі. Ал осы сыр мен сезімнің ұясы – жүрек. Абай лирикасында сезім мен сырға толы «жүрек» сөзі жиі қолданылады. Адам «Ақылдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» дейтін Абай жүректен жарып шыққан небір әсем теңеулерді, эпитеттерді, метафораларды шебер қолдану арқылы қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, өлеңнің поэтикалық, ойшылдық қуатын күшейтіп, көркемдік кестесін құлпыртып, сөзден сурет салған. Ақынның бұл сөзді өмірінің соңғы кезеңінде ішіне жиналып қалған мұң-шерін сыртқа шығарған көңіл күй лирикасында көбірек қолданғаны байқалады.
Абай «Он жетінші қара сөзінде» жүректі былайша сөйлетеді: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қанменен тарайды, жанмен де мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың жай-күйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің барлығы менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?».
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат», «Көжекбайға», «Көкбайға», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Болыс болдым, мінеки», «Мәз болады болысың», «Күлембайға», «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Ем таба алмай», «Заманақыр жастары», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Дүтбайға», «Жүрегім, нені сезесің», «Болды да партия», «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?», т. б. өлеңдерінде өз заманының кемшіліктері аяусыз сыналады. Осы өлеңдерінің аттарынан-ақ ақынның елдің ішін жайлаған әлеуметтік дерттерді дөп басып, ащы тілмен түйрей білгенін көреміз.
Абай қазақ халқын осындай күйге жеткізген үш түрлі жаманшылық туралы ескертеді:
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп, білесің.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» (Отыз сегізінші сөз).
Абайдың ұлылығы өз халқының бойындағы кемшіліктерді сынаумен бірге, оны жоюдың жолдарын да көрсете білуінен көрінеді. Ақын адам қайткенде, адам болып, ұлттық болмысын сақтай алады деген мәңгілік сауалға жауап берді; ғасырлар бойы жинақталған адамгершілік нормаларын жүйеге келтіріп, тұтас бір «Толық адам» концепциясын жасады.
Абай қазақтың бойындағы қисық мінездерді сынаған өлеңдерінде имандылықты басшылыққа алып отырған. Құнанбай қажының шаңырағында өмірге келіп, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде мұсылманша дәріс алған Абай жастайынан діни білім, тәрбие алып, иманды болып өсті.
Ақын әбден кемеліне келген елу жасында: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес. Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса, тәңірі үшін» деп жырлапты.
Өмірінің соңғы жылдарында (1902) хатқа түскен мына өлеңінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», «Көп кітап келді Алладан, оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас...», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деп адам өмірінің бақытқа бастар жолын имани тұрғыдан көрсетеді.
Әдетте біз махаббат сөзін екі жастың арасындағы сүйіспеншілік сезім ұғымында жиі қолданамыз. Абай бізге «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиет қалдырып отыр. Абайдың айтып отырған махаббаты – «әуел адамның адамдығы» (отыз сегізінші сөз) отбасынан – ата-анасын, құдай қосқан қосағын, бала-шағасын, бауырларын, туыстарын жақсы көруден басталып, одан әрі қарай жалпы адамдарды құрметтеп, өмірді сүюге ұласуы керек. Отбасының тыныштығы, ағайынның татулығы адамның бақытты болуына жағдай жасап, елдің тыныштығына, қоғамның өркендей түсуіне алып келеді. Осы сияқты сан-алуан тіршілік әрекеттері сүйіспеншілікпен суғарылып жүзеге асса, Алланың нұры жауып, ол адам өмірдегі шын бақытқа кенеледі. Өйткені, «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім» (Қырық бесінші сөз). Адамдарды сүйе білген адам ғана Алланы шын сүйе алады. Жүрегі адамгершіліктің, имандылықтың рухымен нұрланған адам – нағыз адам, кемел адам.
Хакім Абай «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ақыретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе-бірің қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» деп, адам баласын ойлануға, мына «бес күндік» жалғанда сыйластыққа шақырады. Тағы бірде ол «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдың имандылықпен суғарылған ой иірімдерін оқығанда мынау мың құбылған өмірдің қыр-сырларын енді ғана түсіне бастағандай боласың.
Абайды заманы атқа ерте мінгізіп, ерте есейткен. Ел-жұртына сөзін өткізе алмай, әбден қажыған Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп, қамыққанда, небәрі 41 жаста, ал «Ішім өлген, сыртым сау», «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным» деп, торығып жүрген кезінде небәрі 43-те екен.
Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін жоғары бағалайды. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақын бір өлеңінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу тастайды. Мұны айтып отырған себебі – адамды адам қып, елді бірлікте сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, әрі қарай жүзеге асыру керектігін алға тартып отыр.
Абай оннан астам өлеңінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керектігі жайлы пікір білдіреді. Абайдың сөз өнері жайлы ой концепциясы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Базарға қарап тұрсам əркім барар», «Сегіз аяқ», «Сəулең болса кеудеңде», «Адамның кейбір кездері», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты өлеңдерінде мейлінше ашық айтылған.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы. Өлеңді, өлеңнің теориясын өлеңмен жазған Еуропадағы атақты Буалоның «Поэтикасымен» салыстыруға болады. Сонымен бірге бұл өлең Абайдың сөз өнері жайлы айтқан ойларының шыңы, өлеңмен жазылған манифест іспеттес.
Абайды білгісі келген адам алдымен, оның «Сегіз аяқ» өлеңін оқуы керек. «Сегіз аяқ» – ақынның бүкіл адами, шығармашылық, дүниетанымдық болмысын аңғартатын философиялық толғау. Адамды бей-жай қалдырмайтын өмір жайлы терең толғамдар сырлы сөзбен салынған суреттер арқылы көркем кемелдікке ұласып, небір ғажайып ойларға жетелейді.
Абай «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» атты өмірмен қоштасу, кейінгілерге өсиет мазмұнды өлеңінде: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей. Өлең, шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп, өмірінің қандай жағдайда өткені, нені атқарып, нені атқара алмай бара жатқаны жайлы ағынан жарылыпты.
Зымырап замандар, «кезекпенен» ұрпақтар ауысып жатыр. Бірақ та он тоғызыншы ғасырда айтылған Абай сөздері біздің ғасырда да күні кеше ғана айтылғандай. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп, ақынның өзі айтпақшы, Абайдың келер ұрпаққа жазып қалдырған өсиеттері де – қазақпен бірге мәңгі жасайтын «өлмес сөздер».
«Единица – жақсысы, Ерген елі – бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол. Единица болмаса, Не болады өңкей нөл» дейді ол. Ақынның өзі жырлағандай, Абайдың өзі ғасырларда бір-ақ туатын «единица», біртуар ойшыл.
Шығыста «Барлығын білетін, білгенін іске асыруға ұмтылатын адам – данышпан, оны ұстаз тұт» деген сөз бар. Абай – қалың елдің ішінде жүріп, азып-тозып бара жатқан қазақты қайткенде адам болып қалатын, бақытқа жеткізер, надандықтың ми батпағынан шығарар жолдарын іздеп, «басын тауға да, тасқа да ұрған», оны халқының даналығынан, исламның имандылығынан, Батыстың ғылымынан тауып, «Толық адам» ілімін жасаған, жұртын осы адамзат дамуының сара жолына түсуге шақырған данышпан. Абай бастап, одан кейін алашшылдар жалғастырған қазақтың қасқа жолымен адаспай жүру бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған үлкен сын.
Абай – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала данышпаны да. Қазақтың халық болып жұрт қатарлы өмір сүруі үшін адал еңбек етіп, озық білім мен ғылымды игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен имандылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген «Толық адам» болуы керектігін ескерткен де – дана Абай. Абайдың ұлылығы сол, оның сөз өнерінің інжу-маржанына айналған поэзиясының әрбір сөзі ойымызға, бойымызға адамгершіліктің, ұлттық рухтың нәрін сеуіп, санамызды жаңғыртып, өмірге деген құлшынысымызды арттыра түсуінде жатыр.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор