Экономика • 28 Мамыр, 2020

Қала дамуына қарқын береді

205 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өнім нарыққа делдалсыз шығарылса

Шымкенттік шаруалар үшін өткен жыл жемісті болды. Ауылшаруашылық өнімінің көлемі 29,5 млрд теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңінен 6,3 пайызға артты. Оның ішінде, мал шаруа­шылығы 19,4 млрд теңге, егін шаруа­шылығы 9,4 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында ет өнімінің көлемі 24,6 пайызға, сүт өндірісі 1,3 пайызға артты.

 

Қала дамуына қарқын береді

Алайда биыл бұл көрсеткішті еселей түсуге әлемді жайлаған пандемия қол­байлау болып тұр. Бірақ әрекетсіз бе­реке келмейтінін ескерген жергілікті билік ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өнімдерін арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстарды қолға алды.

Күні кеше шаһар басшысы Мұрат Әйтенов агросекторда тауар өнім­дерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан ірі кешендер мен құс фабрика­сының жұмысымен танысты. Ауыл шаруа­шылығы бағытындағы нысандарды аралау барысында қала әкімі Мемлекет басшысының «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» ұсынысын іске асыру бойынша тауар өндірушінің өнімін делдалсыз нарыққа шығару үшін кәсіпкерге базарлар мен сауда орталықтарынан сауда нүктелерін ұсынуды айтты. Сонымен қатар дағдарыстан зардап шеккен кәсіпкерлерге жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Бүгінде көршілес Сайрам ауданы мал бордақылауда республикада көш бастап тұр десек қателеспейміз. Бір ғана Қарабұлақ ауылының өзінен шыққан ет өнімдері республикалық нарыққа ендеп кіріп кеткен.

1

Қалаға қарасты Сайрам елді мекені­нің тұрғындары да осы артық­шылықты тиімді пайдаланып келеді. Ең алдымен қала басшысы Сайрам елді мекеніндегі мал бордақылау және тауарлы сүт өнімін өндірумен айналысатын «Бәйтерек Агро» АӨК-не барды. Кешеннің жалпы аумағы – 300 гектар. Оның 14 гектарында қоражай орналасқан. Мұнда қазір 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы мен 200 бас сауын сиыры бар. 10-ға жуық ет өнімі осында тапсырыс­пен дайындалады. Сондай-ақ тәулігіне 4 тоннаға дейін сүт өндіріп, құрт, сүзбе, айран секілді сүт өнімдерін жасайды. Бұдан өзге күніне 50 бас ірі қара малды союға мүмкіндігі бар. «Қазіргі таңда 60 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал ауысым кезінде жұмысшылар саны 200-ге дейін көбейеді», дейді кәсіпорын басшылары.

Серіктестіктің жұмысына оң бағасын берген қала басшысы Шымкентте ауыл­шаруашылық бағытында кәсібін дамыт­қысы келетін азаматтарды «Бәй­терек Агро» агроөнеркәсіптік кешенінің жұмысынан үлгі алуға шақырды.

«2017 жылы жұмысын 50 бас ірі қара малмен бастаған шаруа қожалығы жүйелі жұмысының нәтижесінде бүгінде ірі қараны 1 мың басқа, ұсақ малды 2 мыңға жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен және қала тұрғындарын сапалы өнімімен қамтуда. Еселі еңбегінің нәтижесінде кәсіпкер жылына 50 млн теңге көлемінде табыс табуда», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Алдағы уақытта «Бәйтерек Агро» АӨК басшылығы сүт өңдейтін зауыт пен ет комбинатын салуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, шаһар басшысы бұл мақсатқа жетуге әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.

«Елімізге шетелден импортталатын құс еті өнімдерінің орнын басатын бәсекелес бар ма?» деген сұрақ кез келген ел азаматын ойландыратыны анық. Егер сұраққа жауап берер болсақ, бірден «Шымкент құс» ЖШС-нің да­йын өнімдерін ұсынар едік. Сапалы, бағасы қолжетімді өнім бүгінде ірі сау­да орталықтарының сөрелерін жаулай бастады. Алдағы уақытта шеттен келетін құс еті өнімінің базарын тоқтататына сенім мол.

Отандық ет өнімдерін өндіру ісінің озаты атанған кәсіпорынға барған қала әкімі ондағы жұмыртқа және бройлер етін өндіру ісімен танысты.

Қазіргі таңда 320 адам тұрақты жұ­мыс істейтін фермада 600 мыңға жуық құс өсірілуде. Фабрикада жұмырт­қа жинау және сұрыптау процестері авто­мат­тандырылған жүйеде жұмыс істеп тұр. Заман талабына сай зоотехни­калық, ветеринарлық зертханаларымен қамтыл­ған. Құс фермасының қуаты жылына 105 млн дана жұмыртқа және 2 мың тонна бройлер құс етін өндіруге қауқарлы.

Қала әкімі төтенше жағдай кезін­де сақтық шараларын барынша күшейте отырып, ірі кәсіпкерлік нысандар­дың жұмысын қайта бастауды мық­тап қолға алды. Себебі ірі өндіріс орындары қаншама қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Осыған орай, жуырда «Рахат-Шымкент» кондитерлік фабрикасының жаңа желісі іске қосылған болатын. Аталған кәсіпорынға арнайы барған қала әкімі Мұрат Әйтенов жұ­мыс­шылармен кездесіп, фабриканың қала өнеркәсібін дамытуда айрықша үлесі бар екенін атап өтті.

Жаңа желінің ашылуы өткен жыл­дың сәуір айында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС арасындағы серіктестік меморандумы нәтижесінде іске асырылған. Бұл жоба барысында Қазақстандағы үшінші мегаполистің өндірістік әлеуетіне 1,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қоса, жоба мемлекет тарапынан қолдау тауып, 90 млн теңге субсидия төленген. Жаңа желінің ашылуы арқылы 80 азамат жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл фабрика бір сағат ішінде 1 тонна, бір жылда 3,5 мың тонна мармелад шығаратын болады. Фабрика заманауи құралдармен жабдықталған. Бүгінде 30 аталым бойынша 6 өнімнің түрі өндіріледі. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша фабрикада 20 мың тонна өнім шығарылған.

 

Қақпа – қаланың айнасы

Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттің оңтүстігінен кіреберістегі көпірдің қасбетін өзгерту мәселесін мамандармен талқылады. Сонымен қатар Республика даңғылы бойында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты.

Иә, көршілес Өзбекстан бағытындағы қақпаның сыртқы қасбеті ескіріп, жұпы­ны көрінетін. Қала қақпасының қонақтар үшін бірінші нүкте, айна екенін ескерген сала мамандары оңтүстік кіре­берістің сәулеттік келбетін жақсарту үшін түрлі жобалар жасай бастады.

Қазіргі таңда мұнда әрлеу және жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылдың сәуір айында бастал­ған күрделі жөндеу ісіне қазынадан 2 млрд 400 млн теңге қарастырыл­ған. Шымкент қаласының Оңтүстік қақпасы саналатын даңғыл бойында жүріп жатқан бұл шаруалар «Береке» корпорациясына жүктеліпті. Қала әкімі мердігер компанияға атқарылатын істің сапасына аса назар аударуды тапсырды. «Республика даңғылындағы жөндеу жұмысының не үшін жүргізіліп жатқа­нын түсіндіре кетейін. Көптеген тұрғын бұл мәселеге сынмен қарауда. Байқа­са­ңыздар, жолдың бөлу жолағының бір шетіне су қашырғыш құбырлар, екінші жағына лоток орнатылуда. Құбыр қойған себебіміз, оның үстіне веложол салынады. Сол себепті, асфальтты жаңбыр суы көбіне лотокқа қарай құйылатын етіп төсейміз. Жауын-шашын кезінде су сол арнаға құйылады да, жолды су басу қаупі болмайды. Бұл жүйені Байтұрсынов көшесінде байқап көрдік. Соңғы жауын кезінде жұмысы аяқталмаған екі аумақты қоспағанда мұнда су басу қаупі болған жоқ», дейді қала әкімі.   

Айта кетерлігі, Республика даңғылы­ның екі бағытында да 4 жолақты жол қарастырылған. Ұзындығы 5,2 шақы­рымды құрайтын көпір мен даңғылдың күрделі жөндеу жұмыстарына бүгінде 150 жұмысшы жұмылдырылған. Бұл шаруаны 2021 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

Ал шаһардың әуежай аумағында құ­рылыс жұмыстары қарқынды. Заман талабына сай қаланың келбетін көр­сететін сәулеттік жобаны көгалдан­дыру жұмыстары да назардан тыс қалмақ емес.

Шаһар басшысы әуежай аумағын абаттандыруға арналған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Жоба бойынша жалпы 5 гектар аумақты абаттандыру қарастырылған. Онда жер қазу, абаттандыру, асфальт төсеу, жарықтандыру, автотұрақ салу, аялдамалар салу жұмыстары жүргізіледі.

Атқарылатын әр жұмысты мұқият тың­­даған қала басшысы өзінің ұсы­ныстарын енгізіп, мекеме басшылығына бірқатар міндет жүктеді. Халықаралық әуежай аумағында салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының аумағын абаттандыру жобасы бойынша жаңа терминал маңында 485 көлікке арналған автотұрақ салу басталды. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру барысында 485 көлікке арналған автотұрақ, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орын, автобустарға бөлінген жол, 9 қыз­меттік автотұрақ, автобустарға тұрақ салынады. Сонымен қатар екі ақыл­ды аялдама, ұзақ уақыт тұрақтарға арнал­ған 4 дана қалқа, 8 қоқыс жәшігі мен 8 орын­дық орнатылып, асфальтобетонды жолдың жүру бөлігін төсеу, жаяу жүргіншілер жолдарын гранит плиткаларымен қаптау, 14277 шаршы метр жерге көгал төсеу жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

Шымкентті абат қалаға айналдыру үшін көгалдандыру жұмыстары да кезең­кезеңімен қолға алынуда. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 2 гүлзарда абаттандыру, қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

«Д.Қонаев даңғылы мен Ғ.Иляев көшесі қиылысындағы гүлзарды көрік­тендіру жұмыстарының жобасы қолға алынды. Нысан аумағында көгал алаңы толықтай жаңартылып, веложол, жарық шамдары және орындықтар орна­ту қарал­ған. Қосымша қылқан жапыра­қ­ты ағаш көшеттері, декоративті гүл­дер отыр­­­ғызылатын болады», дейді Әл-Фара­би ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов.

Сондай-ақ Д.Қонаев даңғылы мен Түркістан көшесі қиылысындағы гүлзар­ды абаттандыру жұмыстары бас­талды. Ғабит Мәуленқұловтың айтуын­ша, бұл нысандар Шымкент қаласы­ның өзіндік келбетін айшықтап, қала тұр­ғын­дары демалатын аймаққа айналады.

Айта кетерлігі, аудан аумағында 13 саябақ, 18 гүлзар, 17 ескерткіш және 11 субұрқақ бар.

 

Зообақ заман талабына сай жаңартылады

Әлемнің дамыған елдерінде тұрғын­дар түгілі жан-жануарларға толық жағ­дай жасалған. Әрине олар да табиғат ананың бір бөлшегі болғандықтан экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұру үшін қолайлы жағдай жасау қажет-ақ. Бүгінде еліміздің ірі қалаларында ғана аң-құстар ұстайтын зообақтар бар. Со­ның бірі Шымкент қаласында орналасқан.

Соңғы жылдары қаладағы зообақ аймағында бірқатар оңды іс жүзеге аса бастады. Дегенмен бұл жұмыстар әлі де жет­кіліксіз. Себебі ТМД елдерінің мәде­ни астанасы атанған ірі мегаполис зоо­бағы заман талабына сай болуы керек.

Осыны ескерген қала әкімдігі карантин кезінде Шымкенттегі зоологиялық бақта жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев Инстаграм парақшасында айтып өтті.

«Шымкент зообағы келушілер үшін әзірге жабық. Бірақ бұл зоологиялық бақ жұмыс істемейді деген сөз емес. Онда жөндеу жұмыстары толығымен жүр­гізілуде. Зообақ басшылығы, мерді­гер мекеме және жобалаушы өкілдерімен өткен көшпелі отырыста жұмыстардың барысын талқыладық. Зоологиялық парктің 63 павильоны қайта жаңартылып жатыр. Олардың әрбірі жануарларға барынша жақсы жағдай жақсарту мақ­сатында жабдықталады», деді қала әкімінің орынбасары.

Шымкенттегі зообақтың келбеті жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Бақтың оң жақ бөлігінде хайуанаттарға арналған «Африка» аймағы құрылды. Мұнда жан-жануардың түйеқұс, түйе, зебра, антилопа, гну, марал сынды 6 түрі бар.

Зообақ 1980 жылы 19 сәуір күні ашылды. Алғашқы кезде коллекцияда 75 аңның түрі, 350 данасы болды. Зообақ ашылғаннан бастап жануарлар коллекциясы көбейе түсті. Қазіргі таңда зообақ коллекциясында 194 түрлі жан-жануардың 2002 басы бар. Зообақта жыл сайын теңбіл бұғы, арқар, пони, еуро­палық кербұғы, қырғауыл, үйрек, жол­барыс питон, арыстан және тағы да басқа жануарлардың түрлері көбеюде. Шым­кент мемлекеттік зоологиялық саябағы 2010 жылдың шілде айында Еура­зия­лық аймақтық зообақ және аквариум ассо­циа­­циясына қайта мүшелікке енді.

Шымкент мемлекеттік зообағының басты мақсаты – сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жабайы аңдар­ды асырау, оларды көбейтіп табиғатқа қай­та жіберу және ғылыми-зерттеу жұ­мы­сы, сонымен қатар қызметкерлер келу­шілерге аңдар туралы лекциялар оқып, экскурсия жасайды. Жыл са­йын ғылыми жұмыстар Қазақстан мен ТМД елдерінің журналдарында жарық көреді. Зообақта жыл бойына мектеп оқушылары мен биология және экология факультеттерінің студенттеріне арнап лекциялар, ғылыми консультациялар және өндірістік, диплом алдыңдағы тәжірибелер өткізіліп келеді.

Қазіргі таңда зообақта жөндеу жұ­мыстары бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда.

«2015 жылы 10 павильон, 2018 жылы 9 павильон жөндеуден өткен. «Мердігер мекеме «MabexTrade Ltd» ЖШС-нің жұмысына ескертпелер берілді. Оларды бір ай ішінде ретке келтіруді тапсырдым. «Аралас павильон» мен «Азия» павильонын қайта құру қарастырылған. Жоба бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Мердігер меке­мелерден құрылыс мерзімін сақ­тау­ды талап еттім. «Оңтүстік және Солтүстік» континенттердің 27 павильонын жөндеу жоспарлануда. «Корпорация Береке» ЖШС-мен жобаны жақсартуға бағытталған өзгерістерді талқыладық», деп атап өтті Б.Мамыталиев.

2