Өнер • 28 Мамыр, 2020

Анжела Жерихтің ізгілікті ирониясы

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Анжела Жерихтің суреттерінің ішкі әлемін кейде Феллини мен Бергман фильмдеріндегі кейіпкерлер бейнесінің сиқырымен салыстырады. Әйел жаны туралы айтылған болса мұнымен келісуге де болар еді. Өмірлік тәжірибедегі айырмашылыққа қарамастан, суретші «өткен дәуірдің суреттерін», социалистік реализм стереотиптерінің ретроспективасындағы ізгілікті ирониямен сәтті орындайды.

Анжела Жерихтің ізгілікті ирониясы

Айналамыздағы үйреншікті болғаны сонша өзіміз аңғара бермейтін етене көріністер су­ретші қылқаламынан жа­ңа­ша кейіпте өріліп шығады. То­лықша келген арманшыл бикештер, қораздана кеуделеген мырзалар, күншуақтап отырған әжелер дейсіз бе, кейіпкерлер галереясы бай. Оның тағы бір ар­тықшылығы – социалистік реа­лизм көріністеріне тән шектеулерден ада, даңғазалық пен көрінеу жасандылық та­биғатына жат. Кері­сінше, суретші картиналарында теңдік пен үйлесім салтанат құрады, авангардизм мен ли­рикалық толғаныс әзілге иек артады. Ав­тор олардың әрқай­сысына жа­на­шырлықпен қарап қана қой­майды, өзгеше өмір сыйлайды.

1

– Сюжеттер жол-жөнекей туады. Көбіне троллейбус­та жү­ремін. Адамдар аяз құрсау­лаған терезенің саңылауынан сығалай тесірейіп, теңселеді. Әлдебір мадам кіреді де, буланған көз­әйнегін сүрткіштейді. Мұндай көріністен қалай сырт қаласың? – дейді баспасөзге берген сұх­батында.

Суретші туындыларының өзге­шелігіне әралуан сюжет­тік мотивтердің, дара стиль­дік ма­шық пен тұспалды пайымдау­ларының орнықты сипатталуын жатқызар едік. Мәселен, «СССР-ға саяхат» сериялы туындысында социалистік өмірден мұраға қалған жасампаздықты кейіп­керлерінің бас-басына лайық­тап үлестіріп береді. Дәуір шын­дығын қайта ойластыра отырып, әзілмен ұсынады.

«Менің балалық шағым сол жерде, кеңес дәуірінде өтті. Көбі ойлағандай мен СССР-ді жақындатпаймын да, мадақ­тамаймын. Бұл – балалық шаққа қайта оралу! Мысалы, пирожки мен алма толтыра шелек ұстаған пойыздың сатушылары несімен ерекшеленеді?» деген автор жергілікті типаждардың бейнесі арқылы кеңестік түсініктегі ор­тақ ұстанымдарды көрсеткісі кел­генін айтады.

Ізденіс жолында батыл­ды­ғымен көзге түсетін Анжела Же­рихтің шығармашылығының негізгі нысаны – адам. Өмірге деген ирониялық көзқарасы сұл­­ба­лардың арғы жағынан шы­найы рухани мазмұнды кө­руге жетелейді. Ол сомдаған әйелдердің бейнесі жеке сипат­тағы сюжеттік идея­мен басталып бір арнаға келіп тоғысады. Әдеттегі қалыпқа сыя бермейтін кереғар қайшылықтарды ли­ри­калық элементтермен оңай сіңіреді. «Бір билет», «Сені кү­темін», «Өткен мен бола­шақ­тың арасында», «Анжела парадқа барады» атты бірегей туындыларында мінез, көрік, тағдыр үштағаны уақыт қозғалысында көрініс табады. Анжела Же­рихтің шеберлігі сол өткен шақтың сағынышты елесін өзіне тән нәзік тұспалдар арқылы ер­тегі тіліне айналдырады.

5

Живопистік туындының маң­дайын жарқыратып жібе­ретін зор бақыты француздың әйгілі суретшісі Эжен Делакура айтқандай, өз көрерменін қа­рата білуінде деген пікірге сая­тын­дығы рас. Бүгінгі өнер­сү­йер қауымды Анжела Жерих за­­манның әрқилы тыныс-тір­шілігіне сыншыл көзқараспен үңілген соны туындыларымен қуанта береді деген сенімдеміз. Қазіргі таңда автордың жұмысы туған өлкесі Украинадан тыс жеке коллекцияларда, Жапония, Санкт-Петербург, Мәскеу, Нью-Йорк өнер мұражайларында сақ­таулы.