Тарих • 31 Мамыр, 2020

Ғұмыры келте Ғаділше (Қазақтан шыққан алғашқы физиктердің бірі)

927 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан тұңғыш физик ғалымдардың бірі Ғаділше Аяпбергенов туралы осы күнге дейін көп айтылған жоқ. Оған себеп – ғалымның «халық жауы» атанып, атылып кетуі. Ғалым туралы сәті түскен күні қалың оқырман мен ғылыми орта нақты деректерге сүйеніп жазылған көлемді дүниені тұшына оқитынына сенім кәміл. Қазіргі сөз Ғаділшенің сонау 30-жылдары «Физика» оқулығын алғаш рет қазақшаға аударуы және басқа да ғылыми еңбектері жайында болмақ.

Ғұмыры келте Ғаділше (Қазақтан шыққан алғашқы физиктердің бірі)

Өз елінде «коммуна типтес» мектеп ашқан әкесі Аяпберген Науанұлының ақылымен әуелі ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан Ға­діл­ше – Орынбордағы орыс мектеп-интер­натында оқып, сосын Алматыда жаңадан ашыл­ған ҚазПИ-дің физика-математика ма­ман­­дығына 1929 жылы қабылданып, 1933 жылы жедел курспен бітірген алғашқы лек­тегі түлегі. Студент кезінде-ақ ол институт ди­рек­торының (Б.Алманов) бұйрығымен ассис­тент болып жұмысқа қабылданып, орыс тілінде жазылған оқу құралдары мен әдіс­темелік әдебиеттерден төменгі курстарға дә­ріс оқыған. Сондықтан халықты сауаттан­дыру жөніндегі «орталықтың» шешіміне сәй­кес жекелеген оқулықтарды өзге тілдерден аудару үшін республика қазынасынан ар­найы қаражат қаралған. Соның негізінде Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссариаты V сынып­тан жоғары оқушылар үшін «Фи­зика» оқу­лығын қазақ тіліне аударып беру жөнін­де соңғы курстың студенті әрі ассистент Ғ.Аяп­бергеновке арнайы тапсырыс береді.

Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғанға дейін оқытылып келген Г.И.Фалеев пен А.В.Пе­рыш­киннің екі бірдей «Физика» оқулы­ғын 1933 жылы тұңғыш рет қазақ тіліне аудар­ғанын жас ғалым өзінің жеке ісінде көрсет­кен. Бұл екі кітап Алматы қаласындағы елі­міз­дің Орта­лық ғылыми кітапханасының сирек кітап­тар қо­рында сақтаулы тұр. 1933 және 1935 жыл­да­ры жарық көрген кітаптар Қызыл­орда­да­ғы мем­лекеттік баспаханада басылыпты. Ара­да тоқ­сан жылға жуық уақыт өткен соң кітап­ха­на­ның электронды сайты арқылы біз тапқан құнды дүниелер жөніндегі әңгіме-дерек бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлім болып келді.

Республика халық ағарту комиссариаты­ның алқасы бекіткен Г.И.Фалеев пен А.В.Пе­рыш­киннің V сыныпқа арналған «Физика» оқулығының қазақша нұсқасы 1933 жылы басылып шыққан болатын. 104 беттік оқулық 125 суретпен безендіріліп, 99 тақырыпты 5 тарауға топтастырған: 1) Жабайы өлшеулер; 2) Жылылықтың нәрсеге әсері; 3) Қатты нәрселер; 4) Сұйық нәрселер; 5) Газдар. Сондай-ақ 20 мың дана таралыммен басылған кітап мазмұнының алдындағы бетке жаттығулардың жауаптары беріліп­ті. Құны – 1 сом 50 тиын. 5-оқу жылына арнал­ған орта мектеп үшін «Физика» оқу құралының бірінші бөлімі сол дәуірдің талабына сәйкес латын қарпімен басылған. 6 баспа табақтан сәл астам аударма кітапқа кейіннен жазушылығымен танылған белгілі қаламгер Өтебай Тұрманжанов редакторлық еткен.

Ғаділше Аяпбергенов аударған екінші «Физика» оқулығы (І бөлім) орталау мек­тептің VI сыныбына арналған. 1935 жылы Қы­зыл­ордадағы баспадан екінші басылымда шық­қан оқулықтың қосымша бес мың дана­мен шығуы да 5 тарауға біріктірілген 99 тақы­рыптан тұрғанмен, көлемі 96 бет, 5,5 баспа табақ. Мұның да авторлары – Г.Фалеев пен А.Перышкин, редакторы – Ө.Тұрманжанов.

Бір ғажабы, екі кітапқа да Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті жанын­дағы әлеуметтік құқық факультетінің кітап­ханасы өзінің мөрін басыпты. Соған қара­ғанда, аудармашысы тұтқынға алынған оқу­лық бағдарламадан шығарылған соң, «тұлы­бын» сақтап қалу үшін Ташкентте тұрса керек. Қазақ КСР Ғылым академиясының Орта­лық ғылыми кітапханасына соңынан жеткізілген сияқты.

Көз жүгірте отырып, оқушы ұғымына жеңіл әрі жатық тілмен жазылған екі оқулықта да кейбір негізгі ұғымдардың әлі күнге дейін қолданыста екенін байқадық. Аудармашы атауларды термин ретінде тұрақтандыруға ерекше ден қойып, қазақша баламасын дәл тапқан. Сөйлем құрауы, тілдік құралдарды қолдануында да ізденіс мол.

Кейіннен білсек, 1934 жылғы 14 ақ­пан­да Қазақ өлкелік комитетінің мәде­ниет және үгіт бөлімі, араға он екі күн салып респуб­лика ағарту халық комиссариаты бекіткен «Бастауыш және орта мектеп­тер оқулықтары авторларының (құрастыру­шылар, аудармашылар) тізімінде» «Физика» оқулығын аударушы төртеудің бірі болып Ғаділше Аяп­бер­генов тұр екен. Бұл тізімде сол дәуір­дегі небір марғасқалар – қазақтың оқыған азаматтарының түгелге жуығы бар. 1937 жылға дейін болашақ ғылым білгірі ретінде осы тізімнен шығарылмаған Ғ.Аяпбергенов А.С.Бубнов атындағы Ленинград мемлекет­тік университеті жанындағы физика инсти­тутының аспирантурасына физика ілімінің электротехника саласы мамандығы бойынша арнайы жолдамамен барып түскен.

«Қазақ мектептеріндегі физиканы оқыту және физикалық эксперименттеу әдістемесі» жөніндегі зерттеу жұмысын жазып бітірген Ғ.Аяпбергенов 1934 жылы тұңғыш ғылыми еңбегін сол жылы баспаға ұсыныпты. Бірақ бұл еңбектің одан арғы тағдыры қалай болғаны әзірге беймәлім.

Жас ғалым-ізденушінің талабын ұштамақ болды ма, әлде тиісті талабы солай ма, әйтеуір ағарту халкомы Т.Жүргеновтің өзі Ғаділшені ал­дын ала келісімге сай аспиранттар қатарында Ле­нинград мемлекеттік университетіне іс­са­парға жіберуге бұйрық шығарған. Және сол бұйрықта 1934 жылғы 1 қыркүйектен ас­пи­­ран­туралық курсты аяқтағанша ай са­йын 250 сом (рубль) мөлшерінде дербес шәкірт­ақы төлеп тұруды тапсырыпты. Оған қоса аспи­рант ретінде бөлек шәкіртақы тағы төлен­ген. Мұны Ғ.Аяпбергеновке тек «темір» хал­комның қамқорлығы деп қараған жөн бол­мас. Өйткені ҚазМУ-дің физика кафедра­сы­ның меңгерушісі, профессор В.Ф.Литвинов қол қойған мінездемеде де оның іс-әрекеті жоғары бағаланыпты.

Ғаділшемен Ресей жерінде қатар оқығандар да осал адамдар емес. Атап айтқанда, Серғали Толыбеков, Темірғали Нұртазин, Батырбек Бірімжанов, Мұхамеджан Қаратаев, Төлеген Тәжібаев, Хамза Есенжанов, осылайша тізбе­лей беруге болады. Ал Ленинградтың Тарих, философия және лингвистика институтын бітіріп, аспирантураға түскен Саттар Ерубаев Василеостровский ауданындағы №7 көшеде Ғаділшемен бір бөлмеде жатып, жан қиыспас дос болғанын екінің бірі білмейді.

Аспирантураның соңғы курсында жүрген­де НКВД-ның құрығына іліккен 11 адамдық топтың құрамында жиырма жеті жастағы Ғаділше Аяпбергенов болғанына ресми дәйек куә. Өкініштісі, 1937 жылдың 4 қарашасында кеткеннен оны «көрдім-білдім» деген жан жоқ. Тек «Ленинградский мартиролог» серия­сының ІХ томынан алынған мәлімет ойдан шығарылған үкімнің 1938 жылғы 26 сәуірде Нева жағалауында орындалғанына ғана айғақ.

Бұлыңғыр заманның бейкүнә ұлдарын диірменнің тасындай дөңгеленіп жатқан дүние, сырғыған уақыт ақтап алды. Белгісіз физик-ғалым Ғаділше Аяпбергенов – солардың бірі. Енді оларды жоғалтпайықшы!..

Назарбек ҚОСШИЕВ,

документалист

  

Суретте: (солдан оңға қарай): бірін­ші қатарда – Тайыр Жароков, Марат Ғадылше­ұлы, ..., жұбайы Зейнегүл Мадалиева, ...; екін­ші қатарда – Ғадылше Аяпбергенов, Асқар Тоқмағанбетов, Хамза Есенжанов, Батыр­бек Бірімжанов. 1934 ж. (Сурет Алма­ты қалалық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.)

 

АТЫРАУ