Елге әуелі кітаптары жетіп, тез тарап, қолдан қолға өтіп оқылып, халықтың жүрегінен жылы орын ала білетін жазушылар болады. Туындысын жата-жастана оқитын оқырмандары «осы жазушы нақты өмірде қандай екен, жүзін көріп әңгімесін өз аузынан естір ме еді» деп жүретіні тағы бар.
Елге әуелі кітаптары жетіп, тез тарап, қолдан қолға өтіп оқылып, халықтың жүрегінен жылы орын ала білетін жазушылар болады. Туындысын жата-жастана оқитын оқырмандары «осы жазушы нақты өмірде қандай екен, жүзін көріп әңгімесін өз аузынан естір ме еді» деп жүретіні тағы бар.
Сөйтіп, халық жадында жүрген қаламгерлердің бірі өткен ғасырдың 70-жылдарында, орда бұзар отыз жасында «Өмір сүргің келсе» атты романын ұсынып, талдықорғандықтардың көңіліндегі көп дүниені дөп басқан жазушы Роллан Сейсенбаев. Қазақ және орыс тілдерінде 100 мыңнан астам таралыммен жарық көрген сол романы үшін жас жазушы кеңестік дәуірдің бәйгесін алған-тын. Бұл бір. Екіншіден, Роллан Сейсенбаев кезінде Қазақстан Жазушылар одағының Мәскеудегі өкілдігін басқарды. Үшіншіден, ол халықаралық «Аманат» журналының құрылтайшысы.
Сонымен, Жетісудың кіндік қаласындағы орталық Мәдениет сарайында Роллан Сейсенбаевтың шығармашылық кеші дүрілдеп өтті. Бұл кештің бір ерекшелігі ресмилік ысырылып, таза әдеби кеш болды. Зиялы қауым өкілінің алдына әуелгі кезекте кеш иесі шығып, халқымыздың көне тарихынан суыртпақтай сыр тарта тұрып адамзаттың қайда, қандай бағытқа бара жатқаны жайлы ой толғады. Бабалар ісін көрсету арқылы адам бойындағы рухты оятып, жандандыру жайлы құнды пікірін ортаға салды. Бұл орайда Елбасының әлемдік деңгейде атқарып жүрген игілікті істерін көрсететін деректерге дәйектеме келтіре білді. Негізгі ұстанымы адам бойындағы намысты жану екендігін де паш етті.
Роллан Сейсенбаевтың тағы бір артықшылығы өзі басы-қасында болып қайта бастырып шығарған XVI ғасыр өмірін көрсететін «Шахнама» атты мың беттік кітапты ала келіп, бірінші данасын Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханаға сыйға тартқаны болды. Осы тұста айта кетер тағы бір жайт – Роллан Сейсенбаев Талдықорғандағы білім ордаларына да 3 мың данадан асатын туындыларын тарту етті.
Келесі кезекте, философия ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы Рүстем Жанғожин, Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлайым Байжекенова, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесіндегі жетекшісі, ақын Қорғанбек Аманжол, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Әділхан Сахариев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен ақындар сөз сөйлеп, өлеңдерін оқыды.
Жиналған халық сахна төрінде келісті келбетімен, замандасы туралы әсерлі әңгімесімен дүйім жұртты баурап алған Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловпен бірге Абайдың «Көзімнің қарасы» атты әнін қосыла шырқады.
Қорыта айтқанда, Талдықорған қаласы күні мерекесі аясында өткен Роллан Сейсенбаевтың шығармашылық кеші жұртшылықты күнделікті күйбің тірліктен серпілтіп, әдебиет әлеміне енгізіп, әдемі бір әсерге бөледі.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.