Руханият • 29 Мамыр, 2020

Дала фольклорының антологиясы

1202 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың руханият әлеміне қомақты олжа қосылды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Дала фоль­кло­рының антологиясы» атты 10 томдық басылымның алғашқы 5 томын жарыққа шы­ғарды.

Дала фольклорының антологиясы

«Бес томдық «Дала фольклорының ан­толо­гиясына» енген жауһарлар  қолжазба шы­ғармалардан музыкалық шығармаларға дейінгі әртүрлі жанрдағы туындылардан тұрады. Және олардың барлығы қазақ хал­қының дәстүрлерін сақтау, туған жердің тари­хын білу және өткен кезеңдегі ұлы қай­раткерлер туралы естеліктер сияқты ұлы даланың басты құндылықтарын көрсетуге бағыт­талған», деп атап өтті «Рухани жаң­­ғыру» қазақстандық қоғамдық даму институ­тының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Басқарма төрағасы атап өткендей, басы­лымның алғашқы бес томына әртүрлі қол­жазба нұсқаларымен және алдыңғы басылымдармен мұқият текстологиялық және салыс­тырмалы зерттеу нәтижесінде іріктелген тарихи эпостардың таңдаулы үлгілері кіріпті. Атап айтар болсақ, бірінші кітапқа аңызшы Аб­драхман Бектасовтың орындауындағы «Құламерген» және Жүсіпбек Шайхисламов жазған «Дотан батыр», сондай-ақ көптеген түркі халық­тары­ның арасында кеңінен тарал­ған «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобы­ланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Ер Едіге», «Шора батыр» секілді ежел­гі эпостар енді.

Антологияның екінші томы ноғай дәуі­рінің «Қырымның қырық батыры» атты әйгілі аңыз циклына арналған. Бұл жинақ атақты қазақ аңызшысы Мұрын жырау жазған отыз алты ертегіден тұрады. «Қырық бір батырдың бейнесі» туындысымен ашылған цикл әрі қарай Алтын Орда кезеңіндегі тарихи оқиғаларды және одан кейінгі XIV-XVII ғасырларда бөлінген түркі мемлекеттерінің ахуалын бейнелейді.

Серияның үшінші томында XV ғасыр­дағы қазақ мемлекеттілігінің өмірге келуі мен жалпы қазақ халқының қалыптасуы, сондай-ақ хандықтың даму процесінде пайда болған қиындықтар, сыртқы жаулармен күресі туралы тарихи әңгімелер енгізілген. Одан бөлек,  XVIII және XIX ғасырлардағы қазақ халқының жоңғар жаулап алушыларымен, Қоқан және Хиуа хандықтарының экспансиясымен, сондай-ақ Ресей империясымен күресіне байланысты тарихи оқиғаларды бейнелейтін әңгімелер кірді. Оның ішінде ұлы хандар мен батырлар туралы аңыздар – Абылай хан, Кеңес хан, Сәтбек батыр, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Өтеген батыр, Олжабай батыр, Ер Жәнібек, Райымбек батыр, Барақ батыр, Ағыбай батыр, Жанқожа батыр туралы дастандар және тағы да басқа барлығы 13 шығарма еніп отыр.

Антологияның төртінші томы қазақ эпикалық мұрасының құрамдас бө­ліктерінің бірі – романдық эпосқа арналған. Мұнда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Бозжігіт», «Бозаман», «Талайлы құл мен Әйім қыз», «Сейпілмәлік», «Шеризат-Гүл­шат», «Жаскелен» сияқты таңдаулы эпос­­тар топтастырылған.

«Дала фольклорының антологиясының» бесінші томы ұлттық дәстүрлер аясында құрылған этностық жанрлардың бірі – дастандарға арналған. М.Әуезов атын­дағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары дастандардың батырлық, тарихи және дәстүрлі романдық эпостары сюжеттерінен тақырыптардың ерекшелік­терімен, кейіпкерлер жүйесімен, көркем мәнерлілік құралдарымен, сондай-ақ өз батырларының ішкі әлеміне елеулі назар ауда­руымен ерекшеленетінін атап өтті.

Бесінші томды дайындау барысында жарияланым үшін «Айман-Шолпан», «Наурызбай-Ханшайым», «Сыршы мол­да», «Болат-Жанат», «Қасым жомарт», «Құлқаныс-Зеберше», сондай-ақ «Дари­ға қыз», «Киік», «Миғраж», «Мұхам­мед-Хана­фия», «Кисса Абушахма» новеллис­тика­лық дас­тан­дары іріктелді.

Ал шығармаларды дыбыстау бо­йын­ша жұмысқа қазақтың дәстүрлі му­зы­ка­­­­сы­ның үздік орындаушылары, оның ішінде Құрманғазы атындағы ұлттық кон­­сер­ва­ториясының және Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқы­тушылары мен студенттері, сонымен қатар еліміздің орындаушылық өнер мектеп­терінің алуан түрлілігін көрсететін әртүрлі аймақ­тардағы орындаушылар қатысты.

Институт жұмысы мұнымен аяқталған жоқ. Алда жоспарда тұрған 10 томдықтың қалған 5 томын әзірлеуге қызу дайындық жүр­­гізілуде. Бұл жөнінде  М.Әуезов атын­­дағы әдебиет және өнер институты «Қол­жазба және текстология» ғылыми-инно­вация­лық бөлімінің меңгерушісі Тоқ­тар Албеков жан-жақты тоқталып өтті.

– Жоспарға сәйкес басылымның алтыншы томы «Салттық фольклор»,  жетінші томы «Про­залық фольклор. Ертегілер»,  сегізінші том – «Прозалық фольклор. Аңыздар»,  тоғы­зыншы кітап – «Халық өлеңдері» және анто­логия­ны аяқтайтын оныншы том халық ауыз әде­­биетінің  тәрбиелік бағыттағы дана­лық ой­дан дән іздеген туындыларымен толы­ғады, – деді ғалым.  

Кітаптар жалпы саны 10 мың дана таралыммен шығарылып, Қазақстанның барлық университеттері мен кі­тапханаларына тара­тыл­ды. Сондай-ақ қазақ халық шығарма­шылығының жауһарлары институты сайтында және еліміздің кітапханаларында офлайн оқырмандардың кең ауқымына қолжетімді.  «Дала фольклорының антологиясы» 10 томдық басылымның толық жинағы 2021 жылы шығарылады деп күтілуде.