Тарих • 30 Мамыр, 2020

Мәмбет Қойгелді: Зиялы қауымның екі буыны қуғын-сүргіннің құрбаны болды

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы белгілі алаштанушы, тарих ғалымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелді «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстелінде айтты.

Мәмбет Қойгелді: Зиялы қауымның екі буыны қуғын-сүргіннің құрбаны болды

«Бүгінгі конференцияда бас басылымда жарияланған сұхбатты сабақтаудың сәті туып тұр. Бізге қуғын-сүргін, ашаршылық зұлматынан алатын сабақ қандай болуы керек. Осы мәселеге тоқталып өткен жөн. Бұған қатысты тұжырымды шетелдік ғалымдар емес, өзіміз шығаруымыз керек. Мен бұл туралы архивтерді көп қарадым. Сонда байқағаным, ең алдымен, коммунистердің ұлттардың өзін-өзі басқаруы туралы берген уәдесі жай демагогия, өтірік болып шықты. Біз тұжырым жасағанда негізінен осыған сүйенуіміз керек», - деді Мәмбет Қойгелді.

Бұдан соң, ол өткен ғасырдың басында зиялы қауымның екі буыны қуғын-сүргіннің құрбаны болғанын айтты.

«Алғашқы буын – алаштық буын. Жалпы екі буынның да қателігі болды. Біріншіден, алаштық буын орыс демократиясына сенді, содан өркендей аламыз деп ойлады. Мұстафа Шоқай айтқандай, орыс демократиясының оң қанаты да, сол қанаты да алдап кетті. Яғни, біздің ұлт ретінде дербестік алуымызға көмектесе алмады. Екінші буын – Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов бастаған буын. Бұлар коммунистік партияның қатарына өтті, сол партия арқылы ұлтымызды ұшпаққа шығарамыз деп ойлады. Олар да алданды. Басында Сталин тұрған кеңестік билік қазақ халқын оп-оңай оңдырмай алдап кетті. Басқаша айтқанда, екі буын да алданды, екеуі де сенімсіздік танытты. Біз осыдан дұрыс тұжырым шығаруымыз керек қой. Олармен бірге ұлт та алданды. Бұл – бірінші тұжырым», - деді ол.

Сондай-ақ ол Кеңестік өкіметтің тобырлық сананы енгізгені жайында айтып өтті.

«Екінші тұжырым бойынша Кеңестік өкімет халыққа тобыр ретінде қарады, тобырлық сананы енгізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Егеменге» берген сұхбатында үлкен сын-қатерлер күтіп тұрғанын айтты. Енді алдымыздағы сынақтарға біз төтеп бере аламыз ба деген сауал туады. Ол үшін біз мықты мемлекет, мәдени-теориялық деңгейі бар халық болуымыз керек. Бүгінгі биліктің жағымды қызметінің бірден-бір негізгі өлшемі – өзін-өзі басқара алатын ұлт қалыптастыру», - деді М.Қойгелді.

Еске сала кетейік, «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстел өтті.