07 Сәуір, 2010

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЖОҒАРЫ БАҒА

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанада іссапармен жүрген АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Дэвид Петреуспен кездесті, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптес­тік­ті кеңейтіп және нығайтуға қатысты мәселелерді талқылады. Бұл орайда әскери ынтымақтастық және Ауғанстанды оңалту мәсе­лесі маңызды бағыт болып табы­лады. Ауғанстанда тұрақтылыққа жету үшін екі мемлекеттің ынты­мақтастығын одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді. Бұған  аймақтық, сонымен қатар, ғалам­дық державалар да мүдделі. “Ауғанстанда тұрақтылық орна­майынша, бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылық жайлы айту мүмкін емес”, – деді осыған байланысты Қ.Саудабаев. Өз кезегінде Д.Петреус әскери және жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы екіжақты ын­тымақтастықтың табыстылығын атап өтті. Америкалық әскери басшы 2008-2012 ж.ж. арналған әскери ынтымақтастықтың екінші бесжылдық бағдарламасы аясын­да­ғы Қазақстан мен АҚШ арасын­да­ғы әскери ынтымақтастыққа жо­ға­ры баға берді. 2003-2008 ж.ж. ара­лығындағы қазақстандық саперлар­дың бесжылдық тиімді қызметіне шынайы алғысын білдіре отырып, Д.Петреус Қазақстанға Ауғанстан­ды оңалтуға қосқан үлкен үлесі үшін, соның ішінде 1000 ауған­дық­қа Қазақстанда бейбіт салалар бойынша білім алу мақсатында 50 млн. АҚШ дол­ларын бөлгені үшін ризашылығын жеткізді. Қазақстан Халықаралық күш­тер­дің Ауғанстандағы қауіпсіздікке жұмсаған күш-жігерін, 2001 жылы басталған “Қажымас бостандық” операциясын оның ең алғашқы күнінен қолдап келеді. Ауғанстанды тұрақтандыру Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғын­дағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен айқындалған. Үсті­міз­дегі жылы жоспарланып отыр­ған Астанада өтетін Ұйым самми­тінің күн тәртібіндегі негізгі та­қы­рып­тардың бірі осы ауған мәсе­лесіне арналуы әбден мүмкін.