Руханият • 01 Маусым, 2020

Маңызды құжаттарға қол жеткізсек дейміз

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде айтылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру мәселесі бүгінгі ұлт тарихы үшін аса маңызды. Президенттің бұл бастамасы «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты өзінің сайлауалды бағдарламасында айтылған, халыққа берген уәдесін орындау жолында тұрғандығының көрінісі ретінде бағаланады.

Маңызды құжаттарға қол жеткізсек дейміз

Қазақстан тарихшылары қауымдас­тығының атынан айтатын болсам, мұндай бастаманы күткенімізге көп уақыт болып еді. Бұл жұмыс алғаш тәуелсіздіктің алғаш жылдары басталған болатын. 1991 жылы Жоғары Кеңестің жанынан арнайы комиссия құрылып, оның тізгінін академик Манаш Қозыбаев ұстаған еді. Бұл комиссияның басты мақсаты – Кеңес өкіметінің өткен ғасырдың 1920-30 жылдардағы реформаларына баға беру. Сол комиссияның құрамында мен де болдым. Аталған комиссия өз жұмысының нәтижесін 1992 жылы жариялады. Араға бір жыл салып, 1993 жылы 14 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қой­ған бірегей құжат – «Жаппай саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.

Сол жылдардан бері айтарлықтай жұмыс атқарылып келе жатыр. Алайда бір мәселені ескеруіміз қажет. Өмірде ескірмейтін нәрсе жоқ. Осыдан 27 жыл бұрын қабылданған құжаттың кей баптары ескірді. Өз күшін жойды. Жа­зық­сыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау барысы біраз бәсеңсіп, саябырлап қалды. Түрлі кедергілер пайда бола бастады. Соның салдарынан осыдан ондаған жыл бұрын басталған жұмыс өзінің логикалық межесіне жетпей қалды. Сондықтан Пре­зиденттің бұл үндеуі өз уақытында, қоғам сұранысына сәйкес жарық көрген құжат деп түсінемін.

Мемлекет басшысының бұл бастамасы ғалымдар мен тарихшылардың қолын ұзартуы тиіс. Яғни бұған дейін архивтерде ғана сақталып, ешкімге берілмей келген қуғын-сүргіндер мәсе­лесіне қатысты көптеген құнды құжат­тар комиссия мүшелері үшін қолжетімді болуы қажет. Ендігі тілегіміз – осы жа­ңадан құрылатын комиссия жұмысының нәтижесін көру. Соған жан-жақты қол­дау білдіруіміз керек.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

ҰҒА академигі,

тарих ғылымдарының докторы, профессор