Саясат • 01 Маусым, 2020

Тарихқа таразы болар бастама

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялағаны белгілі. Бұл үндеуде Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл бастаманы тарихшылар қауымы аса жылы қабылдады.

Тарихқа таразы болар бастама

Себебі мұндай қадамды ең алғаш тәуелсіздік алған жылдардан бері күткен болатынбыз. Сондықтан өз үндеуінде Қ.Тоқаев зұлмат жылдарда қанша адамның зардап шеккенін шегелеп айтып берді. Большевиктердің 1920-50 жылдарда халқымызға жасаған зорлық-зомбылығы қай отбасын болсын айналып өткен жоқ. Әр әулеттің шежіресінде жақын туыс­тары ашаршылықтан қырылған, 1937-1938 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, жер аударылған, мал-мүлкі тәркі­лен­ген, не болмаса Екінші дүниежү­зілік соғыста тұтқынға түсіп, не­містің лагерінде болған, кейін Ке­ңес Одағына оралған соң сотта­лып, айдалған, ауыр жұмыс­тарға жұмылдырылған оқиғалар кездеседі. Сондықтан отан­дас­тарымыз Президенттің үндеуінде берілген тапсырмаларды қолдайды деп сенемін. 

Әрине, елімізде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» арнайы заң бар. Алайда 1993 жылы қабылданған бұл заң көрші Ресейде қабылданған заң­ға ұқсас келеді. Соның салдарынан жазықсыз жазаланған азамат­тардың біраз санаты ақтал­май қалды. Мәселен, 1928 жы­лы бай­ларды тәркілеу кезінде дәу­летті азаматтардың көбі із-түссіз жоғалып кетті. Олардың соңы­нан ешкім іздеу салып, терең­нен зерттемеді. Сондай-ақ ашар­шы­лық жылдарында қы­рыл­ған­дар­ға саяси баға бермедік. Ұжым­дас­тыруға қарсы шыққан он мың­даған көтерілісшіні жазалау отрядтары аяусыз басып жан­­шыды. Сотсыз, тергеусіз ажал құ­шып, сай-сайда сүйек­тері аға­раңдап қалды. Қыл аяғы масақ теріп жүріп, істі болғандар, соттал­ғандар қаншама. Сондықтан қазақ халқының басына төнген осындай қасіреттерді ұмытуға хақымыз жоқ. Шындықтың шы­рағын жағар кез келді. Яғни Мем­лекет басшысының бұл үндеуін – тарихты таразылау бағытында жасалған үлкен қадам деп баға­лауға болады. Сондықтан осы комис­сияның жұмысы нәтижелі бола­ды деп ойлаймыз. Соның жемі­сі ретінде жоғары оқу орындары­на ұсынуға лайықты жаңа тұр­паттағы оқулықтар жазылады, та­рих­шыларымыздың көп томды еңбегі толықтырылады деген сенімдеміз.  

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының

докторы, профессор

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше