Пікір • 01 Маусым, 2020

Отандық медицинаға – отандық өнім

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Әсіресе Президенттің ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеулермен шұғылдануына жағдай жасау керектігі жөнінде айтқан ойлары бізді қанаттандырды.

Отандық медицинаға – отандық өнім

«Үкімет іргелі ғылым мен зерттеу институттарының базалық қаржы­ландыру көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Проблемалы мə­се­лелердің бірі – зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Бұл проблеманы шешу қажет. Ірі отандық кəсіпорындардың, компаниялардың технологиялық алаңдарын жоғары оқу орындарымен жəне зерттеу институттарымен байланыстыру да маңызды. Үкіметтен жəне сарапшылардан тиісті ұсыныс əзірлеуді өтінемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент айтқан ірі отан­дық кəсіпорындардың, компания­лар­дың технологиялық алаңдарын жо­ғары оқу орындарымен жəне зерттеу институттарымен байланыстыру мә­селесіне қатысты ой қоссам дей­мін. Біздің университет еліміздегі техни­калық саладағы іргелі оқу орны ретін­де бұл бағытта бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпорындармен де, компаниялармен де, ғылыми-зерттеу институттарымен де тығыз байланыстамыз. Бір ғана мысал келтірейін. Оқу орнымыз Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инс­титутымен бірлесіп медициналық имплантанттар шығаруды қолға ала бастады. Бұл үшжақты ауқымды жо­ба 2017 жылы басталған болатын. Жо­баны жүзеге асыру үшін университет базасында елімізде алғаш рет травматология мен ортопедияға қажет медициналық имплантанттар өндірісі үшін тәжірибелі-өндірістік аймақ құрылды. Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын бұл жерге мемлекеттің қол­дауымен металлға арналған 3D прин­тер, металл өңдейтін станоктар, вакуммды пеш секілді 26 заманауи өнді­рістік және талдау құрылғылары сатып алынды. Жай ғана сатып алып қою­мен шектелген жоқпыз, университет ғалымдары осы құрылғылармен жұ­мыс істеп, отандық медицинаға аса қажет бұйымдарды жасап та шығарды. Атап айтсақ біздің оқу орнының ғалымдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының тапсырысына сәйкес 8 түрлі медициналық имплан­тант әзірледі. Оны өзіміздегі металл­ға арналған 3D принтерден басып шығардық. Қарапайым тілмен түсін­­дірсек, біз әзірлеген медициналық им­план­танттарды, яғни металлдан әзір­лен­ген әртүрлі көлемі шағын құрыл­ғы­ларды дәрігерлер науқастардың қол, аяқ, иық, адамның басқа да дене мүшелерінің сүйектерін жалғап, бітіс­тіруге қолданатын болады. Ғалым­дарымыз Нұр-Сұлтандағы зерттеу институтына ТМД елдері аумағын­дағы елдердің медицинасында кеңі­нен қолданылатын ВТ6 титан құйма­сын (құрамы – титан, ванадий, алю­миний) дайындап, алғашқы үлгісін ұсынды. Бұдан бөлек Ti-Nb-Ta деп аталатын отандық медицинада бұ­рын-соңды қолданылмаған медици­налық имплантанттың жаңа түрі шыға­рылды. Бұл құйманың құрамында титан, тантал, ниобий сияқты металл­дар бар. Ғалымдардың пайымынша, ВТ6 титан құймасынан гөрі Ti-Nb-Ta құймасының адам ағзасына жа­ғымды әсерлері мол. Құйманың жаңа түрі клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Енді отандық медицинада қол­данылуы мүмкін. «Проблемалы мəсе­лелердің бірі – зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі» деді ғой Президент. Бізде бұл тұрғыда мәселе жоқ. Ғылыммен айналысуға қажет құ­рал-жабдықтарымыз да, білікті ға­лымдарымыз да бар. Мақсатымыз – отандық медицинаға қажет отандық өнімдер әзірлеу. Жақында облысымызға жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Асқар Мамин тәжірибелі-өндірістік аймақты көріп, жоғары баға берді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты медициналық имплант­тардың көпшілігін шетелден алаты­нын білеміз. Осы дүниелерді неге өзімізде жасамасқа?! Сонда сапасы да жақсы, әсіресе бағасы да қолжетімді болып, қаншама отандастарымыздың дер кезінде ем алуына септігіміз тиер еді деп ойлаймын. Президентіміздің Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сындағы сөздері жоғары оқу орын­дарына үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Осы орайда жоғарыда сөз еткен бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандырып, жетілдіріп, елордадағы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, импланттанттардың күрделі түрлерін жасамақ ойымыз бар.

 

Жасұлан ШАЙМАРДАНОВ,

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше