Тарих • 01 Маусым, 2020

Алтай-Қобданы адақтаған Абай Қасымов

804 рет көрсетілді

Өткен ғасыр басында патшалық Ресей империясы құлап,  қоғамды идеологиялық тұрғыдан тап пен жікке бөліп басқаратын жаңа бағыт – социалистік жүйе пайда болды. Бұл система ғаламға өз ықпалын күшейту үшін 1919 жылы «Коминтерн» атты ұйым құрды. Келесі жылы аталмыш ұйымның Шығыс және Қиыр Шығыс халықтарына революциялық жұмыс жүргізетін секциясы ашылады.

Шығыс секциясының тапсырмасымен қазақ қайраткері Тұрар Рысқұлов 1924 жылдың қазан айынын бастап, 1925 жылдың шілдесіне дейін Моңғолияда қызмет атқарып, осы елдің жаңа конститутциясын жазып беріп оны қабылдатумен қатар, ел астанасының атын «Ұлан-батыр» деп өзгертті.

Бұл үрдіс осымен тоқтап қалған жоқ. Қызылдар Моңғолияның батыс шебінде өмір сүріп жатқан азғана қазақтарды да ұмыт қалдырмай оларды жаңа мизамға бағыттайтын коминтерн өкілін жіберді. Мәскеудің тікелей тапсырмасымен қиырдағы Қобда қазақтарын (Моңғолия) ағартуға келген адамның аты – Абай Қасымов. Бұл кісі 1930-1938 жылдары әуелі Моңғолияда, кейін Шыңжаң өлкесінде саяси қызмет атқарып, тап жауларымен күресте қатыгездігімен, коммунизм идеясы үшін адалдығымен танылған тұлға болды.

Коминтернге бастаған соқпақ

Абай Қасымов – 1896 жылы Қорғас өңіріндегі «Ласты» бұлағында туған. Әкесі Қасым өңірге аты мәлім атақты бай Үсейін Мұсабаевпен бірге 1887 жылы қажыға барған және бір басына жетерлік дәулеті бар ауқатты адам екен. Қасым қажының Әбдіуақит, Әбдіқадыр, Абай (Әбдімұхамед), Ермұхамед, Нұрмұхамед, Шаймұхамед атты алты ұлы, 10 қызы болыпты. Осындағы Шаймұхамедтен Рашида, Шақида деген екі қыз туады. Рашидасы шыңжандық өлкетанушы-шежіре Қалиолда Нұртазаның әйелі болса,  Шақида елімізге танымал педогог Жалау Сұраншиевтің жары.

Абайдың алғашқы әйелі Зейнеп дейтін адам екен. Бұл әйелмен ұзақ отаса алмаған. Бұлғақ басталған 1918 жылы өзінің апайынан туған жиенін қарындасы Шарапатты ырқына көндіріп, алып қашып кетеді. Жездесі уақ Сақан қажы балдызы мен қызының бейәдеп қылығына күйініп, олар барып паналаған Жәркентке іздеп келеді. Азулы жездесі алғашында сыр білдірмей екі жастың ыңғайына көнген сыңай танытып, алдап-сулап ауылына әкеледі. Сол жерде ағайын-туған жиналып Абайдың басына әңгір-таяқ ойнатады. Қысқасы, «шіріген жұмыртқаның» көзіне түртеді. Әсіресе, жұртқа сөзі өтімді елағасы Ордахан би «ұрпағын дұрыс тәрбиелей алмаған» Абайдың туыстарына жаза ретінде ауыр салық салады. Абай болса қашанғы әдетіне басып, бір түнде жоқ болады. Әйелі Қытай жақта қалып қояды. Жәркентке қашып келіп, тиіп-қашып жұмыс істеп жүрген Абай кеңестік қызыл идеологтардың көзіне түседі. Бұрын Іледе медіресе бітірген оны бірден Мәскеуге аттандырады.

Абай Қасымов Мәскеуде Шығыс еңбекшілеріне арналған Коммунистік университетінде білім алады. Осында ол 1958-1968 жылдары Қытай Халық Республикасының төрағасы болған, сонымен қатар Қытайдың де-юре мемлекет басшысы қызметін атқарған Лю Шау Шимен (Лю Шаоки) бірге оқыған. 1924 жылы оқуын аяқтап, Алматыға келіп қалалық құрылыс басқармасы кадр бөліміне басшылық жасағаны жайлы дерек бар. Осы жылдардың бірінде тегі семейлік ару Ташинке Мірқасымқызына үйленеді. Сөйтіп, 1930 жылдың басында Коминтерннің тапсырмасымен Моңғолия қазақтарын ағартуға атанады.

Қасымовтың Қобда бетіндегі қызметі

Бұл жылдары қазіргі Бай-өлке аймағы орнамаған, қазақтардың әкімшілік орталығы Қобда қаласына қарасты аумалы-төкпелі заман-тын. Кеңес одағы қалтылдаған қайықтай социализм жолына беттеп келе жатқан Моңғолиядан айырылып қалмас үшін барлық саяси-экономикалық мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан тұс. Елдің батыс өңіріне жаңа мизам әлі жете қоймағандықтан ондағы қазақтар Шыңжаңға қарай үркіп кетуге әзір тұрған болатын.

Бай-өлкелік байырғы қаламгер Махфуз Құлыбекұлы 1970 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Қызылқайың хикаясы» атты естелігінде: «1930 жылдың көктемінде Ақбалшықта отырған елді жинап Әлімбек би толықша келген орта бойлы, қырма сақал, бурыл мұрт кісіні Қасымұлы Абай, ұзын бойлы, қыр мұрынды, сида қараторыны Өтепұлы Шәріп деп таныстарды» десе, Қобда қазақтары арасында Абаймен бірге қызмет атқарған КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілі Шәріп Ғайсаұлы өзінің өмірбаяндық хикаятында: «Қазақ ауылдарына көмектесу жөніндегі барлық шараларды жұбайым Дилнұз Өтепова мен досым Абай Қасымов үшеуміз бірлесіп жүргіздік. Абай Қасымов Моңғолияға 1930 жылы бізден сәл кейінірек келді. Бұл кісі Моңғол үкіметінің сұрауы бойынша коминтерннің жолдамасымен келген болатын. Түп тегі Шыңжан  провинциясынан шыққан ол жиырмасыншы жылдары СССР азаматтығын алып, Шығыс еңбекшілеріне арналған Коммунистік университеті бітірген. Жасы бізден ересек сол кездің өзінде қырықтар шамасында болатын. Әйелі Ташинке Мірқасымқызы комсомол мүшесі қызыл отаудың активисі еді» деп жазыпты (Шәріп Өтепов. «Жалындаған жастығым – комсомолым», Алматы «Жалын», 1981 ж. 144-145 б).

111

А.Қасымовтың жары Ташинке Мірқасымқызы мен Ш.Өтеповтың жары Дилнұз Әсетқызы. Фото Қобда бетінде түсірілген.

Моңғолияға барған соң Абайдың бітірген алғашқы шаруасы 1931 жылдың көктемінде елдің батыс өлкесін қоныстанған қазақ, ұранқай, дөрбет халықтары арасындағы жайылымдық жерге таласты ретке келтіріп бергені. Ол үшін Қобда қаласына барып, арнайы комиссия құрып, оған өзі бас болып ауылдардың жер пайдалану шекараларын белгілеп, оны мемлекеттік актімен бекітіп береді. Бұл істе жергілікті қазақтар үшін жіліктің майлы басы бұйырмаса да, бұрынғы жерлеріне иелік ету құқығы сақталған көрінеді. Өйткені, күллі ғалам аузына қарап отырған коминтерн өкілінің үкіміне жергілікті билікте қарсы келер кім бар дейсіз.

Жалпылай алғанда Қобда қазағы Абайдан жамандық көрген жоқ. Бай-өлкелік қаламгер Соян Қажыбайұлының естелігінде, Ақбалшыққа келген коминтерн өкілі Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов, олардың әйелдері Дилнұз, Тәшинкелер қызыл отау құрып, жастардың басын қосып, оларды революция жолына түсіруге көп көмегі тиді, деп жазады.

Сол сияқты 1944-1950 жылдар аралығында Бай-өлке аймағын басқарған қайраткер тұлға Жеңісхан Дүзелбайұлының аузынан жазып алынған құжаттық деректе, ол кісі: – 1930 жылы қыркүйек айында Абай мен Шәріп бір топ жігіттерді жиып алып: ««Сендер оқуларың керек, білімсіз болмайды. Тіпті монғол тілін де білмейсіңдер, сол үшін Ұлан-батырға барып оқыңдар. Біз келісіп қойдық» деді. Көбі оқудан бас тартты. Жайсанып, Мақабыл, Жүнісхан және мен бар «тәуекел» деп келістік. Бізге Шәріп, Шәкіртбай, Қызай Әбзәли төртеуі еретін болды. Жолай Тұлбадан Тоқтыбай ілесті. Жолға үш қонып, Қобда аймағына келдік. Ол арадан 10 моңғол жігіті қосылды. 20 кісі бір машинаға отырып Ұланбатырға бет алдық» дейді.  

Бұлар үлкен қалаға барғанымен оқу оқып жырғатпаған сыңайлы. Қысқасы «моңғолдың тамағын жемейміз» деп қалада ежелден тұратын ұйғырлар асханасын жағалап босып кеткен. Бұл жайсыз хабар құлағына жеткен Абай Қасымов Ұлан-батырға келіп мән-жайға қанығады. Дереу жастарды «Қазақстанға апарып оқыту керек» деген мәтінде ел басшысы Чойбалсынға хат жолдайды. Бірақ үкімет «бұлар Қазақстанға емес, Мәскеуге барып, қазақша оқысын!» деген шешім қабылдайды.

Сөйтіп, бір топ қазақ Лосол деген буряд тілмаштың бұйдалауымен қолдарында Абай Қасымовтың жолхаты бар Мәскеуге аттанады. Екі ел шебіндегі кеден бекетіне дейін атпен келіп, осы арадан пойызға отырады. Бұларды Мәскеуде КУТВ-де мұғалім А.Қасымовтың ескі досы Қамитов күтіп алады. Ол кісі Қобданың қоңыр қойындай құлағы салпиған қазақтарды жатақханаға орналастырады. Абай өзінің досы Қамитовқа жазған хатында: «Монғолияның батысында Қазақстан, Қытайдан барған аз қазақ тұрады. Бұлар өте надан, тұрмысы нашар. Оқу-білімді білмейді. Сауатсыз ел, малдан басқа тіршілігі шамалы. Революция ісі, жаңа үкімет енді орнап жатыр. Болашақта ел бастайды-ау деген жігіттерді екшеп жібердік. Көмегіңді аяма!» деген екен.

Қазақтарды қарсы алған Қамитов оларды КУТВ  директоры қарт большевик Юдин жолықтырады. Бұл оқиға жайлы Ж.Дүзелбайұлы: «Біздің қайсымызда да ұсқын жоқ еді. Сақал-мұрт өскен, елден киіп шыққан қазақ шапандарымыз жыртылған, жамау көн етігіміздің аузы ашылып, өкшесі түсіп шоқиған, қайыс белбеу буынған алабажақ едік» деп еске алады.

Жоғарыдағы үрдіс одан әрі жалғасып, 1931 жылдың күзінде екінші толқын:  Шолтай, Мәжім, Балжы, Қиысхан, Сейітхан, Жексенбі, Ахмет, Нығмет бастатқан 12 қазақ жігіті алдыңғылардың ізімен Мәскеуге оқуға келеді. Бұл жерде қалай десек де Абай Қасымовтың еңбегі бар. Өйткені, КУТВ коминтернге кадр даярлайтын бірден-бір орын еді.

***

Абай Қасымовтың Қобда бетінде жүріп бітірген тағы  бір іргелі ісі Алтай бетінде тұратын діндар-ағартушы Ақыт қажы Үлімжіоғылымен кездесіп, оған Абай Құнанбаевтың 1922 жылы Ташкентте шыққан кітабын сыйға тартқаны. Филология ғылымдарының докторы, профессор марқұм Қабидаш Қалиасқарұлы: «1932 жылы Қайырты деген жерде Бірсек деген адамның ауылында Абай мен Ақыт кездескен. Бұл жолығудың тарихи маңызы Ақыт қажы өзіне сыйға берілген А.Құнанбаевтың кітабын оқып, іле-шала оған еліктеп өзінің құнды мұрасы ғақылияларын жазды» дейді.  Ақыт атамызда қарап қалмай Абай Қасымовқа ұзақ жыр арнаған.  

Шыңжаң өлкесіндегі арпалас

Кеңес одағы орнығып, етек-жеңін жинап алған соң тап жауларын жоюды қолға алды. И.В.Сталин 1937 жылы: «Біз тап жауларының көзін жоюмен шектелмейміз, олардың үрім-бұтақ, түп-тұқиянына дейін құртамыз» дегені бар (Леонид Млечин «КГБ. Председатели рганов госбезопасности. Рассекречнные судьбы». Москва, 2005, с-152). Осы сөз қуғын-сүргіннің ұраны болған сияқты. Көсем айтқан тап жаулары кімдер? Социолог Г.Батыгинның пайымдауынша, бұлар өз халықтарының тарихын дәстүрлерін сақтау үшін күрес жүргізгендер.  Осындағы Сталиндік репрессия, яғни қудалау Кеңес одағында басталып, бір демде көсемнің алқауындағы Шыңжаң өлкесі мен Моңғолияда қатар жүргізілуі тиіс болды. Сөйтіп аталмыш істі тиянақты атқару үшін кеңестік мамандар «Шыңжаңға көмек» деген желеумен алдын-ала жіберілді.

Айталық Шыңжаң басшысы Шың Шысай 1935 жылы Сталинге өтініш жасап, келешекте жүргізілетін жазалау науқанын іске асыру үшін іріктелген кадрлар жіберуін сұрайды. Осы тілек бойынша 33 (4 қазақ,  4 ұйғыр, қалғандары орыс пен қытай) адам келіп, олар әр жерге лауазымды қызметке қойылады. Осындағы төрт қазақтың бірі Бақтияр – Қотан аймағына, Сансызбай – Тарбағатайға, Сапар молла – Алтай аймағына, Абай Қасымов –  Құмыл аймағы уәли орынбасарлығына тағайындалады. Кешікпей жаңадан Баркөл аймағы құрылып оған  А.Қасымов уәли (әкім) болады.   

 Бұл оқиға туралы кейін Абайдың хатшы болған Жаң Жүн атты қытай: «1935 жылы қаңтар айының басында Дубан мекемесі іс басқармасының бастығы Шүй мырза мені шақырып: «Кеңес елінен Қасымов деген келді. Ол Баркөлде тұратын болды. Сен хатшысы боласың деді. Абай сұңғақ бойлы, шымыр денелі, қырық неше жаста қара сұры кісі екен. Ақпан айының ортасында Абай тоқалы, үш қорғаушы және мен жиыны 6 адам Совет одағында жасалған шекпен шатырлы көлікпен жолға шықтық» деп жазады.

2222

Шыңжаң билеушісі Шың Шысай

Абай қызмет барысында Шың Шысайдың сенімді серігіне айналады. Оның қызмет атқаруына толықтай жағдай жасалып, арнайы хатшы, төте байланысқа шығатын көшпелі радиостанса және өлкені бақылауда ұстау үшін 17 адамнан құралған құпия қызмет тобын ұйымдастырады. Осы адамдар Абайдың нұсқауымен саясатқа қарсылық танытқан тұлғаларды құрықтап, Үрімжіге айдатып отырған. Бір жолы ағайынды Қабдолда, Зейнолла, Қайбар, Кәбен төртеуі қатар ұсталып, Кәбен ғана аман оралса, кешікпей Қасым батыр, Құдабай батырлар құрыққа ілінді.

Екі айдан астам түрме дәмін татқан Қасым батыр амалын тауып қашып шығып, Зәйіп батыр ауылын паналайды. Абай оны ұстап берген адамға «500 қой берем» деп жар салғанымен нәтиже шықпайды. Қасымовқа өшіккен Қасым батыр оның Құмылға аттанғанынан хабар алып, жолын тосады. Бірақ айлакер қызыл атқосшының киімін киіп, атын ауыстырып мінгендіктен аман қалып, атқосшысы Қымызбай оққа ұшады.

Онымен қоймай 1937 жылы Қаптық тауында бейбіт отырған елді «Гансу өлкесіне ауа көшуге қамданып жатыр» деген желеумен басты адамдары: Байдолла, Шәмши, Беги, Сақаба, Қожаберген, Жеңісхан, Қази, Ыбырайым, Қайдар,  Әйкебай, Қабылқажы, Қақан, Әкбар, Біләл қатарлы кісілерді байлап-матап Үрімжіге жөнелтеді. Бұл кісілер түгелдей Шың Шысайдің түрмесінде өлтіріледі (Жақсылық Сәмитұлы. «Қытайдағы қазақтар». – Алматы: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, 2000 ж. – 96 б). Онымен қоймай момын елдің қолындағы мал-мүлкін алдап-арбап алып, Баркөлдің шұрайлы жерінен қора салдырып бақтырды.  Бұл жер әлі күні «Абай сайы» аталады. 

Кекшіл Абай мұнда келген соң осыдан 10 жыл бұрын өзін жазаға тартқан Ордахан биді іздейді. Іледе отырған бидің ауылына келіп: «Ей, Ордахан сен маған не істегеніңді білесің бе?» деп сұрайды. Артынан оны өлімші етіп сабайды. Осы соққыдан қорланған би оңалмаған екен.

Қысқасы, Сталиннің тапсырмасымен қазақтың бетке ұстар адамдарын жоюға кіріскен Абайдың әлегінен кейін ел атажұртын тастап, шығысқа ауады. Ауған елді тоқтауға шамасы жетпеген Қасымов өлке бастығы Шың Шысайға хат жазып  «қарақшыларды» жоюға қарулы әскер жіберуін өтініпті  (Тұрақынұлы. Қ. Құмыл қаласының тарихи материалдары. – Құмыл, 2013 ж. 152-б).

Сөйтіп ауа көшкен елге жерден, көктен аяусыз соққы жасалды. Осы оқиға жайлы әрі осы көштің топ ортасында болған Халифа Алтайдың 2011 жылы жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты естелік кітабында боямасыз баяндалады: «Жау ұшақтары көшті 11 күн тынымсыз бомбалаумен болды. Олардың мақсаты не көшті тоқтату, не халықты біржолата құрту еді. Күндіз көшу қауіпті болғандықтан  айлаға басып тек түнде көшетін болдық» деп жазыпты.

«Біреуге ор қазба, оған өзің түсесің» дегендей көп кешікпей Қасымовтың жеке басына бұлт үйіріледі. Шыңжандық зерттеуші Қырбақ Тұрақынұлының еңбегінде: «Шың Шысай өлкеде қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандардың кейбірін «троцкишілдер» деген қара тізімге іліктіріп оны Сталинге жолдаған. Осы қатарда Абай Қасымовта болды» дейді.

Сөйтіп, күдікті ретінде таңба басылған Қасымов 1938 жылы Мәскеуге шақыртылып, осы жылдың 24 маусым күні тұтқындалады. Бір жылдай жүргізген тергеудің қортындысы оны ату жазасына бұйырып, ол үкім 1939 жылдың 10 наурыз күні орындалған екен. Марқұмның денесі қазақ қайраткерлері Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовтардың күлі көмілген Мәскеудегі «Донское кладбище» зиратына жерленіпті.

333

 

Соңғы жаңалықтар

Салмағы 92 грамдық принтер

Технология • Бүгін, 13:30

Ұқсас жаңалықтар