Білім • 02 Маусым, 2020

Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар - Аягүл Миразова

320 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім мен денсаулық саласында қордаланған өзекті мәселелерді қозғады. Еліміздің білім саласында елу жылдан астам тәжірибесі бар әрі осы салаға еңбегі сіңген маман ретінде, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған алғашқы ұстаз ретінде Мемлекет басшысының көкейкесті мәселелерді нақты жеткізуі қалың көпшілікпен бірге мені ерекше қуанышқа бөлеп, көкейіміздегіні дөп басты деп нық сеніммен айта аламын.

Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар - Аягүл Миразова

Заманауи қоғам төтенше жағдай және карантин кезінде үлкен өзгерістерді басынан кешіргені белгілі. Осы орайда еліміздің білім саласында жаңа технологияларды игеру, отандық білім саласының деңгейі, мұғалімдердің білім беру сапасы мен мұң-мұқтажы және ата-аналардың қашықтан оқу мәселесіне қаншалықты дайын екеніне анық көз жеткіздік. Бүгінде жаңа технологияларды барынша игеріп келеміз. Дұрыс-ақ. Десек те, ащы да болса шындықты мо­йындай отырып, 5-10 жыл бұрынғы білім сапасындағы көрсеткіштердің төмендеп бара жатқанын айта кетуіміз қажет. Мұны ғалымдар дәлелдеп отыр. Осы орайда Президент Қ.Тоқаев білім беруді жəне ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігіне назар аударуы болашаққа нық серпін береді.

 Сапалы білімнің кілті оқулықта болса, сапасыз оқулық мәселесі осы уақытқа дейін ата-аналар тарапынан да, Парламент деңгейінде де жиі көтеріліп келді. «Халық айтса, қалт айтпайды». Халықтың үніне Президенттің құлақ түре отырып, «Елімізде оқулықтар сапасы мəселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едəуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – Білім жəне ғылым министрлігінің міндеті. Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар. Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек» деп атап өтуі салада қордаланған мәселелердің шешімін табуына ықпал ететіні сөзсіз. Басты мәселе, қазақстандық оқулықтарда мазмұнның шектен тыс көптігі мен сағат санының аздығы. Ал күнделікті жаңа сабақ өту еш уақытта сапалы білімге апармайтыны анық. Олимпиада, түрлі конкурстардың да білім сапасына қаншалықты әсері бар екені белгілі. Біздің заманымызда репетитордың көмегінсіз білім алған ұрпақ өсіп-өнді, бүгінге дейін соның жемісін көріп келеміз. Кезінде ауылда да, қалада да білім сапасы жаман болған жоқ. Қазіргімен салыстыра қарайтын болсақ, айырмашылықтың үлкен екенін көреміз. 

Осы тұста оқулық пен оқу мазмұны басты қаперде ұстайтын мәселе екеніне тоқталып өтпекпін. Президент атап өткендей, оқулық балаға да, мұғалімге де, ата-анаға да түсінікті болуы керек. Ал оқулықтардағы артық мазмұннан арылу уақыт күттірмейтін мәселе. Оқулық жазуда автор жауапкершілігінің ескерілмей жататыны рас. Бұл үшін автор жұмысына дейінгі оқу стандарты, оқу бағдарламасы дұрыс құрылуы керек. Сонда ғана авторлардан жауапкершілікті талап етуге болады. Кейде білім стандарты дұрыс жасалмағандықтан, оқу бағдарламаларындағы талап етіліп жатқан жағдайға байланысты авторлардың себепсіз кінәлі болып жататын жағдайлары кездеседі. Жаңа буын оқулықтары пайда болған кезде тап-тамаша дүниелердің болғанына баршамыз куәміз. Сол кездегі авторларға айтар алғысым шексіз. Осы тұста Ы.Алтынсарин атындағы академия, авторларды таңдайтын баспалар және оқулықтарды сараптамадан өткізетін орталық – осы үштіктің бірлігі өз дәрежесінде болса дегім келеді.

Білікті маман, мәртебелі ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Ұстаздық – мәртебесі биік мамандық. Мұғалім болу үшін бала жанын ұғынып, оның көкірек көзін ашатындай дәрежеге ие болуы керек.  Жүрегі жылы болса, мұғалім барлық адамды, ал тілі жылы болса, ұстазды барлық адам жақсы көреді. Міне, осы қасиет ұстазда болуы керек. Сондықтан да мұғалімге жағдай жасай отырып, талап та күшейтілгені абзал.

Президент педагогтердің мəрте­бесіне назар аударып, оларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы беделді, танымал тұлғаларға айналдыру керектігіне тоқталды. «Осылайша, педагогтерге арнайы медаль тағайындалмақ. Қазіргі таңда білім, денсаулық сақтау жəне əлеуметтік салада жемісті еңбек еткендерге жаңа «Халық алғысы» медалі беріледі» деді Президент. Марапат әрбір ұстазға зор жауапкершілік жүктейді. Әрі ұстаз еңбегінің әділ бағалануына мүм­кіндік береді. Халық алғысын алғаннан асқан мәртебе бар ма?.. Заманауи жетіс­тіктерден хабары бар білікті ұстаздар ғана бүгінгі оқушы сұранысына жауап бере алады.

«Ұста ұстаханада шыңдалады» дей­тін болсақ, ұстазды талапқа сай оқу орындары ғана дайындай алады. Пре­зидент білім саласының сапасын жақ­сарту үшін білім ордаларына қойылатын талаптың күшейтілетініне тоқталды. Осыған байланысты дипломды оңды-солды беретін оқу орындары жабылады деуінің маңызы жоғары. Кезінде өзім білім алған Тараз педагогикалық университетін бүгінде Дулати атындағы Технологиялық университетке қосу қаншалықты дұрыс болды?.. Бұл ұстазға деген құрметке жата ма? Ұстаз шығатын ұстаханаға түсті дей аламыз ба?

Жанымды ауыртатын тағы бір нәрсе – жас мұғалімдер жалақысының төмендігі. Өйткені біздің ұстаздардың жалақысы оның өтіліне, санатына, білім берудегі көрсеткішіне, шығармашылық еңбектеріне келіп тіреледі. Институтты жаңа бітірген жас маманда бұл қайдан бола қойсын. Жоғары жалақыға жету үшін кемінде 5-10 жыл уақыт керек. Ал оған азғантай айлықпен шыдау оңай емес. Сондықтан да кейбір білікті мамандар мектептен кетуге мәжбүр. Міне, осы жағы да ерекше қаралса деп ойлаймын.

Президенттің «Мектепке дейінгі білім беру саласын белсенді түрде жетілдіріп, мектеп бағдарламасымен сабақтастыра білуіміз керек. Жуық арада 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тəрбиемен жəне біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді» дегені – өте құптарлық мәселе. Бала үш жасынан бастап дағдыланып жатса, білімге деген ынтасы соғұрлым артатыны сөзсіз.

Президент сонымен бірге 2025 жылға қарай 650 орындық жəне одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спортзалдарын салу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сапалы білім тек материалдық-техникалық базасы жасақталған мектептерде ғана жүзеге асатыны белгілі. Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны да баса назар аударды. Мектептердегі бала санының көптігі білім сапасына айтарлықтай кері ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қырық минутта бір сыныптағы қырық балаға көңіл бөлу, білім беру, оны талап ету, сонымен бірге тәрбие беру – құлаққа кірмейтін дүние. Тіптен, біліктілігі жоғары мұғалімнің де бұл үдеден шыға алмайтыны анық. Осы тұста бала тәрбиесінде де осалдық танытып отырғанымызды мойындауға тиіспіз. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, Президент тәрбие мәселесіне баса көңіл бөліп отыр. Біздің қанымызға, жанымызға жақыны – ұлттық тәрбие. Шетелдерге қаншама еліктесек те, ұлттық тәрбиенің маңызы зор. Тәрбиені мектепте де, мұғалім дайындау барысында да, отбасында да бірінші орынға қоюымыз керек.

«Білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі де – өте өзекті мəселе. Менің тапсырмам бойынша əкімдер барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ заманауи санитарлық талаптарға сай жағдай жасайды. Бұл шара жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Қоғамда оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың жəне өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама енгізу туралы бастаманың көтерілуі орынды. Бұл – түйткілді мəселе», дей келе Президент тиісті орындарға тапсырма берді. Өте құптарлық. Басты мәселе – баланың амандығы. Қазіргі кезде көптеген мектепте бейнекамералар орнатылған. Дей тұрғанмен, мүмкін болса, техниканың балаларды кез келген уақытта бақылай алмайтынын ескеріп әрі «вахтер» ставкасын сақтай отырып, балалар қауіпсіздігі үшін мектептерді жүз пайыз кәсіби арнайы күзетшілермен қамтамасыз ету жағын ойластырсақ, құба-құп болар еді.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Отан» орденінің иегері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері