Саясат • 02 Маусым, 2020

Заңды қайта қарау керек

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуі осы бағытта қанша жылдан бері еңбектеніп жүрген зерттеуші ғалымдардың жұмысына үлкен серпін берді.

Заңды қайта қарау керек

Президент «Біз жазықсыз жазалан­ғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуел­сіздіктен бастау алады.  Өткен ғасыр­дағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету –  баршамыздың перзенттік борышымыз» деп атап өтті.

Расында, саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын ақтау жұмыстарының әлі анық­талмаған, зерттелмеген тұстары көп. Мысалы, сол кездегі билікке қар­сы көтерілістер өз бағасын алған жоқ. Оның көбі кеңестік терминология бойынша «бандылар қозғалысы» деп сипатталды. Ресми түрде 372 көте­ріліс болды дейді, бірақ одан да көп болуы мүмкін. Сондай көтеріліске қа­тысқандардың біразы сотталды, атыл­ды, жоғалды. Әлі күнге дейін ақтал­мағандар өте көп.

Мемлекет басшысы тарихи әділ­дік­ті қалпына келтіру үшін арнайы мем­лекеттік комиссия құруды тапсырды. Осы ретте 1993 жылғы «Жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңды қайта қарау керек деп ойлаймын. Сондай-ақ аталған комиссия 1920-1950-жылдардағы бұр­ма­лауларды ғана емес, кеңестік кезеңдегі ақтаңдақтарды тұтас зерттеу керек. Өйткені қуғын-сүр­гін күллі кеңестік кезең бойы жүргізілді. Бертін келе орын алған Теміртаудағы, Целиноградтағы толқулар, бұған қоса 1986 жылғы Желтоқсан  көтерілісі – бұ­лар да Кеңес кезіндегі қуғын-сүргіндер.

Сонымен қатар ашаршылық қасі­ретін қуғын-сүргіннің аясында қал­дырмай, оның бірінші кезекте қарас­тыру керек. Ашаршылық біздің та­рихтағы ұлттық апат болды. Тәуелсіз­діктің басында ашаршылыққа мән берілгенімен, кейін келе тасада қалып қойды. Сондықтан бұған бөлек бағасын беру өте маңызды.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, публицист

Соңғы жаңалықтар