Осыған орай 1 маусымда Атырау қаласында да армяндық нөмірі бар автокөліктерді тіркеу басталды.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мырзалы Өтеғалиевтің айтуынша, Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілуде.
– Полиция қызметкерлерінің тұрғындар арасында жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Армения көліктерін тіркеуге қоюға тілек білдірушілер көптеп келіп жатыр. Сонымен қатар, азаматтар Армения көліктеріне қатысты сауалдарына тиісті жауап алуда, - деді ол.
Армениядан көлік әкелгендердің бірі – Атырау қаласының тұрғыны Нұрбек Башенов. Ол өткен жылы Армениядан көлік сатып алып келген.
– Былтырдан бері көлігімді өз атыма тіркеуді ойлап, алаңдап жүр едім. Енді міне, көлігімді қазақстандық тіркеуге қойдым. Арнайы нөмір алғаныма да қуанып тұрмын. Енді алаңсыз жүретін болдым, - дейді Нұрбек Башенов.