Руханият • 03 Маусым, 2020

Ұлағат

368 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әбдікәрім Бектаев ағамыз тірі болса, бұл күндері сексен жасқа келіп, елі, жұртының, ағайын, туыс, тілектес замандастарының, отбасы, бала-шағасының құрметіне бөленіп, ықыласына кенеліп, марқайып, төрде отырар еді. Ол құрметті тек абыз жасына келгендігінен емес, еліне, жеріне, өзі өмір сүрген қоғамына адал еңбек сіңіріп, ғибратты сөз, өрісі кең өнеге, асыл текті ұрпақ қалдырғандығынан да көрер еді. Қарттықты қадірлеу, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден қалыптасқан қазыналы дәстүрлерінің бірі ғана емес, сол игі дәстүрлердің ең тұғырықтысы, өскелең ұрпақпен тұтастығы, рухани қазыналылығы екендігі бүгін айтылған сөз емес, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан асыл мұра.

Ұлағат

Әбекең жастайынан ат жалын тартып туған өңірінің тұрмыс тіршілігіне белсене араласу қамында, әсіресе еліміздің Оңтүстік өңірінде су шаруашылығының, суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудің маңыздылығын ерте, бала кезінен түсініп өсті. Ол жылдары әйгілі Мырзашөл даласын игеру, суландыру жобалары мемлекеттік маңызға ие болып, жаңа жерлерді иге­ру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқан кез еді. Өмір кеңістігіне қа­нат қаққан бозбала болашағын осы ұлы дүбірмен байланыстырып, Таш­кент қаласындағы Бүкілодақтық су ша­руа­шылығы институтынан білім алып, мелиорация инженері мамандығын иеленіп шықты. Бірден жылы орын іздеместен өндірістің қайнаған қазанына, ті­келей өндіріс орнына – тәжірибе жи­нақ­тап, кәсіби маман ретінде ше­бер­лігі шың­­далып, төзім, мінез қалып­та­сып, шынығатын ортаға беттеп, қа­­­­тар­­­дағы инженерден жылжымалы ме­­­­ха­­­­никаландырылған колоннаның бас инженері, бастығы, аудандық су жүйе­­сінің бастығы қызметтерінде еңбек ұжымының жұмысын тиімді ұйым­дастыра білу мектебінен өтті. Жұ­мыс­шылар, инженерлер, жобалаушылар, егістік салаларының мамандары бі­ріккен далалық құрылыс ұжымының нәтижелі жұмысқа жұмылуы алдымен бірінші басшының біліктілігі мен бі­лімділігіне, адамдармен тіл табыса ала­тын қабілетіне, өндіріс болашағын болжай алатын көрегендігіне байланыс­ты. «Жас келсе – іске» демекші, еңбек адамдарының ортасында білгір маман, әділ басшы, ұтқыр ұйымдастырушы болып танылған Әбекеңнің жас шағында өндірістің таптырмас мектебінен өтуі – оның құрылыс, су шаруашылығы са­лаларының жетекшілігімен аудан бас­­­шылығы, облыста лауазымды партия қызметтеріне жоғарылатылуына негізгі себеп болды. Әбекең кезінде Қа­зығұрт, Төлеби аудандарында атқару кеңесінің төрағасы, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып жиырма жылдан астам абыройлы қызмет етті. Сол қызметтерде жүргенде аудан тұрғындарының әлеуметтік тұр­мысына қатысты мәселелерді халықпен ынтымақты іс біріктіріп, қандай да күр­делі түйіндердің сәтімен шешілуіне бас­тамашы болғанын Әбекеңмен еңбектес, әріптес, дос, сыйлас болған, ол кісінің қажырлы іскерлігін, тапқырлығын, ақыл­гөйлігін, адамдар арасындағы ерекше сыйластығын өңірге, республикаға танымал көп азаматтар Әбекеңнің өміріне арналған естелік жинақта қимастықпен жазыпты.

Әбдікәрім Бектаев өмірінің соңына дейін ел бірлігіне, ынтымағына, өсіп-өркендеуіне тынбай, дамылсыз ең­бек етті. Бүкіл болмысы, жүріс-тұ­ры­­­сы, сөйлеген сөздері ел ішіндегі ба­уыр­­­малдықты, еңбекқорлықты өзара түсіністікті, адамдардың бірін-бірі қол­дап, жас ұрпаққа жақсы сөз, жарасымды мінез, өресі биік тазалық көрсетуге пейілденіп, жұмылатын. Лауазымды, ресми басқарушы қызметтерде жүргенде де, одан кейін зейнетке шыққанда да, ардагерлер кеңесінің төрағасы бол­ған­да да халықтың қамын ойлады. Та­лай қиналған, тарыққан жандарға қол­ұшын берді, қысылған адамның мұқ­таждықтан, кіріптарлықтан шығуына көмек көрсетіп, кейбір тағдырлардың тұйыққа тірелуінен сақтандыра алып, елдікке тірек болды.

Әбекең қоғамға, ел-жұрттың өмі­­­рінің жақсы, жарамды болуына мей­лінше атсалысып, қоғамның ба­ға­ла­уымен, құрметімен қазыналы, бі­лімді қарттықтың төріне шығып еді. Бо­йын­дағы құрметті адамға тән бай­салдылығы мен парасаттылығы, ел ішіндегі ер қадірін, сөз қадірін біле­тіндігі, алқалы топта ағалық сөз айта алатын көпті көрген, көп білетін, ел танитын, сыйлайтын, сөзіне тоқтайтын тұлға болып еді. Ағамыз қай кезде де, қандай жағдайда да елдің көкірегінде, көңілінде тұрған келелі ойдың тамырын дөп басып, жағдайдың, түсіністіктің жөнін айтатын. Қысыр, ұсақ сыпсың әңгімеден бойын аулақ ұстап, бекзаттығын сақтап, азаматтықтың, елдіктің, өнегеліліктің, кісіліктің үлгісін көрсететін. Ел ішін, әртүрлі тұлғалардың көңіл күйін, оның шынайы келбетін бұрмалаусыз, көзі жетіп, көңілі сенгенін әділдікпен пайымдайтын. Кейде тіпті көзге көрініп тұрған кейбір адамдардың қырсыздығын, сөзінің орынсыздығын, оғаштығының тігісін жатқызып, «жөнге келер», «әділ­дікке көзін жеткізер», «сабасына түсер», «орынсыз сөйлегенін өзі мойындар» деген сияқты кім туралы болса да үміт артып, тиянақтайтын кешірімділігі де, кемеңгерлігі де бар еді.

Әбекеңе арналған естеліктер жина­ғында ағамыздың асыл жары Роза Жай­­лаубекқызы отағасымен бірге елу жылдан астам өмір сүріп, елге үлгі бо­ларлық отбасының шаңырағын бірге көтеріскен бақытты дәуірін баяндап, төмендегі мына сөздерге айрықша екпін беріпті: «Әбекең мінезге бай азамат еді. Пайғамбарымыз: «Көркем мінезді болыңдар» деген ғой. Ол шынымен де көркем мінезді еді. Отырған жерінде кімді болса да баурап алатын. Істеген жақсылығын ешқашан айтып, міндет етпейтін. Сондықтан да Алланың сүйген құлы болған шығар деп ойлаймын. Жаның жәннатта болғай, асыл арысым!» (Әбдікәрім Бектаев. Естеліктер. 469 бет).

Айтса айтқандай – Әбдікәрім Бек­таевтың ұлағатты өмірі ұрпаққа мұра болары шүбәсіз.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты