Спорт • 03 Маусым, 2020

Бостандықтан шыққан дарабоздар

1223 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алыстан атажұртқа оралып, әлем­дік ареналарда атой сал­ған оғландарымыз жетер­лік. Әсіресе сол спортшылар­дың дені – бір ауданда туып, бір то­пы­рақ­та өскен азамат­тар. Сон­дай таланттарды сый­лаған мекен­­нің бірі – Өзбек­стан Рес­пуб­­ликасындағы Бостан­дық ауда­ны. Бүгінге дейін аядай аудан­нан екі Олимпиада чемпионы, екі Азия чемпионы, әлем бі­рін­шілігі мен Олимпия ойын­­дарының жүлдегерлері шыққан.

Бостандықтан шыққан дарабоздар

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Бостандық – Ташкент облысының сол­­түстік-шығысындағы аудан. Сол­түс­­­тігінде Қаржан тауы арқы­лы Оң­­түстік Қазақстанның Қазығұрт ауда­ны­мен, шығысында Қырғыз­стан­ның Талас облысымен, батысында Таш­кент облысының Орта Шыр­шық ау­дан­­­дарымен шектеседі. Бұл аудан та­би­­ғаты көз тартатын Тянь-Шан­ның ық­­­па­­лындағы таулы өлкеде орналас­қан.

Тарихқа зер салсақ, әйгілі аудан­ның 1956 жылға дейін Қазақстанның Оңтүс­тік Қазақстан облысының әкімшілік құрамында болғанын біле­міз. Алайда 1956 жылдың ақпанын­да КСРО басшысы Никита Хрущевтің жарлығымен Бостандық ауданы түгелімен Өзбек КСР-і құрамы­на берілген. Сол жылдары Бостандық ауданындағы қазақтардың саны жалпы халықтың 65 пайызын құраған. Қазіргі таңда Бостандық ауданында Домалақ, Қосқорған, Қара­манас, Абай, Айдаралы, Істәй, Табақ­сай сынды қазақ ауылдары бар.

Кейінгі жылдары қанша таласқа түс­кенімен, тарихи деректермен негіз­деліп, қазақтан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы екені дәлел­денген әйгілі ұзынтұра баскетболшы Әлжан Жармұхамедов 1944 жылы Бостандық ауданының Табақсай ауылын­да туғанын біреу білсе, біреу білмес. 1972 жылы Мюнхенде жалауы желбіреген XX жазғы Олимпия ойындарында Ә.Жармұхамедов КСРО құрамасы сапында төртжылдықтың басты додасына қатысып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. Соны­мен қатар Әлжан ағамыз КСРО чем­пионатының тоғыз дүркін чемпионы болған (1970-1978 жж, 1980 ж.), КСРО құрамасының сапында үш мәрте Еуропа чемпионы (1967, 1971, 1979 жж.) атанды. 1979 жылы «КСРО-ға ең­бек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды. Әлжан Жармұхамедов қазір­гі таңда Мәскеуде тұрады.

Бостандықтан шыққан тағы бір Олимпиада чемпионы – Бақыт Сәр­секбаев. Бокстан Бейжің Олим­пиа­дасының бас жүлдесін олжалаған оғлан Павлодар қаласында туғанымен, Бостандық ауданының Табақсай ауылындағы ата-әжесінің қолында өс­кен, спорт әліппесін ең алғаш осы ауыл­да үйренген. Кейіннен  Сәрсекбаев 1999-2001 жылдары Шыршық Олим­пия резерві білім ордасында тәлім ал­ған. 2002 жылы ересектер дуына ауыс­қан отандасымыз ә дегеннен-ақ биік бе­лестерді бағындыра бастады. Сол жылы көрші ел құрамасында 64 кило салмақ дәрежесінде Өзбекстан чем­пио­натында қарсылас шыдатпаса, Ма­лай­зияның Серембан қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында алтын жүлде иеленді. Сонымен қатар Пусанда ұйымдастырылған XIV жазғы Азия ойындарында қола жүл­дені қанжығасына байлады. Қан­дасымыздың бір жылда жеткен осынау табысты өнерін ескерген Өзбек­стан билігі Бақыт Сәрсекбаевқа Халық­аралық дәрежедегі спорт шебері мен Өзбекстан президентінің 2002 жылғы 25 шілдедегі бұйрығымен «Өзбекстан мақтанышы» атағы берілді.

Өзбекстанның 7 дүркін чемпионы болған отандасымыздың бар ар­ман-мақсаты 2004 жылы Афинада ұйым­дас­тырылатын жазғы Олимпия ойын­дарында атой салу болатын. Сол мақ­сатта жатпай-тұрмай жаттығып, алдында тұрған кез келген сынақты жеңу үшін барын салды. Алай­да спорттағы солақай саясаттың кесірінен Бақыт Олимпия ойындарынан тыс қалып, оның орнына Ділшод Махмудов барды. Өзбек билігіне қапа болған Сәрсекбаев бірден Қазақстанға оралды. Халықаралық деңгейдегі спортшы болса да өз отанында Бақытқа бәрін қайта бастауға тура келді. Азия чемпионы деген дардай атағы болса да отандасымыз алғаш облыстық деңгейдегі турнирлерде өнер көрсет­ті. Өзін Ұлттық құрама деңгейінде жұдырықтасуға толық дайын екенін дәлелдеп, 2004 жылы 69 кило салмақта ел чемпионы атанды. Оған сол уақытта ұлттық құрама толықтай сенім артып, Бақыт та сенім үдесінен шыға білді. Екі мәрте Азия чемпионы атанды. Оны айтпағанда, 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада елімізге тиесі­лі жалғыз алтын (ауыр атлет Илья Ильиннің 2008 жылғы Олимпиададағы нәтижесін ХОК жоққа шығарды) медальды сыйлады.

Осыдан бірер жыл бұрын Бақыт Сәр­­се­кбаевқа хабарласқанымызда, ол Алматыда тұратынын, жеке кә­сіп­­пен айналысып жатқанын айтқан еді.

Грек-рим күресінің балуаны – Ел­мұрат Тасмұратов та Бостандық ауда­ны­ның түлегі. 1991 жылы Қызылту ауылында дүниеге келген Ел­мұрат жастайынан күрес секциясына қатыс­қан. 8-cыныпты бітірген соң (2000-жылдардың ортасы) ата-анасы оны тарихи отаны – Қазақстанға жібереді. Түркістандағы Б.Саттарханов спорт мектеп-интернатында білікті бапкерлер Александр Колесников пен Хакім Мұсаевтан тәлім алып, ел ішілік талай жарыстарда топ жарды. 2008 жылы Д.Тұрлықанов турнирінде жеңіліп, Қазақстан атынан Азия чемпионатына бару мүмкіндігінен айрылып, ұлттық құрама сапынан да біржола шығып қалады. Сол бір сәтті тиімді пайдаланған өзбек бапкерлері оған Өзбекстан атынан халықара­лық додаларға шығуды ұсынады. Содан отандасымыз келісімін беріп, Өзбек­стан атынан қатысқан жасөспірім­дер арасындағы алғашқы бәсекесінде Азия чемпионатында жеңіспен оралды. Осы жағдай оның спорттық ғұмырын белгілеп бергендей болды. Сол уақыттан бері Тасмұратов өзбек елінің намысын қорғап келеді.

Бүгінге дейін қандасымыз екі Олимпия ойындарында бақ сынады. Ең алғаш 2012 жылы Лондон Олимпиадасында 16-орын иеленсе, араға төрт жыл салып  2016 жылы Рио төрінде өткен аламанда қола жүлде еншіледі. Әлем чемпионаттарында жеке жүлде санын бір күміс, екі қола медальмен толықтырды. Сонымен қатар оның Азия чемпионатында бес дүркін чемпион деген дардай  атағы бар. 2013 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Азия біріншілігінде алғаш рет жеңімпаз атанса, кейіннен қатарынан екі жыл тағы да Азияда теңдессіз балуан деп танылды. 2014 жылы Астанада өткен сарықұрлық біріншілігінде топ жарса, 2015 жылы Дохада атой салды. 2018 жылы Бішкекте алтыннан алқа тағынса, биыл жыл басында Нью-Делиде өткен біріншілікте бес дүркін Азия чемпио­ны деген атаққа ие болды. Қазіргі таңда Елмұрат Тасмұратов өзінің үшінші Олимпиадасына дайындалып жатыр. Ол былтыр елорда төрінде ұйымдастырылған әлем чемпионатында 63 кило салмақта Олимпия ойындарына жолдама жеңіп алды.

Жуырда ғана Токио Олимпиа­дасы­на жолдама беретін турнирде Зәкір Сафиуллиннен финалда басым түскен Елнұр Әбдірайымов бауыры­мыз да Бостандық ауданының тумасы. Аны­ғырақ айтқанда, Бостандық ауда­ны­ның орталығы – Газалкентте дүниеге келген. 26 жастағы Елнұрдың Өзбекстандағы жұлдызды сәті 2015 жылы туды. Сол жылы Бангкокте өткен Азия чемпионатында қола жүлде иеленсе, араға ай салып Дохадағы әлем біріншілігінде тағы да қоланы қанағат тұтты. Бұл Әбдірайымовтың алғаш­қы ірі жарыстары болатын. Әрине, құрлықтық біріншіліктерге дейін Елнұр Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Украинада өткен халықара­лық турнирлерде де алғашқы үштіктің қатарынан көрініп жүрген-ді.

Дохада өткен әлем чемпионатында Елнұр Әбдірайымов Өзбекстан құра­масына қола жүлде сыйлап қана қой­май, Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленген еді. Алайда Елнұрдан сәл алдын ептілік танытқан өзбек Хур­шид Тожибаев APB жобасы ая­сында Олимпиада жолдамасына қол жеткізіп қойған болатын. Бап­кер­лер құрамы ақылдаса келе, Елнұр­дың орнына Риоға Тожибаевты Олим­пиадаға апаратын болып шешеді. Осы­лай­ша қандасымыз жолдама жеңіп ал­ға­ны­мен, Олимпиадаға бара алмай қалды.

Ал 2017 жылы Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында Елнұр Әбді­райымов 60 кило салмақта сары­құр­лық чемпионы атанды. Жоға­рыда айтып өткендей, Әбдірайымов биыл Иорданияда өткен додада Олимпиада жолдамасын иеленіп, 2016 жылы орындалмаған арманына бір табан жақындай түсті.

Сонымен қатар осы турнирде Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен 52 кило салмақтағы отан­да­сымыз Сәкен Бибосынов та Табақ­сайда туып-өскен. 1997 жылы дүниеге келген был­ғары қолғап шебері бокстың қыр-сырын Өзбекстанда үйренген. Тіпті жасөспірімдер арасындағы облыстық бәсекелерде де бақ сынап үлгерген. Кейіннен Бибосыновтар отбасы ата-жұртына қоныс аударып, Сәкен Қазақ­станда бокспен кәсіби түрде айналысуын жалғастырды. 2018 жылғы ел чемпионатында күміс жүлде иеленген Бибосынов мамандар көзі­не бірден түсті. Сол жылы ұлттық құра­маға қа­был­­данып, былтыр Ресей­дің Ека­те­­рин­бург қаласында өткен әлем чемпионатының жартылай финалында үндістандық Амит Пангалдан жеңіліп, қола медаль иегері атанды.

Иорданиядағы Олимпиадаға жолдама беретін турнирдің ширек финалында қытайлық боксшыдан жеңіліп, қосымша кездесуде филиппиндік Карло Пааламниді жеңіп, соңғы сәтте Токиоға бару құқығын иеленді.

Міне, Бостандық ауданының бүгінге дейін тәрбиелеп шығарған саң­лақтарының тек бір парасы ғана.