Сұхбат • 03 Маусым, 2020

МӘМС: кім, қанша төлейді?

689 рет көрсетілді

Елімізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы жылдың қаңтар айынан бастап енгенімен, мәртебесі анықталмаған азаматтарға 1 сәуірге дейін мүмкіндік берілген. Төтенше жағдайға байланысты бұл жеңілдік 1 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл өзгерістің халыққа пайдасы бар ма? Төтенше жағдай жарияланған кезде отандық кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер жасалды? Осы сауалдарға Медициналық сақтандыру қоры Сараптама және болжау департаментінің аға менеджері Ақтолқын СҰЛТАНОВА жауап берді.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

– Бұл кезеңде ел азаматтары Меди­ци­налық сақтандыру қорына аударымдар мен жарна төлеген-төлемегеніне қара­мастан жаппай міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесінде шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. Яғни 1 шілдеге дейін әр адамға Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтер тегін және толық көлемде көрсетіледі. Алайда азаматтар мен жұмыс берушілер ай сайын міндетті төлемдерді төлеуі қажет. Егер адам қандай да бір себептермен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төлем жасай алмаса, жеңілдік кезеңі өткеннен кейін ол сақтандырылмаған болып есептеледі және медициналық қызметтерді тек бір пакетте, яғни ТМККК бойынша ғана ала алады. Жүйеге әрі қарай қаты­сып, сақтандырылған мәртебесін алу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС пакеті бойынша пайдаланылған қызметтердің 6 айлық ақысын төлеуі шарт.

– МӘМС жарнасын төлеуден кім­дер толық босатылды? Қашанға де­йін?

– Ірі бизнестің 10 санаты осы жылдың 1 шілдесіне дейін, ал шағын және орта бизнестің 29 санаты 1 қазанға дейін босатылды. Президенттің 16 наурыздағы «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» №287 Жарлығын салық салу мәселелері бо­йынша іске асыру туралы Үкіметтің 20 сәуірдегі №224 қаулысына сәйкес кәсіпкерлер аталған кезеңде жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар жасамайды және осы аралықта оларда берешек болмайды. Ал кәсіпорындардың қызметкерлерінде сақтандыру мәртебесі сақталады. Нөлдік ставкамен салықтық есеп тапсырған жағдайда кәсіп иесіне жарна төлемегені үшін өсімақы мен айыппұл да салынбайды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамдық есептері бойынша 923 мың адам төлемнен босатылды. Сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне 1 наурыздан бастап төленетін үстемеақыдан да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жарна ұсталмайды.

– Ірі бизнестің қай түрі МӘМС төлемін жасаудан босатылды?

– Үкімет қаулысымен бизнестің 10 түрі топтастырылды. Оған автомо­биль­дер­дің, жеңіл автокөлік құралдарының, мысалы, мотоциклдің, автомобиль бөлшектерінің және сауда алаңы 2 мың шаршы метрден аз және одан көп сауда объектілеріндегі керек-жарақтардың бөлшек саудасы, жол бойындағы техникалық қызмет көрсету стансалары өндірісінен басқа автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу қызметі кіруі мүмкін. Дәріханалар, тамақ өнімдері, сусындар мен темекі өнімдерінің саудасын қоспағанда, ірі сауда желілеріндегі, стационарлық сау­да объектілеріндегі, сауда объектілері болып табылатын мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда да жатады.

Ірі бизнеске әуе жолаушылары көлігінің қызметі, қонақ үйлер мен ұқсас қызмет көрсету, мейрамханалар және тамақ өнімдерін жеткізу бо­йынша қызмет, меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жал­дау және басқару, дәріханаларды және тамақ өнімдерін, сусындар мен темекі өнімдерінің бөлшек саудасын қоспағанда коммерциялық үй-жайларды жалға беру жатады. Олардың барлығы 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін өз қызметкерлері үшін аударым төлеуден босатылды.

– Ал шағын және орта бизнес бо­йынша қандай қызметтер босатылады?

– Шағын және орта бизнеске де ірі бизнеске жататын қызметтер кіреді. Сондай-ақ бұған құқық саласындағы қызметті, атап айтқанда заң кеңесшілері, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторларды қосыңыз. Коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша консультанттар, туристік агенттіктер мен туроператорлар, санитарлық-эпидемиялық, ауруханалық және санаторлық-курорттық ұйымдар, мектепке дейінгі жекеменшік, бастауыш және орта оқу орындары, жеке дәрігерлік практика, стоматология, концерт және театр залдары, фитнес-клубтар, тоқыма және химиялық тазалау, шаштараз және сұлулық салондары да қамтылады. Олардың барлығы осы жылдың 1 қазанына дейін жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдар төлеуден босатылды.

– Жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйе­сі­не жарнаны қалай төлейді?

– Егер жеке кәсіпкер жалдамалы қызметкерлері болса және қызметі ірі немесе шағын және орта бизнес санатына жатса, олар жеңілдік кезеңінде аударымдарды төлеуден толық босатылады. Өзге жағдайда жеке кәсіпкер өзі үшін ай сайын 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5%-ын төлеуге міндетті, оның мөлшері биыл – 2 975 теңге.

– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МӘМС-ке қанша төлейді және бұл санатқа кімдер кіреді?

– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ 1175 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін немесе жылына 3,2 млн теңгеге дейін табысы бар барлық жеке тұл­ға­лар жатады. Мұндай азаматтар үшін арнайы оңайлатылған салық режімі – бірыңғай жиынтық төлем қарас­тырылған, осы арқылы бірден үш қорға, атап айтқанда, зейнетақы жинақтау, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыруға қатысуға болады. Соңғы екі айда жүйеде 1,8 млн-нан астам бірыңғай жиынтық төлем төлеуші тіркелген. Ал республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін БЖТ мөлшері – 1 АЕК немесе 2651 теңге. Басқа елді мекендерде тұратын адамдар үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге. Салық Кодексінің 775-бабына сәйкес бұл төлем 1 қаңтардағы АЕК мөлшеріне қарай белгіленеді. Сондай-ақ бұл төлемді әрбір есептік айда төлеу қажет екенін ескерген дұрыс. Егер төлем қандай да бір себептермен дер кезінде төленбеген жағдайда, берешекті дербес төлеуші ретінде 1 ЕТЖ-дан 5% немесе 2125 теңге төлеуге болады.

– Егер адам азаматтық-құқықтық сипаттағы және мезгілдік еңбек шарты бойынша жұмыс істесе ше?

– Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлға үшін салық агенті немесе қызметке тапсырыс беруші шарт сомасының 1%-ын МӘМС жүйесіне ұстап қалады. Ұсталатын ақша 2021 жылы шарт сомасының 2%-ы болады. Егер азамат еңбек шартымен екінші компания­да еңбек етсе, ол үшін жұмыс беруші Медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасаса, онда ол негізгі жұмыс орнынан анықтама алып, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша тіркелген компанияға көрсетуі тиіс. Бұл ретте, аударымдар ұсталған шекті табыс 10 АЕК немесе 425 мың теңгеден аспауы тиіс.

– Жұмыссыз және табысы жоқ азаматтар не істейді?

– Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын 15 жеңілдік жасалған санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анық­тады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар. Егер азамат жеңілдік жасалған санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, Азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Негізінде мәртебе автоматты түрде беріледі.

– Егер азамат жеңілдік жасалған санатқа кірмесе, жеке кәсіпкер ретінде де тіркелмесе не істейді?

– Мұндай жағдайда дербес төлеуші ретінде кез келген екінші деңгейлі банк, Касса24, Qiwi, Халық банк терминалдары, Kaspi мобильдік қосымшасы арқылы 1 ЕТЖ-ның 5%-ын немесе 2125 теңге мөлшерінде жарна аудара алады.

 

Әңгімелескен

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Жамбыл жылы жырлайды

Руханият • Кеше

Қай салада жалақы өсті?

Экономика • 27 Ақпан, 2021

Ресей азаматтары алғыс айтты

Аймақтар • 26 Ақпан, 2021

Ұқсас жаңалықтар