Тарих • 03 Маусым, 2020

Тарих таразысындағы төрт жайт

1019 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ресейдің «Еуропаға терезе тескен» ұлы патшасы І Петр дінбасы мен жандармерия басшысын шақырып алып, үшеуі шетелдердей бай болу үшін Ресей тұрған құрлықты түгелдей орыстандыруға шешім жасапты. «Бұратана» халықтарды әуелі дін жолымен алдап-сулап жіпсітіп, христиан дініне енгізу, аты-жөндерін орысшалау, егер оған көнбесе, қару күшімен мәжбүрлеу керек десіпті. Сөйтіп олар «кембағалдардың» жерлерін тегін иеленіп, асты-үстінің байлығына кенелудің оңай жолы «тоқаш пен тоқпақ» саясатын жүргізу дес­кен. Мен оны сонау жылдары, қызмет бабымен аралас-құралас болып жүрген кезімде, мәскеулік жазушы-тарихшылардың бірнешеуінен естідім. Үшеудің «тарихи» құжаты Кеңес Одағының мемлекеттік орталық мұрағатында сақтаулы екен де, «№1 үстелдегі» онымен танысқысы келетіндер КОКП Орталық комитетінен рұқсат алуға тиіс екен, ал рұқсат сұрағанға беріле салмаған және құжаттан көшірме алуға тыйым болған.

Тарих таразысындағы төрт жайт

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

1. Қазан революциясы қазаққа қасірет болды ма?

«Азиаттар білім-ғылымға қабілетті емес, олар қара жұмысқа ғана жарайды», деп бетпақтанған І Петрдің бұтарлау саясаты құрлықтың Солтүстігін, Қиыр шығысын жұтып алып, Қазақстанға ойысып, көк түріктің көне атамекені – қазақ Алтайының жартысын жалмаған кезде Октябрь революциясы болып, Ресейдің отарлаушыға айналған патшалық жү­йе­сі жойылды да, Алтайдың екінші жар­­тысындағы (бүгінгі Кенді Алтай, Шығыс Қазақстан облысы) қазақтар шоқындырудан аман қалды. Бірақ Ресей дала билігімен бұрынғы шарттасуы бо­йынша қазақ жерін тіміскілеп, «ғылыми экспедицияларын» шығарып, «оларды қорғайтын әскери бекініс» дегендерін сала бастап, қарашекпенділерін қаптатып үлгерген. Сол сұрқиялықтың зардаптарын зерттеген қарт журналшы-жазушы Сапабек Әсіпұлы деректі үш кітап жазды («Қазақ қасіреті», «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі»), өкінішке қарай, тарихшылар қауымы «ғылыми дәрежесі жоқ» автордың ол еңбектерін зерделемеді.

Енді Алтайдың орыстандырылған жартысындағы (Горный Алтай) бір қа­ламдасымның халін баяндайын.

Барнаулдық (қала аты түріктекті төлеуіт халқының «по-ронгы-ул» – «лайлы өзен» сөзінен шыққан) ақын Сергей Сергеевич Каташ 1973 жылы Алматыға келіп, Ғылым академиясында докторлық диссертация қорғады. Ол өздерінің пе­да­­го­гика институтында Алтай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, «Алтай батырлары» атты көптомдықты құрастырған тарихшы-ғалымдар тобының жетекшісі екен. Жазушылар одағында танысып, еркін әңгімелесіп жүрген күндеріміздің бірінде ол: «Ай, Ғаба! Ата-әкелерің де, өздерің де бізше: Иванов, Сидоров, Козлов, Гусев, Воробьев... болып кете бармай, байырғы қазақ қалыптарыңда қалған сендер өте бақыттысыңдар! Владимир Ильич Ленинге күн сайын дұға бағыштасаңдар да көп емес. Арыда қазақ, беріде орыс болып кеткен бізді көрсеңші! Біз – ата-баба­мыздың тілінен, дінінен мақрұм өскен бейбақпыз!», деп күйінді. Жүрегім езіліп кете жаздады. Оның сол минуттағы әлемтапырық қазақы әлпеті әлі де көз алдымда, дірілдей құмыққан дауысы әлі де құлағымда!..

Жақұт (якут) жазушысы Николай Габышевтан да сондай налыс естігенім бар. Ол екеуіміздің фамилиямыз ұқсас екеніне таңдана жымиып отырып: «Осы «Кабышев» деген фамилияны саған дейін Белоруссияда, Украинада естідім. Генерал болған Карбышев та ұқсастау, демек, православтықтардың арасында сонау заманда күштеп шоқындырылған бабаларымызда осындай кісі аты бол­ғаны. Түрік тұқымды маған бұл аты-жөнді халқымызды қорқытып-үркітіп шоқындырған орыстар беріпті, саған кім берді, сендер шоқындырылған жоқсың­дар ғой?» деді. Мен: «Әкемнің аты Қаб­дырахман екен, әжесі «Қабыш» деп ерке­ле­тіп, кейін солай жазылып кетіпті», дедім...

1978 жылы КСРО жазушыларының «Дубулты» шығармашылық үйіне (Бал­тық теңізі жағасында) дем алуға бардым. Ықшам денелі, қараторы жігіт ағасымен үсте­ліміз бір екен, таныса отыру үшін сөз бастап:

– Туысқан, қайдансыз? Қырғызсыз ба, өзбексіз бе? – дедім.

– Не понимаю, – деді ол, қысық қара көзі күлімдей жымиып. Сұрағымды орысшаладым.

– Я – коряк. Моя фамилия – Косыгин, а зовут – Владимир, – деді.

– Совет Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Алексей Николаевич Косыгин туысыңыз емес пе? – дедім, әзіл аңғарта. – Ол кісі кеше келіпті, осы жағадағы өкі­мет­тік санаторийде.

– Онымен туыс болсам, өстіп жүрем бе? – деді. Үнінен қыжыл аңғарылды.

– «Өстіп жүрембеңіз» қалай? – дедім, көмес­кі қыжылын аршып көргім келгенін жасырмай.

– Патшалық Ресейдің басқыншылық саясатынан хабарыңыз бар шығар, Ле­нин мен Сталиннің еңбектерінде айтыл­ған ғой. Біздің коряк ата-бабамыз сол сая­саттың құрбаны болыпты. Поптарын бетке ұстаған патшалық әскери жасақтар Қиыр Шығысты басып алып, бізді – коряктарды да христиан дініне алдап-арбап, ұрып-соғып кіргізген, ата-бабамыздың аты-жөнін жойып, орыстың аты-жөнін берген. Көнбегендерді көрге лақтырған. Менің ұлы атам Бола Коянто екен, ол – «Еркін тірлік» деген ұғым, «Коянтоны» олар «Косыгинге» айналдырыпты, балаларына коряктің атын қоюға тыйым салыпты. Содан бері біздің үрім-бұтақ – косы­гиндер: Владимир, Василий, Иван, Ефрем, Кирилл… болып жүрміз.

– Жазушысыз ғой? – дедім.

– Ана тілі орыс тілі болып кеткен ақын­мын, Мәскеуде екі жинағым шықты. КСРО Жазушылар одағының мүшесімін. Бірақ міне, бес жыл болды, коряк аты-жөнімді қалпына келтіре алмай жүрмін, өтініш бермеген жерім жоқ, біріне бірі сілтеп шаршатты, – деді. Ол ақырын сөй­­лесе де, ашық ашынып сөйледі, сірә, менің де басқа ұлттан екенімді аңға­рып, біз­дің арамызда бірімізді біріміз жатыр­қа­мас себеп бар деп топшыласа керек. Маған:

– Сіз қайдансыз? Ұлтыңыз қайсысы? – деді.

– Мен Қазақстаннанмын, ұлтым – қа­зақ, – дедім, сөз бастамас бұрын өзімді таныс­тырмағаныма іштей өкініп.

– Казакстан?!

– Қазақстан – Совет Одағы құрамын­дағы одақтас республикалардың бірі.

– Космонавтар ұшып жүрген жақ па?

– Иә, космонавтар біздің Байқоңыр деген космодромнан ұшады.

– «Казакпын» дедіңіз бе? Орыстармен туыссыздар ғой?

– Туыс емеспіз. Біз «қазақ» деген ха­лық­пыз. Казактарға қатысымыз жоқ, олар – христиандар, ал біз – мұсылманбыз, «қа­зақпыз», Қазақстан! – дедім, «қ» әрпін қатаң айтып.

– Қызық екен. Аты-жөніңіз кім?

– Ғаббас Қабышұлы. Бізде орысша ат-жөн жоқ, – дедім, «Қабышев» дегендегі «ев»-ті жасырып.

– Патшаның шоқындырушы арнаулы отрядтары сіздер жақта болмаған ба?! – деді ол, шын таңданып.

– Болыпты, мысалы, біздің Шығыс өңірімізге Ермак Тимофеевич деген атаманның отряды зеңбіректерін сүйретіп ке­ліп, қырғын жасап, жерімізді тартып алу­ға кірісіпті, бірақ біздің Сәтбек де­ген батырымыз ол жауыздың отрядын тал­қандап, өзін Ертіске батырып өлті­ріпті.

– Сіздер бақытты екенсіздер! – деді Косыгин, қысық қара көзі өткірлене. Үні­нен ризашылықтың нышаны байқалды. – Біз де аздап бақыттымыз, – деді ол сәлден соң. – Егер патшалық Ресейдің езгісінде ен­ді он жылдай жүрсек, сауатымыз ашылмастан құрып кеткен болар едік, сөз жоқ, коряк ретінде құрып бітетін едік, енді қазіргі күнімізге шүкіршілік етіп жүрміз...

Егер 1917 жылы революция болма­са, қазақтар да патшалық Ресейдің «құша­ғында» кетіп, мөлшері 1920-1925 жылда­ры жұтылып тынатын еді. Кеңес өкіме­тін көзді жұмып, құлақты бітеп алып күс­тә­налай бергенше, бір уақ осыны неге ой­ламасқа?!

Қазан революциясы («төңкеріс» – би­лік тобын өзгерту, «революция» – билік жүйесін өзгерту, яғни «Қазан революциясы» деу жөн) әлемге әкелген Кеңес дәуіріне тоқталсам, бүгінде оны халықаралық сионизмнің торындағы сая­сатшы, тарихшы, журналшы-жазушы атаулылар (олар талай елде бар және аз емес) тілдері жеткенінше жамандауда, онысын қостамағанды: «Социалистік-коммунистік жүйені іздеп жүр», «Кеңесін аңсап жүр» деп мардымсып мұқатады. «Мен білем!» деген бұл ғадет саяси Алаш қозғалысымызды ұйымдастырған, бас­қарған арыстарымыздың да әр пұш­пақты илегендерін оқып білдік. Ортақ мақсатта ортақ тілді бола бермей, Қа­зақ Өлкелік партия комитетін басқара ала­тын «қазақ таба алмай», Кремльге «құда түсіпті». Сөйтіп: Пестковскийді, Акуловты, Голощекинді... келтіртіп «жарылқаныпты». Сол жолмен қанқұмар Мир­зоян (1933 ж.), күні кеше (1986 ж.) бетпақ Колбин де әкелінді емес пе?

...Халықаралық қағида бойынша халықтық мемлекет білім беруі мен медицинасы тегін елде ғана болады. Кеңес мем­лекеті солай болды: мектептің 1-ші сыныбынан бастап, жоғары оқу орындарында білім беру тегін, студенттер жатақханасы да ақы­сыз болды ғой?! Қазір ше? Бәрі керісінше. Және бір салыстыру: Ке­ңес өкіметі тұсында «жұмыссыздық» деген суық сөз де болған жоқ. Бүгінде ше? Бүгінде жұмыссыздық қоғамның бір дерті болып тұр, оған ем қонуы үшін ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, ғылым-білімді, мәдениетті, медицинаны кеңестік қалпына келтіру қажет.

«Халықтық мемлекет» дегенге орай бір жайтты айта отырайын: Ке­­ңес­тік қар­сы барлаушылар тобы 80-жылдардың басында АҚШ-тың «Гарвард жобасы» деген құпия материалдарын қолға түсір­ген. Оның КСРО мен Ресейге ар­налған алғашқы үш томы: «Қайта құ­ру»; «Реформалар»; «Реформалардың аяқ­талуы» деп аталған да, онда: КСРО мен КОКП-ны, Ресейді, Варшава шартын, бү­кіл социалистік жүйені ыдырату және бұл жүйенің негізін – тегін білім беру мен тегін дәрігерлік жәрдемді жою­ жос­пар­ланған. Жанды жерден ұру ғой?! Ол мақсаттың орындалуына, АҚШ Орталық барлау басқармасының мәлім­деуінше, жиыны 13 триллион доллар жұмсалған. Соңғы жылдары кейбір «бәрінбілгіштер» әләуләйләп жүргендей, «КСРО саяси, экономикалық құлдырау шегіне жетіп, өзі де құлағалы тұрған» жоқ-ты. Өйтіп тұрса, «гарвардшылар» арнайы жоба жасап жанта­ласпас еді, қыруар қаржыны ысырап етпес еді, «жар басына тақалғанды» таба­лап күліп күте тұрар еді.

Ал «Экономикалық құлдырау шегіне жетіп, өзі де құлағалы тұрған Совет Ода­ғы» фашизммен соғыстан кейін, 1947 жыл­дан бастап, халыққа бірінші кезекте керек тауарларды жыл сайын арзандатып отырды. Ол жеңілдікті Хрущев жойды.

АҚШ Совет Одағын ыдыратуды 1948 жылы-ақ көздеген. Оның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің сол жылғы тамыз айының 18-ші күні бекітілген №20/1 құпия жобасында: «Біздің мақсатымыз – Совет өкіметін құлату» делінген. Бұлай боларын И.Сталин 1939 жылы белгілі дипломат А.Коллонтаймен сұхбатында болжап айтыпты. Сол сұхбатынан бір үзінді:

«Әлемдік билікті көксеуші сионизм біз­дің табыстарымыз бен жетістік­тері­мізді жоққа шығаруға, бізден есе қай­таруға жанталасады. Халықаралық сио­низм біздің Одақты жоюға, Ресейді ең­сесін ешқашан көтере алмайтын етіп жаныштауға барлық күшін жұмсайды... Ұлтшылдық ерекше екпінмен бас көтеріп, интернационализм мен патриотизмді біраз уақыт тұншықтырады. Ұлттар іріт­кіге, қақтығысқа ұшырайды. Өз ұлтына сат­қындық жасайтын көлгір көсемдер пайда болады. Жалпы болашақтың жү­рер жолы тым аласапыранды, шұғыл бұры­лысты, тар да тайғақ болады. Әсіресе Шығыс шым-шытырыққа айналады, Батыс­пен қырықпышақ болады...».

Айтқаны келді емес пе?!.

Ал сионистер түпнұсқасы Ресейдің Ор­талықтандырылған мұрағатында сақ­таулы (КСРО Ішкі істер министрлігінің мұра­ғатында жатқан) бұл сұхбатты жоққа шығару үшін әлі де жанталасуда.

 

 2. Ашаршылықтың «астары» мен «тысы»

Дүние жүзіндегі бірінші социалистік ел – жас КСРО тірлігінде небір қияметтер бол­ды десек, соның бірі – 1921 жылдан  басталып, 1933 жылмен аяқталған  ашаршылық. Жаңа Ре­сей­ді 1921 жылы сұрапыл аштық жайлап, В.Лениннің барша жұртшылықтан кө­мек сұрап ашық хат жазғаны мәлім. Сол жанайқайға құлақ қойған біздің Арал балықшылары Волга бойындағы жұ­таған жұртқа мыңдаған тонна балық жөнелтті. Ол ашаршылық Ресейдің 34 про­винциясын қамтып, 5 миллионға жуық адам көз жұмған. Сол жылғы және бергі жылдардағы аштық туралы жаз­­ғандар оның себебі: ұжымдастыру оң жүргізілмеді; астық дайындау бақы­ланбады; мал есебі қадағаланбады; ауыл-село халқы қуғындалды, ол үшін Совет өкіметі, Коммунистік партия, Сталин кінәлі деседі. Иә, ауыл шаруашылығын ұжым­дастырудың  көп  жерде  бейбастақ  жүргізілгені рас. Ол жағдаят  туралы ең  алғашқы  да  құнды  құжат  –  жазушы  Михаил  Шолоховтың  1933 жылы көкек айының 4-і күні И.Сталинге: «...Если все описанное мною заслуживает внимания ЦК, пошлите в Вешенский район доподлинных коммунистов, у которых хватило бы смелости, невзирая на лица, разоблачить всех, по чьей вине смертельно подорвано колхозное хозяйство района, которые по-настоящему бы расследовали и открыли не только всех тех, кто применял к колхозникам омерзительные «методы» пыток, избиений и на­другательств, но и тех, кто вдохновлял на это. Обойти молчанием то, что в течение трех  месяцев творилось в Вешенском и Вер­хне-Донском районах, нельзя. Толь­ко на Вас надежда», деп тұжырған батыл хаты.

Аталған аудандарды жұртшылықтың дабыл-тілегі бойынша үш ай аралаған М.Шолоховтың  ол хатын оқысаң, төбе ша­шың тік тұрады. Колхозға қарсы жер­гілікті қаскүнем белсенділер жасаған айуан­дықта шек болмаған.

Жазушыға берген жауабында Ста­лин соншама сорақылықтың болып жатқанын  дәлелдеп  жазғаны үшін оған алғыс ай­тып, хат ізімен Шкирятов баста­ған ко­мис­сия барып тексеру жүргізетінін ес­керткен.

Хатынан кейін өміріне қауіп төнген Шолохов жасырынып, Мәскеуге қашып барып, Сталиннің қабылдауында болды. Сөйтіп аштық буған Дон бойының жағдайын көзбе-көз баяндап, ауыр жағ­­дай­ды оңдауға тиіс үкіметтік шара­лардың белгіленуіне үлкен үлес қосты.

«Донның солтүстігіндегі аудандар­да «колхозшылар талан-тараж жасап жатыр» деген жаламен колхозшы­ларды астықсыз қалдырған алаяқ басшы-қосшылардың айла-шарғыларын түбе­гейлі тексерген комиссияның деректері бойынша Кремль қатаң шара қолданды. Халықты аш­тыққа душар еткендер атылды» (М.Шолоховтың «Об истинном слове» мақа­ласынан).

Сол жолғы әңгіме соңында Сталин: – Михаил Александрович, үйіңізге қайтып баруға қорықпайсыз ба? – деп әзілдегенде Шолохов: – Иосиф Виссарионович, сіз қор­ғамайсыз ба? – депті.

...КСРО-да 1919-1922 және 1931-1933 жылдарғы аштықтан қырылған  халық саны әлі де анықталған жоқ. Зерттеушілер аш­тыққа кінәлілердің бірі – Бүкілодақтық совет атқару комитетінің (БОАК) тө­рағасы Я.Свердлов деп көрсетеді, (тарихшы И.Плотников жазғандай, шын  аты-жөні – Ешуа-Соломон Мовшович. Одан Янкель Мираимович; Яков Михайлович Свердлов болған. Әкесі – Михаил Израилович Свердлов, шешесі – Елизавета Соломоновна).

Ресейдің белгілі тарихшы-жазушыла­ры­ның бірегейі В.Шамбаровтың «Я.Свердлов. Оккультные корни Октя­брьской революции» кітабынан үзінді:

«...1918 жылы мамыр айының 20-күні Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің жос­парлы мәжілісі күн тәртібіне «Совет­тердің деревнядағы міндеттері» мәселесі қойылып, комитеттің төрағасы Свердлов баяндама жасап, шаруаларға қатысты жаңа бағытты жария етті. Ол былай деді: «Біз­дің деревнядағы міндеттеріміз туралы мәселені қарауымыздың маңызы зор, біз онда не істеу керектің негізгі мақсатын көр­­сетуге тиіспіз... Біз қалалардағы ірі буржуазияны «өлтіре» алсақ та, де­рев­ня­ларда әлі де өйте алмай жүрміз... Сондықтан деревняда бір-біріне қарсы өшпенді екі топ жасау жайындағы аса маңызды міндетті шешіп, кедей көп­шілікті кулактар әулетіне қарсы қоюы­мыз керек.  Егер біз деревняны бітіс­пес жаулық пиғылдағы екі лагерьге бө­ле  алсақ, егер араларына от салып, жа­қын­да ғана қалаларда болғандай азамат соғысын аша алсақ, егер деревня кедей­лерін деревня кулактарына қарсы кө­тере алсақ, қалаларда істегенімізді дерев­няларда сонда ғана жүзеге асырамыз... Мен деревнядағы жұмысымызды жо­ғары деңгейде атқара алатынымызға күмән­данбаймын!».

Свердловтың «Жер туралы декрет» қабыл­данған сол мәжілістегі сөзі дерев­няға, шаруаларға қарсы құтырық жорық­тың басталғанын айғақтады.

Л.Троцкиймен (Л.Бронштеймен) ы­мы-жымы бір Свердлов Жер мәселесі жөнін­дегі Халық комиссары Середа екеуі БОАК нұсқауымен құрылған «Село­шаруашылық коммуналары» мен «Кедейлер комитеттерінің» 1918 жылы желтоқсанның 11-күні өткен құрыл­тайында деревняға еселеп соққы берді. Коммунаның бағдарламасы толық­ты­рылып: «Коммуна мүшелерінің бар­лық мүлкі ортаға салынып, өздері казармалар­да тұруға тиіс. Жалақы бол­­майды. Тамақ­ты коммунаның асха­насында ішеді. Бала­лары ұжымдық тәр­бие орындарына бе­ріліп, сонда өз күндерін өздері көретін болады», делінді («Қазақстанда кіші Октябрь революциясын жасамай болмайды!» деп аттандаған Филипп Исаевич (Шая Ицикович) Голощёкин Свер­д­ловтың досы, қолшоқпары болыпты).

 Ал сталиндік ұжымдастырудың талабында («Большая энциклопедия»): «...Колхозшылардың үй-жайлары, қора-қоп­сылары, құрал-саймандары, ұсақ малдары, үй іргесіндегі кәсіби жер телімі өз­дерінде қалдырылсын» делінген. Яғни: ешбір отбасы «свердловтық сұрыптауға» ұшыратылмаған және ұсақ малдары: қой-ешкі, шошқа иелерінде қалған.

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

   ( Жалғасы бар)