Саясат • 03 Маусым, 2020

Кодекс жобасы талқыланды

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен және жұртшылық өкілдерімен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Кодекс жобасы талқыланды

Өз сөзінде Сенат Төрағасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Президенттің денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап
өтті.

«Мемлекет басшысы меди­циналық инфрақұрылымды дамыту, санитарлық-эпидемиялық қызметті күшейту, дәрігерлердің жалақысын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойып отыр. Президентіміздің тапсырмасын орындау аясында, кодекс қабылданғаннан кейін отандық медицинадағы мәселелерді оң шешуге өз үлесін қосатын болады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Төраға індетпен кү­рес­те ерен еңбегімен көзге түсіп, жан­кештілік танытқан еліміздегі барша медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Кодекс жобасын әзірлеушілердің айтуынша, құжатта қоғам денсау­лы­ғын қорғауды күшейтуге, ұлттың денсаулығын нығайтуға, мемлекет пен жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігін күшейтуге, цифрлы денсаулық сақтау саласын дамытуға, медицина қызметкерлерінің мәр­тебесін көтеруге арналған нормалар бар. Соған байланысты ілеспе түзе­ту­лермен бірқатар заңнамалық акті­лерге өзгерістер енгізіледі.

Жобаның қабылдануы меди­ци­налық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласындағы қатынастарды тиімді реттеуге ықпал етеді.

Сонымен қатар жаңадан енгі­зі­летін ережелер заңнамалық қай­шы­лықтарды азайтуға және ден­саулық сақтаудың деңгейін Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, кодекс жобасында медицинаны дамытудың өзекті мәселелерін шешуді және халықтың денсаулығын қорғау жүйесін жақсарту бойынша тиімді шараларды көздейтін түзетулер қамтылып отыр.

Отырысқа Сенат депутаттары, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ сарапшы мамандар мен қоғамның белсенді өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар