Академиялық еңбек Сара Камеронның 11 жылдық зерттеу жұмысының нәтижесі. Оның докторлық диссертациясы кітаптан бірнеше жыл бұрын қорғалып, монография ретінде тек 2018 жылы Корнелл Университетінің баспасынан жарияланды. Тарихи еңбек белгілі қоғам қайраткері және саясаткер Досым Сәтбаевтың «Cөз» мәдени-ағартушылық қорының әдеби жобасы аясында жарық көрсе, қазақ тіліне Cәуле және Зәуре Батаевалар аударды.
Жоба жетекшісі Досым Сәтбаев автордың трагедияның ұлттық болмысымызға қалай әсер еткеніне назар аударуы еңбекті басқа зерттеулерден ерекшелейтінін айтады.
– Бұл кітаптың жариялануы – ашаршылыққа арналған екінші ірі тарихи жоба. Бірінші жоба деректі фильм түсірілімімен байланысты: «Откочевники мертвой степи» фильмін жастар үшін YouTube-ке жарияладық. Шынында да, қазір көптеген адам ашаршылық туралы және сталиндік репрессиялар туралы аз біледі. Олар Гулаг, Карлаг, Алжир туралы білмейді. Дегенмен, біз әлі де жарақаты жазылмаған қоғамбыз. Біз әлі күнге дейін тарихи жадымызды, тамырларымыз бен дәстүрлерімізді қалпына келтіріп жатырмыз. Сара кітабында «жұртты барынан айырған, бұрын қалыптасқан әлеуметтік құрылымдарды бұзған ұжымдастыру қазақтардың кеңес мемлекетіне деген тәуелділігін одан әрі арттырды. Халық аштықтан қалған «жарақаттан» кейінгі кеңес жылдарында да арыла алмады» деп жазады, – дейді ол.
Ал аударма жұмыстары бақандай 8 айға жалғасқан. Айта кететін жайт – бұл еңбекті орыс тіліне аудару жұмысын Ресейдің НЛО баспасы жүзеге асырған еді, яғни екі тілге аудару барысы қатар жүрді. Қандай да кітапты басқа тілге аудару барысында автор тарапынан түзетулер, өзгертулер міндетті түрде болатыны белгілі жайт. Сондықтан әр тарауды аударған соң, автордың өзі 2 тілге аударылған нұсқаларын қарап шығып, ұсыныстарына қоса орыс тіліндегі нұсқасына енгізілген түзетулерді де жіберіп отырған.
– Редакциялау барысында осы аталған өзгерістерді ескердік. Бұл орайда «Аштық жайлаған дала» жобасына тапсырыс берген баспагер – Досым Асылбекұлы Сәтбаевтың өзі де бұл талаптардың орындалуына аса мүдделі болғанын және уақыт жағынан ешбір қысым жасамай, шығармашылыққа қажетті жағдай жасағанын айта кеткіміз келеді. Аударма саласының, соның ішінде академиялық еңбектерді аудару ерекшеліктерінің бірі – аудармашының екі тілді жетік білуі мүлдем жеткіліксіз. Оған қоса аудармашының аударылатын тақырып бойынша жалпы хабары мен кәсіби тәжірибесі болуы – кәсіби тұрғыдан да, этикалық тұрғыдан да аса маңызды талап. Сондықтан аударуды екеулеп іске асырдық. Екінші аудармашы – Сәуле Батаева менің әпкем, оның негізгі мамандығы пәлсапашы әрі әлеуметтанушы болғандықтан, әлеуметтік ғылымдар саласындағы біліктілігі аударма сапасына өз әсерін тигізді, – дейді аудармашы, жазушы Зәуре Батаева. Аудармашының айтуынша, көбіне саяси-әлеуметтік терминологияның тапшылығынан немесе керісінше бірнеше баламасының болуына байланысты аз-кем қиындықтар кездескен. Сондықтан қалыптасқан тавтологиядан бас тартып, терминнің негізгі функциясына жүгінуді жөн көріпті.
– Қазақ мәдениетінде ашаршылыққа адам шығыны ретінде ғана, яғни статистика мен демография тұрғысынан ғана қарау, ашыққан адамдардың тән азабы мен қасіретін ұсыну үрдісі қалыптасқан. Алайда ашаршылықты кешенді түрде зерттеу, яғни апатқа себеп болған табиғи, экономикалық және саяси факторларды сараптау нәтижесінде апаттың салдары бұдан бірнеше есе артық екені айқындала түседі. Сара Камерон саяси фактордың басым болғанын және оның салдарының қаншалықты залалды болғанын ашып көрсетеді, – дейді Зәуре Батаева. Автордың пайымдауынша, ашаршылық зобалаңы кеңес тарихшылары жазғандай тек бір тұлғаға ғана арта салатын қарапайым қылмыс емес.