Саясат • 03 Маусым, 2020

Жаңа мақсат-міндеттер айқындалды

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық кеңес отырысында отандық білім және ғылым мәселелерін күн тәртібіне қойып, баян­дама жасап, нақты мақсаттар мен міндеттерді айқындап беруі, бұл салада уақыт талабына сай оң өзгерістердің орын алатындығы қуантады.

Жаңа мақсат-міндеттер айқындалды

Ғылым саласында қаржы­ландыруды 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу – отандық ғылымның жаңа сатыға шығуына, бәсекеге қабі­летті ғылыми тұжырымдар жасап, әлемдік деңгейде жаңа­лықтар ашып, рухани мұрамызды нығайтып, елдің экономикасын көтеруге мүмкіндік берері сөзсіз.

Біз ғылым саласын жеткіліксіз қаржыландырудың салдарынан, ғылымға келетін, жүйелі түрде зерттеу жұмыстарымен айналысатын жас мамандардың санын азайтып, яғни ұрпақтар сабақтастығының арасын біраз ажыратып алғанымыз белгілі. Қиын кезеңдерде ғылымға бейім жастар жалақының аздығы мен әлеуметтік тұрғыда жеткілікті қамтамасыз етілмегендіктен, басқа салаға ауысуға мәжбүр болды. Қазір жағдай басқаша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан, ғылымға ерекше ден қойылып, оның жүйелі түрде дамуына айрықша мән беріліп отыр. Оны кешегі Ұлттық кеңестің мазмұнынан көріп отырмыз.

Бүгінде ғылым саласы әлемде ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Сол себепті жыл сайын 100 ғалым мен докторантураны аяқ­таған зерттеушілерге дүние жүзінің жетекші зерттеу орталықтарынан тағылым­да­мадан өтіп, тәжірибе алмасып, оны өзімізде қолданып, жаңа­лық ашып, ел игілігіне пайдалануға жағдай жасалмақ.

Ғылыми ізденістер уақыт пен қа­жыр-қайратты талап етеді. Ға­лымдар нақты нәтиже­лерге қол жеткізу үшін, басқа мәселелерге алаңдамау қажет. Прези­дентіміздің докторанттар сти­пендиясын 150 мың теңгеге дейін ұлғайту және жас ғалым­дарға арналған гранттық қаржы­ландыруды жалғастыру бойынша тапсырмасы мыңдаған маманның әлеуметтік жағдайға жалтақ­тамай, ғылыми ізденістермен басыбайлы айналысуына негіз болады.  

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың отандық ғылым саласын дамытуда, іргелі ізде­ністермен айналысатын ғылы­ми-зерттеу институттарын қолдау, зертханаларды заманауи құ­рал­дармен жабдықтау, ғылымды қаржыландыруда ұлттық ғы­лы­ми-техникалық мақсат­тарға басымдық беріп, бар күшті меди­ци­­налық-биология­лық зерттеулерге, ауыл шаруашы­лығы ғылы­мына, «жасыл» техно­ло­гияларға, жасанды сана мен қуат көздерін үнемдеу сияқты сала­ларға басым­дық беріп, қаржы­лан­дыру­ды 2025 жылға дейін 7 есеге өсіру­ді тапсыруы ғалымдардың бола­шаққа зор сеніммен қарап, отан­дық ғылымның дамуына үлкен серпіліс беруге ықпал етеді.  

 

Нұрлан СЕЙДІН,

«Ғылым ордасы» бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

АЛМАТЫ