Экономика • 03 Маусым, 2020

Ғылыми гранттарды бөлуде ашықтық керек

153 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көршілес Ресей және Еуропа мемлекеттерімен салыстырғанда, Қазақстанда ғылым саласына бөлініп жатқан қаражат көлемі аз. Сондықтан бұл бағытты қаржыландыруды жоспарлы түрде көбейту құптарлық іс. Ең бастысы, бөлінген ақшаны тағайындау процесі барынша ашық болуға тиіс.

Ғылыми гранттарды бөлуде ашықтық керек

Тамыр-таныстық арқылы гранттарды бөліп беру мәселесіне жол бермеген абзал. Мәселен, экономикалық тиімділік тұрғысынан сапасы көңіл көншітпейтін жобаларға қомақты қаражат аударылып жатады.

2009-2010 жылдар аралығында қа­был­данған Білім және ғылым туралы заңның шикілігінен 10 жыл көлемінде ғылым саласына бет бұрған жастардың үлесі азайып кеткен еді. Сондай-ақ импакт-факторы жоғары ғылыми басылымдарда ағылшын тілінде мақалаларды жариялау жөнінде талап қойылды. Оған біздің ғылыми қауым дайын емес болатын және «Болашақ» бағдарламасын бітірген түлектер аз еді. Болғанның өзін­де халықаралық білім жобаларының қаты­сушылары ғылым саласына көп келе бермейтін. Ал ынтасы бар азамат­тарға ғылыммен айналысуға әжептәуір тосқауыл қойылды. Соның салдарынан «Scopus» тізімінде бар екен деп, «жырт­қыш журналдардың» құрығына түскен қазақстандық ғалымдардың қарасы көбейіп кетті. Мұны, әсіресе Ресей мен Украинаның кейбір басылымдары ақша табудың тиімді құралына айналдырды. Осы мәселені де қолға алған артық болмайды деп есептеймін.

Әлбетте, бұл салада күрмеулі проблема аз емес. Десе де, ғылымның ұлттық экономикамен тығыз байланысқан ба­ғыт­тарына жіті көңіл бөлген тиімдірек деп ойлаймын. Айталық, агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге септесетін ғылыми жобаларға ден қою керек. Сонымен қатар тау-кен металлургия секторы сынды негізгі бағыт­тарда өндірісті арттыратын жұмыстарды ынталандырудың тетігін қарастырсақ, ұтыл­майтынымыз анық. Сонда ғана ғы­лым мен өндірістің симбиоз жұмысы жол­ға қойылады.

Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми өндірісі өркендеген елдермен тәжірибе алмасқан артық етпейді. Олардың озық технологияларын елімізге әкеліп бейімдесек, оның өзін ғалымдардың үлкен жұмысы ретінде бағалауға болады. 

Технологияны трансферттеу әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Әсіресе балама энергия көздері, ғарыш саласындағы дамыған елдердің өнертабысын бейімдеп игеруге көбірек мән бергеніміз ләзім.         

 

Сапарбай ЖОБАЕВ,

экономист