Пікір • 03 Маусым, 2020

Арыстар рухына құрмет

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ – адамзат тарихындағы ең ауыр трагедияны бастан кешкен халық. Сонау 1921 жылдардан бастау алған ашаршылық, одан кейінгі кәмпескелеу мен ұжымдастыру секілді зұлматтың шындығы әлі де ашыла қоймады. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен төрткүл дүниеге тарыдай шашырап, қайтыс болған, қудалауға ұшырап, атылып кеткен қазақтың тізімі толық жасалған жоқ. Төл тарихымызда бұл мәселе жете зерделенді деп айта алмаймыз.

Арыстар рухына құрмет

Енді міне, сол олқылықтың орны толғалы отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру және қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлім етті. Бұл – архивтерде шаң басқан тарихымыздың ақтаңдақ бетін аршып алуымызға, сөйтіп отандық тарихымызды қайта қалыптастыруға жасалған оң қадам. Енді архив құжаттарын ақтарып қана қоймай, жазықсыз жапа шеккен тұлғаларды ақтап алуымызға жол ашылғалы отыр.

Осы тұрғыдан айтқанда, жаңадан құрылатын мемлекеттік комиссия осы кезге дейін ақталмаған, әсіресе, Қылмыстық кодекстің 59-бабымен банды атанып, 107-баппен сотталған азаматтардың барлығы ақталуы қажет деген шешім шығаруы тиіс. Мәселен, Азамат соғысы кезінде Алашорданың офицері болған Айтқали Абылаев деген азамат – бүгінге дейін ақталмаған арыстардың бірі. Осындай азаматтардың дерегін архивтен іздеп-тауып, кінәлі еместігін дәлелдеуіміз қажет. Өйткені ұлт келешегі үшін аянбай еңбек еткен арыстарымыздың көбі әлі күнге дейін ақталмай отыр. Солардың қатарында Мұстафа Шоқай да бар. Біз оның ел тәуелсіздігін аңсаған қайраткерлік болмысын айтамыз да, оны ақтау туралы мәселені көтермейміз. Неге?

Ал ұлт болып ұйысуымызға 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937 жылы басталған саяси репрес­сия­ның тигізген зардабы да толық зерттелмей жүр. Шындығын айтқанда, бұл нәубеттер қазақтың санын едәуір азайтты. Оған қоса тұрмысын тұралатты. Шаруашылығын күйреткені аздай, мәдениетін де, ұлттық сана-сезімін де күрт өзгерткені даусыз. Бұған қоса демографиясы мен руханиятына, экономикасы мен экологиясына тигізгені ауыр зардабы да тереңірек зерттеуді қажет етіп отыр. Демек, алдағы жылы басталғанына ғасыр толатын зұлматты кезеңнің зардабы бірнеше бағытта зерттелгені жөн деп ойлаймын. Сонда ұлт тарихының ашылмай келген парағы терең зерделенер еді.

Тегінде бұл біздің зұлмат жыл­дар­дың тарихын зерттеу арқылы құр­бан­дыққа шалынған арыстарымыздың рухына көрсеткен құрметіміз болары анық. Өткенді білу, тарихымызды түгендеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің професоры, тарих ғылымдарының докторы