Қоғам • 03 Маусым, 2020

Бояу пернесінен төгілген періште шырыл

984 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жануарлар – менің достарым» республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен үш мыңнан астам өтініш келіп түскен. Жас таланттар сурет салып қана қоймай, сүйікті жануары туралы эссе-жазбаларын, бейнематериалдарын қоса тапсырып, үлкендерді жануарларға қамқорлық көрсетуге, мейірімділік танытуға және оларды жақсы көруге шақырған. 

Бояу пернесінен төгілген періште шырыл

Суреттерде: Балғындардың байқауға жолдаған суреттері

Сәуірдің 1-нен бастау алған байқау маусымның соңына дейін жалғасын таппақ. Бәйгеге қатысушы балалардың бірі үйіндегі сүйікті жануарын фотоға түсірсе, енді біреулері сынып болып өтініш жіберген. Байқау шарты бойынша бейнематериал түсіру міндетті емес, соған қарамастан қиялына ерік берген кішкентайлар жер бетіндегі бүкіл тіршілік иелерін көз қарашығындай қорғау керектігін шырылдап тұрып жеткізген. Эсселер ішінде аңшылықты сынға алғандары да бар. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақ тірі жанға қиянат жасауға болмайды деп дабыл қағады.

– Үп-үлкен және естияр адамдар кішкентай ғана әлсіз төрт аяқтыларды қалайша қаңғытып жіберетіні менің миыма сыймайды, – деп жазыпты эссесінде сарыөзектік оқушы Ақжан Қайырбекқызы.

1

–Тым болмаса оларды иесі жоқ жануарларға арналған орталыққа өткізуге болады ғой. Адамгершілігімізді жоғалтпай, үй жануары мен жер бетіндегі бүкіл хайуанаттарды қорғайықшы. Және өтінерім, үйсіз қалған жануардың жылы ұя, сүйікті қожайын табуына көмектесейік, – десе, он үш жасар Гүлсезім Зәкір есімді нұр-сұлтандық бүлдіршін «Жануарларды қорғаймыз!» тақырыбына сурет жолдай отырып: «Мен бұл суретімде әлемде болып жатқан өзекті мәселенің бірін қозғап отырмын. Жануарларды қорлау – үлкен қылмыс. Себебі жануарлар – біздің өміріміздің айрылмастай бір бөлшегі. Адамдардың салғырттығынан төрт аяқты достарымыз жер бетінен жойылып бара жатыр. Бұның бәрі адамзатқа қатты соққы болып оралуда. Өзімшілдігіміздің кесірінен ешқандай күнәсі жоқ жануарлар жойылып қана қоймай, табиғат-ана да түрлі апатты бастан кешуде. Сондықтан табиғаттың өзі – баға жетпес байлығымыз. Мұны көз қарашығындай қорғайық!» деп жанайғайын жеткізген.

Байқау ел Президенті қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар  Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес «Edu Stream» компаниясы мен «Настоящий Буратино» серіктестігі қатысуымен өтіп жатыр. Республикалық байқаудың бас демеушісі – «Edu Stream» оқу орталығы.