Руханият • 04 Маусым, 2020

Алатау мен Алматы

1135 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Алматының тағдырында Алатаудың орны қандай екенін білу үшін таудан келер тасқынға тосқауыл болып тұрған бөгеттерді бір аралап шықса да жеткілікті. Сонда адам бұл бөгеттердің не үшін салынғанына ой жіберіп, тәтті қиялдан арылып, бір уақ есін жиып алғандай күй кешер еді. Оның көкейінде қандай сұрақтар андыздап бас көтеретінін айтқызбай-ақ түсінуге болады.

Алатау мен Алматы

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Бірінші сұрақ, егер қатты жер сілкінсе, осы бөгеттер шыдас беріп тұра ала ма? Екінші сұрақ, жер сілкінбей-ақ, тау басындағы мұздықтардың бірі опырылып түссе, ол қайда барып соқтығады? Үшінші сұрақ, сол мұздықтардың еріген суынан жиналған көлдердің бірі төмен қарай ақтарылып кетсе не болмақ?

Өтірік-шынын қайдам, біреулер: «Жапондар келіп көріп, бұл қазаншұң­қырда қалай тұрып жатырсыңдар?» деп таңғалыпты дейді. Бірақ біз бейбақ кіндігіміз байланып қалғандай, Алатау­дан бір қадам да алыстай алмаймыз. Алыс­тамақ түгілі, тауға қарай құмырс­қадай өрмелеп, өрлеп бара жатырмыз.

Алатауды қайта-қайта демалыс орнына айналдырғымыз келеді. Бір жобаны тоқтатсақ, екінші жоба басталады. Демек, Ала­таудың басында бәріміз қызығатын бір нәрсе бар. Бәлкім ол аждаһаның аузын­дағы алтын жұмыртқа шығар. Ол жұ­мырт­қаны тезірек барып алмасақ, ішінен жа­ры­лып тағы бір аждаһа шыға ма әлде?

Осыншама уақыттан бері Алатау да аман тұр, Алматы да аман тұр. Ендеше біздің қорқынышымыз бекер болғаны ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін, аздап қала тарихына көз жүгіртуге тура келеді. Алматы Алматы болғалы талай тасқын болған шығар. 1921 жылғы тасқында бес жүздей адам құрбандыққа ұшырағанын өткен мақаламызда жаздық. Ол кезде қазіргідей бөгеттердің қарасы да жоқ.

Тағы да қала тарихының беттерін парақ­тай бастадым. 1966 жылдың қыркүйек айы екен. Сол жылы қоңыр күзде Алматы қаласы соғыстағыдай күй кешіп­ті. Көшелерде жарылыс заттары тиел­ген ма­шиналар өтіп бара жатқан. Тау жаққа қарай бет түзеген әскери адамдар да төбе көр­сеткен. Содан тағы бір айдай уақыт өт­кенде, тау ішінен гүмп еткен қатты жа­рылыс үні естіліпті.

1973 жылдың 15 шілдесі екен. Әлі толық салынып бітпеген бөгетке таудан сарылдап-гүрілдеп аққан сел лап қойып­ты. Жартасқа бекітілген болат шын­жырлар шіріген жіптей үзіліп жатыпты. Қара нөпір әлі сауыты толық киіліп болмаған алып бөгетті үш сағат бойы тынбай соққылапты.

Сонда тау мен тауды қосып жасаған бөгет төрттағандап беріспей тұрып алыпты. Егер осы бөгет болмағанда, қаланың қақ ортасын тасқын шайып кеткендей екен. Бөгетке дейінгі терең шатқал жылан жалағандай болғаны қала шежіресінде жазулы. Жүз жылдық қарағайлар шырпы құрлы болмапты. Жүз адам демалыс үйінде жатқан жерінде қоса кетіпті.

Үйдей тастар допша домалап, сандық тастар қағаз қайықтай қалқып ағыпты деседі. Бірақ сол жойқын соққыға шыдас берген бөгет әлі тұр. Биіктігі 150, көлде­неңі 530, ал ені 800 метр. Атақты Медеу бөгеті осы. Ол Кіші Алматы өзенінің аңғарында орналасқан. Өткен қыста ақпан айының 16-17 күндері ғана осы аңғарға қатарынан жеті көшкін құлаған. Бұл тараптан келер қауіптің қаншалықты екенін осыдан-ақ білуге болады.

Қаланың екінші басында соңғы жылдары қатарынан екі тасқынға төтеп берген Қарғалы бөгеті тұр. Ол тасқынның қала халқын қалай дүрліктіргені әлі ұмытыла қойған жоқ. Бірінші тасқында қаланың сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек, екін­шісінде бүгінгі әкім Бақытжан Сағын­таев етігімен су кешті. Соның нәти­жесінде Сағынтаев Ақсай мен Аюсай шатқал­дарына бөгет салу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Демек, қауіптің қандай екенін көзімен көрді, ет-жүрегімен сезінді.

Осы бөгеттерді қос қанатына алып, ортада Үлкен Алматы бөгеті көлденең жатыр. Бұл бөгеттің бойы жүргіншінің жолына айналып кеткелі қашан. Мұндағы бөгеттер тау етегінен басталып, Үлкен Алматы көліне дейін қос-қосынан салын­ған. Бір жағыңда тау жылжуы мүмкін екенін ескерткен хабарландыру тұрады. Екінші жағыңда сел жүруі мүмкін екенін еске салған тақтайша және ағараңдайды. Соңғы кезде көп әңгіме болып жатқан Іле Алатауы қорығына баратын негізгі жол осы.

Тауға шыққанда біздің көріп-біліп жүргендеріміз де осылар. Ал 3 мың метр биіктіктегі Мыңжылқы бөгетіне жол түсе бермейді. Мыңжылқы деген аты­ның өзі құлағымызды елеңдетіп тұр. Мың жылқы жайылса, мың жылқы жайыл­ған жер шығар дейсің. Жазушы Кәдір­бек Сегіз­баевтың «Жол» романында осы ара­да бие сүтін суға төгіп жатқан жыл­қы­­шы­лар туралы айтылады. Сөйтсе шүйгінді жерде жайылып, нәрі мол шөпке тойынған биелердің қою сүтіне құлындар қақалып өліп жатыпты.

Бұлардың бәрі Алматы қаласын тас­қын­нан сақтайтын бөгеттер. Біразы қайта жөндеуден өткен, біразын жөн­деу жұ­мыстары күтіп тұр. Одан басқа, Алматының айналасындағы елді мекен­дерді селден қорғайтын Есік, Талғар, Қаскелең бөгеттері және бар. Олардың қаншалықты берік екенін салынған жылдары мен сол кездегі мүмкіндіктердің қандай болғанына қарап та білуге болады.

Шынында да бұл бөгеттер қаланың қал­қаны мен сауыты секілді. Биігірегін­дегі­сі, бәлкім Мыңжылқы, дулығасы шығар. Кәдімгі аңыз-ертегілерде таудан құрбандық сұрап, бір аждаһа түсіп тұр­маушы ма еді. Алатаудың басынан құлайтын сел де сондай, біресе ана бүйір­­ден, біресе мына бүйірден бір түйіп ке­тіп жатады. Әсіресе мұздықтар көбірек ері­ген, жаңбыр да молырақ түскен кейінгі жыл­дары маза кетіңкіреп тұрған жайы бар.

Біздіңше, Алматыға әкім болып келген адам ең алдымен осы сел қауіпсіз­дігімен айналысуы керек. Тапқан-таянған қаражат та ең алдымен бөгеттерді алынбас қамалға айналдыруға жұмсалуы тиіс. Сонда жылда жаз келген сайын қалалықтардың бойын үрей алмайды. Алматылықтарды осындай фобиядан құтқаратын бір әкім шығар ма екен деп ойласақ, ол да орынсыз емес.

Осыдан бес-алты жыл бұрын түнгі екілерде телефон қоңырауы жылан шағып алған баладай шар ете қалды. Бірнәрсе болып қалмаса, түн жарымынан ауғанда кім телефон соғады? Шошып оянып, телефон құлағына жармастым. Сөйтсем таныс бір келіншек:

– Ағеке-ау, қиналғанда қамқорлық жа­саған азаматсыз ғой, мына қаладан сізге айт­пай кетуге дәтім баратын емес, – дейді.

Ойбай, не боп қалды? – деймін.

– Төтенше жағдайлар басқармасында бір танысымыз бар еді, сол қаладан кетіңдер деп жатыр.

– Жайшылық па?

– Таудағы бір көл қалаға лақ ете қалғалы тұрған көрінеді.

Өзім жерде жатқам, жерді тыңдап байқасам гүріл де, діріл де ештеңе білін­бейді. Жүгіріп көшеге шықсам, біраз көлік қала сыртына қарай сап түзеп үлге­ріпті. Көшенің арғы бетіндегі көпқабатты үйлердің жарығы жанып-өшіп жатыр. «Астапыралла» деп үйге қайтып кірдім.

– Төтенше жағдайлар басқарма­сын­дағылар өз таныстарының құлағына сыбыр­­лағанша, неге барша халыққа бір­дей хабарламайды? – деді отанамыз.

Өмірбақи мектепте мұғалім болып қызмет істеп келе жатқан оныкі тәртіпке бағынған адамның сөзі. Қаңқу сөзге сеніп қаладан қашқанша, тиісті орындарға сеніп үйде тыныш отырайық деп шештік. Бірақ таңға дейін ұйқы ұйқы болмады. Бозала таңмен тұрып көшеге шықсам, түндегі кеткендер қайтып келіп жатыр екен. Түнгі дүрлігіс туралы әңгіме таңғы шай үстінде жалғасты.

– Қоғам тұрақты болса, адамдар да орнықты болады, – дедім тәуелсіздік алған алғашқы жылдарды еске алып. – Бұрын қатты жер сілкінеді, таудан қазан көл ақтарылады, ойбай тау жылжығалы тұр деп шошушы едік. Тіпті сол дабыра үлкен эмоцияның жазушысы Әбіш Кекілбайұлына да әсер етті-ау деймін. Оның «Алатауға үрейленіп қараймын» дегендей бір сөзі болған. Кейін бәрі тынышталып қалып еді. Кешегі қауесетті кім таратты екен, ә?

Сыртқа шығып, Алатауға қарадым. Тау басындағы мұздықтар бірінен бірі бой асырып шаңқия қалыпты. Олар жай жатқан жоқ, қалыңдығы жүз, кей жерінде екі жүз, тіпті Талғар жақтағы тағы бір биігінде үш жүз метрге дейін жететін тоң мұзды жанына торсықша байлап жатыр. Соның бірі тұғырынан тайған кемеге ұқсап төмен қарай жылжып кете ме деп зәреміз ұшатыны рас.

Міне, әкім қалалықтарды осындай үрейден біржолата құтқаруы керек. Сөйтіп аты аңызға айналар әкім болса, одан айналып кетпейсің бе! «Егер бірнәрседен қорықсаң, оны өзіңе сауыт еткейсің» деген тәмсіл бар екен. Егер бір әкім сел қауіпсіздігін біржола шешсе, онда өзіміз қорыққан нәрсе өзіміздің ырысымызға айналып шыға келмей ме?!

Алматының үлкен-кіші өзендерінің бәрі мұздықтардан басталады. Тасты жарып шығатын, жылға-жылғаны сағалап ағатын бұлақтар да сол мұздықтардан ағып-тамып жатыр. Теңіз деңгейінен 3000-3500 метр биіктен тамып түскен тамшылар етекке жеткенше арыны қатты асау өзенге айналады. Ол біздің ішіп отырған суымыз, жайқалып тұрған нуымыз.

Басқа жақтарда су патшасы Сүлеймен теңіздер мен мұхиттарда жайқап жүре­тін шығар. Ал біздің Алматыда осы Алатаудың басында өзіміз сияқты қара­пайым бір мұрап отырғандай елестейді де тұрады. Оның бізге берген суы әрі таза, әрі тастай болса екен деп тілейміз.

Осындайда кейде Алматыны су бас­пайды, қайта су жетпейді дегің келеді. Бұл қалада барлығы жиырма екі өзен бар деген аты ғана. Мысалы, Қарағайлы, Ермен­сай, Боралдай, Бөкенбай, Сұлтан­қарасу, Ботбайсай, Кереңқұлақ, Жарбұлақ, Басқарасу, Абылғазы, Беделбай, Тіксай, Терісбұлақ деген сияқты арналардың бәрінде бірдей су асып-төгіліп жатыр деп айта алмайсың. Осы арықтардың біразының құрғап қалғаны тау басындағы қардың азая бастағанынан да болуы мүмкін. Соған жанашырлық танытқан адамның бірі Шерхан Мұртаза еді.

– Алатаудың баурайынан қанша ағаш кессең, басындағы қар да сонша есе азая­ды, – деді ол кісі тілшілерге тапсырма бе­ріп тұрып. – Оны түсіну үшін үлкен бас­тың керегі жоқ. Таңертең тұрып, Алатау­дың ұшар биігіне қарасаң болды. Жо­ғары қарай таздың басындай болып тү­ріліп бара жатыр. Оған біз өзіміз кінәліміз!

Шерағаң мұны осыдан отыз жыл бұрын айқан. Мұрты тікірейіп тұрып, қалай шамырқанып айтқаны әлі көз алдымызда. Қазіргі адамдардың сол Алатаудың басында шаруасы да жоқ сияқты. Осыдан отыз жыл бұрынғы Алатау басқа да, қазіргі Алатау басқа!

Бұл жағынан Алматы мен Алатау тағдырлас деуге де болады. Алматы жасыл желегімен аты шыққан қала. Осын­шама жасыл желекті қалаға кең-мол су керек екені айтпаса да түсінікті. Көшедегі арықтарында су сылдырап ағып жатпаса, Алматы Алматы емес. Алматыдай үлкен қалаға ауа мен су таза болса, басқасы өзі орайласа беретін секілді. Өйткені оның екеуі де біздің жанды жеріміз болып тұр.

Шындап келгенде, қазір асқар Алатаудың етегінде жатқан қаланың күре тамырындай үш-ақ өзені бар. Қаланың ішімен ағып өтетін бұл өзендер Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Есентай деп аталады. Үлкені 38 шақырымға, Кішісі 34,6 шақырымға, осы соңғысымен салалас Есентай өзені 31,4 шақырымға жетіп жығылады. Бірақ оның үрейі мен сүрейі дария тасығаннан бір де кем емес.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Неден үрейленсең, соны сауытыңа айналдыр» дегеннен шығады. Лондонды қақ жарып ағатын Темза өзенін тазартқанда, адамдарды таңғалдырып, патша балық пайда болыпты. Әрине кейде кит кіріп кететін Темза мен біздің арық-арық болып ағатын өзен-суларымызды салыстыруға келмейді. Бірақ жаңағындай жаңалықты естігенде бірден өзіміздің өзендеріміз еске түседі. Апыр-ай, алып Темзаның тазалығы анандай болғанда, біздің бір қолдың саласындай үш-төрт өзеніміз неге мынадай, неге екі күннің бірінде лайланып ағады деп еріксіз ойланасың.

Ал тау басындағы мұздықтардың еруі­нен пайда болған көлдерге келсек, оны жерден де, көктен де бақылап отыру­ға толық мүмкіндік бар көрінеді. Қазір ондай көлдердің ұзын саны қырық шақты екен. Қайсысы қауіпті, қайсысы қауіп­сіз екені әлдеқашан анықталып қой­ған деседі. Мұздықтар қаттырақ еріп, көлдер көтеріле бастағанда, суын төменге ағызып жібереді. Арнайы қазылған жылғалар мен тартылған құбырлардан аққан су етекке қарай желіден босатылып, көгеннен ағытылғандай шұрқырай жөнеледі екен.

Соңғы жылдары ақпарат беттерінен «Таудағы көлден қауіп жоқ» дегендей тақырыптарды жиі оқитын болдық. Одан сәл бұрынырақ Алматыны №6 деген санмен белгіленген қазан көлдің үрейі кезгені де есімізде. Көл қалаға қарай әне ақ­та­рылады, міне ақтарылады деген сөз үл­кеннің де, кішінің де аузында жүрді. Бұл қауесетті басқа емес, осы сала­ға қатысы бар мамандардың өздері туғыз­ды. Егер селден қорғау мекемелері едел-жедел шаралар қолданбағанда, әлгі қа­уе­сет­тің шынға айналуы да әбден мүмкін еді.

Сол күндері журналистер нақтылы болған оқиғаның ізімен 1979 жылы түсі­ріл­ген «Қала қалқаны» атты көркем фильм­ді де есімізге салған. Сондай күндер­дің бірінде менің ұялы телефоныма бұрын көрмеген сандар тізілген белгісіз қоңырау түсті. Тұтқадан шыққан дауыс та бейтаныс, бірақ арада ортақ бір істеріміз бардай етене.

– «№6-шы көл» деген кино түсірмек­шімін, – деді ол өзіне-өзі сенімді  дауыс­пен. – Сіздің киносценарийлеріңізбен та­ныс­пын. Мүмкін сценарийін сіз жазып көрерсіз.

– Мына таудағы көлді айтып тұрсың ба? – дедім ол көлдің атын күнде естіп жүргеннен кейін. – Аты жақсы екен, бірақ сюжеті деректі ме, көркем бе?

– Сюжеті ойдан шығарылған. №6-шы көлге мұздық құлайды. Содан көл ақтарылып түсіп, қаланы жер бетінен жоқ қылады.

– Астапыралла!..

Нью-Йорк қаласының жермен жексен болып қирауы туралы 56 көркем фильм мен мультфильм түсіріліпті. Түбі сол кинолардағы ой мен идея ғарыштың әлдебір түкпірінде заттанып, жүзеге асып қалуы да мүмкін деген мистикалық әңгімелер де бар. Рас-өтірігін қайдам, бірақ көп нәрсе адамның ниетіне де байланысты екені шындық.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала халқымен кездесуге ұмтылып тұра­ды. Әйтеуір әкімнің ниеті түзу, бірақ атқа­рылатын шаруа басымыздағы шашымыздан көп. Сондай кездесулердің бірінде бір келіншектің: «Ауладағы ағаштар неге суғарылмайды, ауладағы ағаштар қурап бара жатыр», деп шыр-пыр болған дауысы ерекше шықты. Соның артынша ғана төмендегідей оқиғалар болды. Естісең иманың қасым болады.

Онсыз да тұқымы құрып бара жатқан құлжа алмаларды трактормен түріп тастаппыз. Таудың бір қабат қара топырағын ауыр жүк көліктеріне тиеп әкетіп жатыр екенбіз. Көктөбенің етегіне егеміз деп апарған көшеттердің егуге үлгермей қалған екі мың түбін бір сайға лақтырып кетіппіз. Ашық далаға қарай созылуға тиіс қала керісінше жолындағының бәрін кеміріп, жеміріп тауға қарай өрлеп барады екен.

Карл Юнг деген бір данышпан: «Егер біз ішімізде не болып жатқанын түйсінбесек, сыртта болып жатқанның бәрін тағдырдың ісі ретінде қабылдаймыз» депті. Осы сөз Алматының адам саны бір миллион сегіз жүз мыңнан асқан халқына да арналып айтылғандай көрінеді де тұрады. Сондықтан көл суының деңгейі түсті дегенге жұбанып, жаңа бөгеттер салынады дегенге қуанып, сүйікті қала­мызда аман-есен тұрып жатырмыз.

Төрт тағанын тауға тіреген алып қала туристерді де қызықтыратынын әредік-әредік естіп қаламыз. Алатаудың Алматы жақ етегіндегі ескілі-жаңалы бөгеттер тізбегінің арасын жаяу жүргіншілер соқпағы жалғаса, тамашалап көретін нәрсе аз болмайды. Медеу бөгетінің үстіне шығатын 842 басқыштан тұратын баспалдықтың өзі неге тұрады. Медеуден әрідегі Мыңжылқы бөгеті де саяхатшылар жиі баратын орынға айналған.

Тек табиғатымызды аялап, тау-тасымызды өз үйіміздей көріп, жерін ластамай, суын былғамай жүру деген бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Қаланың өкпе тұсындағы Үлкен Алматы көліне тоқсаныншы жылдардың аяғында, тоқсан жасында жаяу барып қайтқан ардагер ағамыз Ғалым Ахмедов те маған осыны айтып еді. Біреулер бетін шайса, енді біреулер итін шомылдырып жүр деген. Енді біреулер сонда шығып, битін сықса да еш таңғалмайтын болдық.

Төрт бөгетпен бұғатталған қырыққа жуық көл мен алпыстан астам мұздық үрейге емес, үмітке айналатын күн болар ма екен өзі?! Соған халықты да үйретіп, тауымыз бен бауымыздың қадірін білуге шақырып, әсем Алматыға тән көркем мінез қалыптастыруға қазіргі қауқарымыз жете ме, жетпей ме? Біздіңше Алматы мен Алатауға қатысты атқарылатын негізгі жұмыс осы. Осы жұмыстар бірың­ғай­­ланып болмай жатып, жаңа жобалар басталып кетіп жатыр. Соның бірі Іле Алатауы қорығының бір бөлігі 49 жылға жалға беріліп жатқаны болып отыр.

Соған байланысты қоятын бірнеше сұ­ра­ғымыз бар. Біріншісі, ол жерде бо­ла­шақта жылда өтіп жүрген эстрада жұл­­дыз­дарының фестивалі өтпей ме? Екін­­шісі, осы айтылып жатқан экоту­ризм мә­селесі науқанға айналып кет­пей ме? Үшін­шісі, ағаштардың кесіл­мей­тіні­не то­лық кепілдік бар ма? Төртін­шісі, қара то­пырақ қопарылып, артынан тау жылжып кетіп жүрмей ме? Бесін­шісі, тау басына қаптап шыққан автокөлік­тер­ді тоқтата алмай қалмаймыз ба? Ал­тын­шысы, біздің осы әрекеттеріміз тау басын­дағы қардың еріп, орнынан қозға­луы­на әсер етпей ме? Жетіншісі, экотуризм экологияны бүлдіре бастаса қайтпекпіз?

Осы сұрақтардың бәрінің жауабы:

«Алатауға сабыр бер,

Тәумендімін,

Адамдарға сабыр бер,

Таудан бұрын», – деген екі ауыз сөзге сыйып тұр.

Оның мәнісі Алатау мен Алматы егіз, екеуі тағдырлас екенінде. Алатаудың суы мен Алматының нуы ерекше қамқорлықты қажет етеді. Не істесек те, осылардың бәріне зиян келмеуін ойлауымыз керек. Нарық жылдары басталғалы бері миға құрт болып кірген идея ақыры жүзеге асқан екен, ендеше оған заң жүзінде қатаң шектеулер қойылуға тиіс деп есептейміз. Оны істеп отырған адамдар Алматы үшін Алатаудың орны қандай екенін білуге тиіс. Ең дұрысы, ұйықтап жатқан аждаһамен ойнамау керек екенін еске салғымыз келеді. Мүмкін болса бұл жобаны қайта талқылап, мемлекеттік деңгейде шешкен де дұрыс шығар.

Адамдар аласарғанымен, таулар аласармайды. Әбіш аға болса: «Әйтеуір ниеттерің дұрыс болса, бұл істі Алатау мен Алматыдай үлкен мегаполиске зиян тигізбейтіндей етіп жасаңдар» дер ме еді? Ал Шерағаң болса: «Осы ұйық­тап жатқан қызыл жолбарыстың құй­рығынан түртіп, құлағынан шұқып ой­нағанды қашан қоясыңдар?!» деп арыс­танша ақырар ма еді, қайтер еді?  Біз қауіп еткеннен айтамыз. Әбіш аға жоқ, Шерағаң жоқ, енді мұны біз айтпағанда кім айтады?!

Ал әзірге Алатаудың қызыл жолбарысы шамырқанып-шамданбай тыныш жатыр. Жамбыл-Жәкеміздің қасынан кеткен қызыл жолбарыс Алатауға кетпегенде қайда кетті дейсіз. Шынымызды айтсақ, біздің де қызыл жолбарыстың «құйрығынан тартып» ойнағымыз келіп отырған жоқ. Тіпті келешегі бар іс болса, кедергі де келтіргіміз келмейді. Алайда Алатауға қарай қалғанда өзінен өзі алаң­дай қалатын көңіліміз орнында емес!

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»