Экономика • 04 Маусым, 2020

Ел тарықпасын десек...

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шетелдік ақпарат құралдары күз айларында пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп хабарлауда. Әлем елдерінде короновирустың жаңа түрімен ауырғандар тіркелуде. Мұндай деректерді еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де жоққа шығармайды.

Ел тарықпасын десек...

Тағы бір болжам – ол коронавирустың әр түрлі заттарға қону арқылы мемлекет шекараларынан өту қаупі бар. Яғни вирустың азық-түлік тауарлары арқылы адам­дарға жұғуы мүмкін. Егер мұндай жолмен аурудың тарауы анықталса, көп­теген мемлекет шекарасын жа­уып, импорт-экспорт операцияларының шектелуі ғажап емес. Сол кезде әр елдің азық-түлік қауіпсіздігі өзекті бола түспек. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, мұндай жағдайды түп­кілікті ескерген жөн сияқты.

Жақында өткен Үкімет отырысында да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар тасымалдау жүйесін құру туралы сөз болды.

Үкімет отырысы азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету деп аталғанымен, алға қойған мақсаты аграрлық және тағам өнер­кәсі­бінің сапалы тауарларымен тұр­ғындарды толық қамтамасыз ету екен. Бұл екі түсініктің бір-бірінен айырмашылығы бар. Енді соған тоқталайық.

Халықаралық түсініктемеде, дәлі­рек айтсақ 1996 жылы 13 қарашада қабыл­данған Рим декларациясында: «Азық-түлік қауіпсіздігі – барлық адамның ұдайы белсенді және саламатты өмір сүруі үшін ас-ауқат физи­калық және экономикалық тұр­ғыдан жеткілікті мөлшерде қол­жетімді болуы», делінген.

АӨК және ауылдық аумақ­тарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңына сәйкес, (8.07.2005ж.) еліміздегі азық-тү­лік тауарларының жылдық өн­дірісі физиологиялық тұтыну нор­маларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің 80 пайызынан төмен болмауы керек.

Ал физикалық және экономи­калық қолжетімділік дегеніміз не? Нақ­ты айтсақ, азық-түлік тауарларына физикалық немесе нақ­ты қолжетімділік дегеніміз азық-түлік тауарларының кез келген уақытта және халықтың қа­жеттілігін қанағаттандыру үшін үнемі жеткілікті болуы. Ал эко­номикалық қолжетімділік – азық-түлік тауарларын тұтынудың фи­зиологиялық нормаларына сәйкес сатып алу мүмкіндігі. Яғни тамақ жеткілікті және арзан болып, оны халықтың сатып алатын мүм­кіндігінің болуы.

Үкіметтің алға қойған мақсатын қам­ту, жабдықтау деген сөзді біл­діреді. Яғни халықты өзімізде шығарылатын тауарлардан бөлек, импортталған тауар­лармен де қамтамасыз ету деген сөз. «Ал­дыңа ас қойдым, қайдан келгеніне мән бермеңіз» деген тұжырым. Ал бұл «қамтамасыз етудің» қаупі бар. Жоғарыда айтылғандай, егер коронавирус инфекциясының сал­дарынан импорттың жолы жабылған жағдайда қиындық болуы мүмкін.

Үкімет отырысында ұсыныл­ған кестеде 19 өнім бойынша өн­діріс пен тұтыну балансы көр­сетілген. Онда халықаралық стан­дартқа сәйкес, он өнімнің алтауы ғана бар – нан, картоп, күн­бағыс майы, жұмыртқа, қант, сүт. Қалған он үші азықтың бас­қа түрлері болып табылады. «Айран» және «Сыр, ірімшік» деп бөлек көрсетілген тағам стандарт бо­йынша бір тамақтың түрі, яғни «Сиыр сүтінен дайындалған ашытылған сұйық сүт өнімдері». Ал тұз «Өзге де өнімдер» тобына кіреді, онда тағы 7 өнімнің түрі бар. Кестеде көрсетілген экспорт және импорт деген бағандардың өндіріс пен тұтыну балансына еш қатысы жоқ. Мұны тал­дап отырған себебіміз, Үкімет деңгейінде азық-түлік қауіпсіздігі жүйелі көрсетілмей, тек көз алдау болып кеткені.

Азық-түлік тауарлары дегені­міз – адамның пайдалануға арнал­ған ауыл шаруашылығы өнімдері, балық өнімі және олардың қайта өңделген өнімдері, сондай-ақ ауыз су мен тұз. Үкімет талдауында тұз бар, ал неге ауызсу жоқ? Со­нымен қатар Қазақстанда адамдардың суды тағам ретінде пайдаланудың нормасы бекітілмеген.

Тұтынудың физиологиялық норма­лары – сау адамның фи­зио­логиялық қажеттілігі толық қана­ғаттанатын тағам­дық өнім­дердің азықтық және энер­ге­ти­калық құндылығын ескере отырып, Үкі­мет бекіткен та­ғам­­дық өнімдерді тұтынудың ғы­лыми негізделген нормалары делінген. Мұндай норманы 2016 жылы Экономика министрлігі бекіткен болатын, сондықтан оны Үкіметтің өзі бекіткені абзал. Бұл – заң талабы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз етудің негізгі бағыт­тарының бірі – азық-түліктің ішкі ресурстарына қа­тыс­ты қауіп­сіздігінің мониторингі жә­не азық-түлік тауарларына сұраныс пен­­ ұсынысты болжау. Осы екі бағыт не­ге орындалмайды, неге мониторинг жүр­­гізілмейді? Жүргізілсе, неге жария­лы­лық жоқ деген сұрақ туады.

Сұранысқа сәйкес, яғни фи­зиология­лық нормаға сай, тамақ­тың 10 тобы мен оған кіретін азық­тың 63 түрінен елімізде өнді­рілетін өнім көлемі, ха­лыққа неге айтылмайды?! Неге баға саясатында мемле­кеттік реттеу тетіктері нашар?!

Өзімізде артық өндірілетін өнім үстіне сырттан тауар тасылады. Мысалы, жуа былтыр 916 мың тонна өндірілген, ол пайдалану нормасынан үш есе артық. Соған қармастан 124,2 мың тонна импорт­талған. Сол сияқты импортталған картоп – 10,4 мың тонна, сәбіз – 20,8 мың тонна, күнбағыс майы – 85 мың тонна, қырыққабат – 58,1 мың тонна... Қазақстанда бұрынғы жылдары 4 млрд долларға сырттан тағам тасылатын, соның ішінде Ал­маты қаласы бо­йынша 2,5 млрд долларға тек азық импортталады.

Әлемнің тек 7 елі – өзін өзі азық-түлік­пен 100% қамтамасыз етіп отыр, 75 елде бұл көрсеткіш 70-80%. Ал 1 млн халқы бар 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60% қам­тамасыз етуде. Сондықтан Қазақстан 7 елдің қатарына кіре қоймас, дегенмен өз деңгейімізді біліп отыру дұрыс ше­шім қабылдауға жол ашады. Азық-түлік­тің ішкі ресурсын нығайту үшін ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен әкімдіктер уақыт өткізіп алмай, бар күшін жұмсайды деп сенеміз.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы