Руханият • 04 Маусым, 2020

Қалаға кеткен қыр баласы ауылды аңсайды

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газе­тінің биылғы № 49 санын­да Байқал Байәділдің «Ауыл­дағы қарашаңырақ қаңырап қалмасын» және № 50 санында жария­лан­ған Кәкімжан Карбо­зовтың «Келешегі жоқ ауыл болмауы керек» деген ма­­қала­ларын оқығаннан кейін ауылда туып, қарапайым жұ­мыскерден кеңшар директоры, аудан әкімі қызметіне дейін көтеріліп, бүкіл өмірін ауылда өткізген азамат ре­тінде бірер сөз айтуды жөн көрдім.

Қалаға кеткен қыр баласы ауылды аңсайды

2002 жылдары арнаулы методикамен есептеп, ауылдарды әлеуеті жоғары, орта және келешегі жоқ ауылдар деп бөлді. Кейін тірек ауылдары анықталып бекітілді. Ал енді қазір ауылдар азайып, халық қалаға, жағдайы жақсы елді мекендерге көшіп, шаруашылыққа қолайсыз көп ауылдар қаңырап бос қалғаны жасырын емес. Тәуел­сіз ел болғанымызға 29 жылға жа­қындайды. Осы уақыттың ішінде ауыл­дар табиғи жолмен іріктеліп, қала­тыны қалып, жабылатыны жабылып болған сияқты. Сондықтан ендігі қалған ауылдарды келешегі бар-жоқ немесе тірек ауылдары деп бөліп жармай-ақ, бәріне бірдей жағдай жасалса дұрыс болар еді.

Жоғары қызметте жүрген аза­мат­тардың қайсысы сөйлесе де, біздің халқымыздың негізі ауыл­да қаланғанын, біздің мента­лите­тіміздің ауылға жақын екенін айтады. Қалаға кеткен қыр баласы ауылды аңсайды. Енді сол ауылдарды өркендету үшін біраз шараларды жүзеге асыру керек. Ауылды өркендетудің бірден-бір жолы – ауылшаруашылығын дамыту. Иә, елімізде көптеген бағдарламалар жасалып, жұмыс істеуде. Әсіресе «Сыбаға», «Алтын асық», «Құ­лан»  бағдарламалары мал басын көбейтуге септігін тигізіп ке­ле­ді. Ауылдар сапалы ауыз сумен қам­­тылып, көркейе түсуде. Енді қазір қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты барлық ауылдарға жетсе екен. Ол үшін «келешегі жоқ ауыл» деген ат алынып тасталуы керек.

Тағы да бір ескеретін жағ­дай, министр ауысқан сайын бағ­дарламалардың да өзгеруі қашан тоқтайды? Жақында бір депутат субсидиялау бағдарламасының 45 рет өзгергенін айтып қалды. Ендеше ауылшаруашылығын өркендету бағдарламасын 2050-жылға дейін жасап, бү­кіл елдің талқылауына салып, бір-ақ рет бекітсе, содан оны ми­нистр­лердің әрқайсысы өзгер­те бермей, тек орындалуына аян­бай тер төксе құба-құп болар еді. Тағы бір айтары, қазір бюджет үнемдейміз деген желеумен ауылдық әкімдіктер оңтай­ландырылуда. Ауыл әкім­дікте­рінде екі-үштен ғана штат бар. Сонда әр ауданнан бір-екі әкімдік жабылғанда қанша үнем­дейміз? Бір облыстың жасаған үнемі республикадағы бір ірі холдинг басшысының жалақысына да жетпейді. Сондықтан әкімдік­терді қысқарту дұрыс шаруа болмаса керек. Айтпақшы, ауыл мек­тептеріндегі бала саны жөніндегі нормаға да аздаған өзгерістер ен­гізілсе екен. Қазір негізгі мектептерде 41 бала, орта мектепте 81 бала болуы керек деген талап бар. Осы шектеуді мамандар қайтадан зерделеп, азайтса дұрыс болар еді.

Баяғы кеңшарлардың кезінде салынған үйлердің тозығы жетті, сондықтан ауылдарға да үй салатын бағдарламалар қажет. Қо­рыта айтқанда, көпжылдық бағ­дарламалар әр ауылдың ерекшелігі мен шаруашылықтың қандай түрін жүргізуге ыңғайлы екеніне қарай жасалуы керек.

 

Батырбек АХМЕТОВ,

еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері

 

Қостанай