Оқиға • 04 Маусым, 2020

Хат қоржын оқырман жаңалығымен бөліседі

728 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа әліпби – өмір талабы

Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма­сының ұйымдастыруымен тікелей эфирде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақаспен арнайы сұхбат өтті. Әңгіме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдірудегі тапсырмасы төңірегінде өрбіді. Тікелей эфир барысында оқырмандар өз сауалдарына жауап алды. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспі­рімдер кітапханасының қызметкерлері эфир арқылы оқырмандарына арнайы тақырыпқа сай жасақталған кітап көрмесін таныстырды.

Назерке ЖОЛДИЕВА,

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы

 

Ақтөбе облысы

Хат қоржын оқырман жаңалығымен бөліседі

 

 ...жоспарын айтады

Абайды оқып жүрмін

«Он бесінші» қара сөзінде ұлы ойшыл Абай былай дейді: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» Аталған ғақлия сөзбен танысқаннан кейін мен аптаның соңғы күндері өзімнен өзім есеп алатын болдым... Мен осы апта бойы не істедім, нені істеп үлгердім, не нәрсеге үлгере алмай қалдым? деген сауалдарды қоя бас­тадым. Бұған жауап табу үшін, ең алдымен, жоспар құру керектігін ұқтым. Кейін сол жоспардың орындалу, жүзеге асырылу жолдарын талдауды үйрендім...

Соңғы жылдары мектептерде 9 сыныптан бастап «Абайтану» курсы оқытыла бастады. Осы сабақ маған ерекше ұнайды. Біз сабақ барысында Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қара сөздерін, поэмаларын талдау арқылы ақынның бізге жеткізгісі келген ойларының түпкі түйінін түсіне бастадық. Қай туындысын талдасақ та, ұстазымыздың бағыттауымен «Толық адам» философиялық ілімімен болашақ өмірімізді байланыстырып отырдық.

 Малика ҚАЙРАТ, 

М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы

 

Солтүстік Қазақстан облысы

 

...алғысын білдіреді

Бар ғалам мейірімге бас иеді

 Менің мектеп бітіргеніме биыл 53 жыл болыпты. Бүгінде аяулы ана, немерелерім мен шөберелерімнің ортасында мейірімге бөленген ардақты әжемін. Соған қарамастан әлі күнге дейін ұстаздарымды есімнен шығарған емеспін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сөз орайын пайдалана отырып, бұрынғы атауы бойынша «Қазақ-Түрік лицейінің» ұжымын, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияның директоры Рамзия Өмірбаеваны, білікті мұғалімдер Жамал Малғаздарова мен Алмагүл Төлеуқазықызын айрықша атап өткім келеді. Біздің уақытымызда оқулық қана басты құрал саналатын, ал қазір заман талабы түбегейлі өзгерді. Балалар төртінші тоқсанды қашықтан оқып бітірді. Ұстаз да, оқушы да осы жаңа жүйеге аз уақытта бейімделіп алды. Немерелерімнің ұстаздары мейрам сайын елеп-ескеріп, бейнебаян арқылы құттықтап отырады. Бар ғалам мейірлене бас иетін ұстаз қауымына қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Бала тәрбиесіне саналы ғұмырын арнайтын барша ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегіне басымды иіп, алғысымды білдіремін.

Айман Мағзиқызы,

зейнеткер

 

Нұр-СҰЛТАН

 

...жақсылығын жеткізеді

Танк жасауға 15 000 сом жіберген

1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Жалпы, соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты. Майданға көмек берген мұндай ерлер Қазақстанның қай түкпірінен болса да табылып жатты. Қаржылай көмек жолдаушылардың арасында қорға өз қалтасынан 150 000 сом салған Қайырбек Бәженеев те бар еді.

– Авиация эскадрильясын жасау қорына 150 000 сом беремін. Ал соғысқа, Қызыл Армияға бұдан былай азық-түлікпен де көмектесіп отырамын. Егер Отанымыз керек етсе, шыбындай жаным, қасықтай қаным қалғанша елімізді жаудан қорғауға дайынмын! – деген еді «Жаңа ұйым» колхозының төрағасы Қайырбек атамыз.

Осы айтқан сөзінде тұрып, Қайырбек Бәженеев 1943 жылы Калинин майданындағы жауынгерлерге өз меншігіндегі 10 қойын сойып, сый-сияпат жолдайды. Дәл осы жылы танк колоннасын жасау қорына 15 000 сом жібереді.

Жанаргүл ҚАДЫРОВА

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы

 

...үлгі тұтады

Өмірдің мәні күреспен өлшенеді

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, сансыз әдемілікті көзімен көре алмайтын жан қаншама. Мен олардың өмірге құштарлығы мен кәсіпке адалдығына сүйсінемін. Кейде он екі мүшесі сау адамдардың өзі өмірден тиянақты орнын таппай, адасып жүреді. Ал керісінше зағип жандардың арасынан өмір сынынан сүрінбей өтіп, түрлі кәсіпте бағы жанып жатқан тұлғаларды жиі кездестіресіз.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр. Бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар екен. Көз жанары суалса да, көкірек көздері сыңғырлап тұрған мұндай жандардан өз басым табандылықты, қайсарлықты бойыма сіңірдім. Олардан ұстамдылықты, қиындыққа мойымауды үйрендім.

Көгершін ИГСАТОВА,

Павлодар қаласы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхананың кадр бойынша инспекторы