Елбасы • 05 Маусым, 2020

Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар тиімді ме?

204 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар тиімді ме?

 

«Самұрық-Қазына» отандық өндіріске қуатты қолдау көрсетті

Кеңесте «Самұрық-Қазына» ак­цио­нерлік қоғамының қазіргі қыз­меті, шағын және орта биз­несті қолдау бойынша қабыл­данып жатқан шаралар, сондай-ақ кеңестің өткен отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Жиында сөз бастаған Елбасы «Самұрық-Қазына» қоры ел дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Биыл біз ауыр сынақтарға тап болдық. Коронавирус пандемиясы жаһандық экономикалық дағдарысқа әкеп соқты. Әлемдік экономика мен сауда өсімі тоқтады. Бұл факторлардың барлығы біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп отыр. Осы орайда қалыптасқан күрделі ахуалға тез бейімделуге және дағдарысты еңсеруге септігін тигізетін экономиканың негізгі драйверлерін айқындауымыз тиіс. Сәуір айында біз дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикамызды қалай көтеру керек екенін талқыладық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шаралар жөнінде мәлімдеме жасады. Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру жоспарын бекітті. Бұл шаралар дер кезінде қабылданды және қазіргі ахуалға сай орындалып жатыр.

Экономикамызды әрі қарай дамытуда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басты рөл атқарады. Қазақстанның барлық негізгі компаниялары осы Қордың құрамына кіреді. Қор компанияларының жиынтық активтері 28 трлн теңгені құрайды. Бұл – ІЖӨ-нің 40%-ы. Мұнда 300 мың қызметкер жұмыс істейді. Қиындықтарға қарамастан компаниялардың бәрі жұмысын жалғастырып жатыр. Өткен жылғы Қор көрсеткіштерінің өсу қарқыны биыл резерв құруға мүмкіндік бергенін байқап отырмыз. Енді компаниялардың тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес отырысында Қордың қазіргі жұмысы мен жаңа бастамалары, отандық шағын және орта бизнесті қолдау іс-шаралары, тапсырмалардың орындалуы жан-жақты қаралды. Аталған мәселелер жөнінде алдымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов баяндама жасады. «Әлемдік экономикада орын алған рецессия мен қауіпті індеттің кеңінен таралуы Қорға кіретін компаниялардың ағымдағы жұмысына айтарлықтай ықпал етті. Осыған орай компаниялардың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Covid-19 пандемиясы, мұнай бағасының төмендеуі, ұлттық валюта бағамының өзгеруі теріс әсерін тигізді. Қордың таза кірісі биыл 1,2 трлн-нан 167 млрд теңгеге дейін төмендемек. Ең көбі «ҚазМұнайГаз» 80%-ға дейін кірісін жоғалтады деп күтіліп отыр. Әуе және темір жолдарының жолау­шылар айналымы көлемі 40%-ға дейін азаймақ. Осыған байланысты бірқатар шаралар қолға алынды. Қаржы резерві құрылды, 8 млрд сыртқы қарыз өтелді. Қазіргі жағдайда компанияның күрделі операциялық шығындарын 429 млрд теңгеге оңтайландырдық. Мұның бәрі белгілі бір қаржы резервін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл энергетика, мұнай-газ, уран, телекоммуникация, пошта және басқа да салалар кәсіпорындарының жұмыс істеуін, өндірістік персоналды қысқартусыз сақтауды және қызметкерлерге жалақыны уақтылы төлеуді қамтамасыз етеді», – деді А.Есімов.

Оның айтуынша, ұлттық экономиканы және отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Біріншіден, сатып алу тетіктерін жетілдіру қолға алынды. Бұл – бір көзден ашық тендерге өту. Осы уақыт ішінде Қор бір көзден сатып алу көлемін 5 есеге төмендетіп және ашық тендерлердің көлемін 5,5 есеге арттырыпты. Мұндай қадамдар 376 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Келесі бағыт холдинг ішіндегі сатып алуды оңтайландыру болды. Бұрын холдинг ішінде 4,5 мың позиция болса, ол 21 есе төмендеген. Ал сатып алу көлемі ақшалай 1,9 трлн болса, қазір – 0,5 трлн теңге. Бұл бәсекелі ортаға 819 млрд теңге беруге жағдай туғызды. Мұндай сатып алуларға 17 мың бизнес субъектісі қол жеткізді және Қор компаниялары 52 млрд теңге үнемдеді.

Екіншіден, «Самұрық-Қазына» осы жылды қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау жылы деп жариялап, бірқатар шараларды нақтылаған. Олардың бірі офф-тейк келісімшарт механизмі мен импортты алмастыратын өнім тапсырысына кепілдік беру құралы болды. Осы ретте біздің елде өндірілмейтін, бірақ компаниялар үшін қажет тауарларға талдау жасалып, біраз жұмыс атқарылған. Қор «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық жобаларды қарастырды. Енді екеуі бірге 3-5 жылға ұзақмерзімді офф-тейк келісімшарт жасаспақ. Жаңа өндірістерді құру үшін инвестиция көлемі 218 млрд теңгені құрап, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Биыл назарда болатын үшінші бағыт – жұмыс істеп тұрған қазақстандық кәсіпорындарды қолдау. Бүгінгі таңда Қорға қарасты кейбір компаниялар күрделі қаржылық жағдайға байланысты тапсырыс берген қажетті тауарларының құнын төлей алмай отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларға 50 млрд теңге бөлді. Ал ол компанияларға тауарды өзіміздің кәсіпорындар жеткізіп береді екен. Бірақ Қор портфельдік компанияларына қаржыны қайтарымды негізде берген.

Сонымен қатар А.Есімов бірқатар ірі компаниялардың ахуалына тоқталып, инвестициялық бағыттағы жұмыстарды да сөз етті. «Коронавирусқа, қашықтан жұмыс істеуге қатысты жағдай кейбір мүмкіндіктерді анықтады. Ықшамды әрі тиімді аппараттарды қалыптастыру мақсатында басқару деңгейін 6-дан 3-ке дейін қысқарту арқылы барлық компанияның ұйымдастыру құрылымдары қайта қаралды. Басқарушы директорлар саны 89-дан 44-ке дейін екі есеге қысқарды. Департамент директорлары 308-ден 255-ке дейін, ал бөлім басшылары 259-дан 65-ке дейін қысқартылды. Қазір «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында тиімсіз шығыстарды оңтайландыру және қысқарту бойынша көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұқсас компаниялардың оң тәжірибесі зерделенуде. Компания басшылығы кейбір активтерді Қордың Корпоративтік орталығына тікелей бағынуға беру туралы ұсыныс енгізеді. Өз тарапымыздан бұл тәсілдерді дұрыс деп санаймыз», деді А.Есімов.

Бұдан кейін сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет Қормен бірлесіп кешенді жоспар әзірлегенін атап өтті. «Жалпы кешенді жоспарда көзделген шаралар 6 млн-нан аса адам қамтылған бірқатар салалардың қалпына келуіне мүмкіндік береді. Үкімет пен Қордың кешенді жоспары аясында бірлескен жұмысының маңызды бағыты – өнеркәсіп, көлік пен логистиканы, цифрландыруды дамыту, импорт алмастыру мүмкіндігін іске асыру, шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлін күшейту», деді Үкімет басшысы. Оның айтуынша, жаһандық ІЖӨ-нің өсу әлеуетінің күрт қысқаруы, әлемдік сауда және сыртқы сұраныс көлемінің рекордтық төмендеуі, сауда-өнеркәсіптік протекционизмнің күшеюі жағдайында «Самұрық-Қазына» ұсынып отырған іс-шаралар отандық тауар өндірушілерді қолдаудың әжептәуір тетігіне айналады.

«Бұл ретте Қордың «қарапайым заттар экономикасы» салаларын қолдау мақсатында жүзеге асырып жатқан шараларына бөлек тоқталғым келеді. Осы салалар бойынша ішкі әлеуетті күшейту – ұлттық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін және ұзақмерзімді тұрақтылықты сақтау шеңберіндегі негізгі міндет. Аталған санат бо­йынша Қордың сатып алуларындағы қазақстандық өндірушілердің үлесі өткен жылғы 75%-дан биыл 94%-ға дейін артты. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп, тамақ, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша отандық тауар өндірушілер белсенділік танытты. Бүгінде машина жасаудағы отандық өндірушілердің үлесінде үлкен өсім байқалды», деді Асқар Мамин. Бұған қоса Премьер-Министр ұлттық әл-ауқат қорының жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру мерзімін неғұрлым қолайлы кезеңге ауыстыруға қатысты ұсыныстарын қолдады, сондай-ақ Қордың індет қаупі төніп тұрған кезде қашықтан жұмыс істеу тәжірибесіне оң баға берді.

 

146 миллиард теңге үнемделді

Бұдан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың баяндамасы тыңдалды. «Біріншіден, дағдарысқа қарсы стратегия әзірленді. Олар біздің қызметіміздің басты үш бағытын қамтиды. Бірінші, қаржы қызметі: «ҚазМұнайГаз»-дың қаржылық ағынын арттыру мен қарыздық міндеттемелерді басқару. Екінші, операциялық қызмет: Қызметті шығынсыз көрсету үшін өндірістің тиімді деңгейін қалыптастыру. Үшінші, дағдарыстан кейінгі даму: Дағдарыстан кейінгі кезеңде актив портфельдері құрылымын өзгерту мен басқарудың тиімділігін арттыру.

Бұл бағыттағы алғашқы қадам орталық аппараттың саны мен құрылымын өзгерту, компания басшыларының жалақысын қысқарту бойынша жүргізілді. Сондай-ақ шығындарымызды оңтайландыруға кірістік. Соның арқасында 2020 жылы жалпы шығындарды 146 миллиард теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік туды. Ал алдағы 5 жыл көлемінде оны 730 миллиард теңгеге төмендету көзделген. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек, әлі де оңтайландыратын салалар бар деп есептейміз. Компанияның қаржылық мүмкіндігін сақтап қалу мақсатында жекешелендіру, дивестиция және басқа да шаралар жоспарын қайта қарастырып жатырмыз», деді баяндамашы.

А.Айдарбаев Елбасының бастамасымен елімізде көптеген мұнай-газ құбырлары салынғанын атап өтіп, олардың қызметін жүргізу «ҚазТрансГаз» бен «ҚазТрансОйл» компанияларына тиесілі болғанына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, осы екі компанияның қызметін орталықтан басқаруды «ҚазМұнайГаз»-ға жүктеу өз жемісін бергенін жеткізді. Қазіргі таңда екі компания да өзіне жүктелген міндетті орындап, дербес жұмыс істеуге әбден төселді. «Осыған байланысты, «ҚазТрансГаз» компания­сын «Самұрық-Қазына» меншігіне беруді ұсынамын. Бұл қадам басқару деңгейлерін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» IPO-ға шыққанда инфрақұрылымдық жобаларды мемлекетке қалдырады. Үшінші, «ҚазМұнайГаз»-дың мұнай мен газды барлау, қазу және қайта өңдеуге, сондай-ақ мұнайгаз химиясы бойынша жүктелген міндеттерге назар аударуға жағдай жасайды», деді А.Айдарбаев.

Бұдан кейін А.Айдарбаев ОПЕК елдері дағдарысқа байланысты мұнай өндірісін азайтқанын, бұл бастаманы Қазақстан да қолдағанын айта келе, «ҚазМұнайГаз» қаржылық тұрғыда тұрақты. Жақында жұмыс тәртібін қайта қалыптастырып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануды қолға алдық. Дағдарысты еңсеру үшін біздің мүмкіндігіміз жеткілікті», деді А.Айдарбаев.

Баяндамашының сөзін мұқият тыңдаған Елбасы астананы газдандыру мәселесін сұрады. А.Айдарбаевтың айтуынша, магистральды газ құбырының құрылысы былтырғы желтоқсанда аяқталған. Қазіргі таңда құбыр дайын. Биыл жылыту маусымы басталғанға дейін газ қалаға кіргізілмек.

Премьер-Министр А.Маминнің сөзіне қарағанда, елордадағы ЖЭС-2-ні газға көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. «Газ жеткізу желісін салу басталып кетті. Елордадағы көптеген нысандар газға ауысады. Теміртауды, ішінара Қарағанды мен Жезқазғанды газға көшіру бойынша да жұмыс жасалып жатыр. Яғни құбыр бойындағы қалалар мен ірі елді мекендер газға көшіріледі», деді А.Мамин.

Бұдан кейін сөз алған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бір жылдағы жұмыс қорытындысына тоқталды.

«Былтыр жүк тасымалы 2018 жылға қарағанда 1,8 пайызға, транзиттік тасымал 3,7 пайызға, контейнердегі транзит 23,7 пайызға, операциялық кірісі 33 пайызға артты. Бұл нақты атқарылған жұмыстың нәтижесі. Операциялық қызмет бойынша кері нәтиже бар. Ол курстық айырмашылыққа байланысты. Кредиттік қарызды 17 пайызға азайтуға мүмкіндік туды. Осылайша, қазіргі міндеттеме бойынша «Қазақстан темір жолы» өзіне қойылған міндетті 100 пайыз орындап отыр», деді С.Мыңбаев.

Жиында одан әрі әлемдегі қазіргі ахуалға байланысты әуе тасымалының жұмысы жөнінде сөз қозғалды. Осы орайда Air Astana компаниясының басшысы Питер Фостер: «Күрделі дағдарыстық кезеңге қарамастан, жаңа бағыттар ашылып жатыр. Қазіргі жағдайда әуе жүк тасымалы сұранысқа ие және Air Astana осы бағытқа бет бұрды. Бастапқыда тек жолаушылар тасымалдайтын компания едік. Қазір жүк тасымалдау мәселелерінің егжей-тегжейін қарастырып жатырмыз», деді.

Қор жұмысын жоғары бағалады

Баяндамашылар сөзін тыңдағаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев Қор ком­па­нияларының тиімділігін әрі қарай арттыру үшін нақты шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қор компанияларын жекешелендіру мәселелеріне, сатып алулар және отандық тауар өн­діру­шілерді қолдауда жергілікті үлесті арттыру бойынша қабылданып жат­қан шараларға тоқталды. «Самұрық-Қазына» қоры дүниедегі ең үздік тәжірибеге сүйене отырып жасалды. Негізгі мақсат – ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық компаниялар активтерінің бағасын көтеру. Қор өзінің миссиясын орындап келеді, әсіресе кейінгі жылдары. Қиын кезеңдерде экономикамыздың нақты қолдаушысы болып, зор үлес қосты. Менің тапсырмам бойынша «Самұрық-Қазына» қоры құрылғанда оған еліміздегі ең ірі активтер енді. Бұл қадам олардың құнын қымбаттатып, кірісті арттырып, осы компаниялардағы өнім шығару көлемін көбейтті. Былтырғы жылдың қорытындысы бо­йынша, Қор бүкіл өнеркәсіптік және қаржылық бағыт бойынша оң нәтижеге қол жеткізді. Былтырғы табыс көлемі 1,2 триллион теңгені құраса, бюджетке төлем 1,1 триллион теңге. Жалпы, 2018-2019 жылдары Қор мемлекеттік бюджеттің кірісін салықтық төлем ретінде 2,2 триллион теңгеге арттырды. Міндеттерді төлеу бойынша ұлттық қорға 460 миллиард теңге аударылды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мұнай бағасының арзандауы, жолаушылар және жүк тасымалының азаюы, электр энергиясын жеткізудің төмендеуі қор компанияларының өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне кері әсер етті.

«Самұрық-Қазына» басшылығы көтерген операциялық және әкімшілік шығындарды жетілдіру жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Мұның қаншалықты дұрыс және тиімді екенін өздеріңіз көрдіңіздер. Оның үстіне, бұл еліміздегі IT индустриясын жетілдіруге мүмкіндік береді. Карантиндік шектеу­лер алынғаннан кейін де қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруға қатысты қанатқақты жобаны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Бұл офиске, транспорттық, техникалық персоналға төленетін және басқа да шығынды азайтуға көмектеседі», деді Н.Назарбаев.

Елбасы қабылданған шараларға байланысты Қор өндірістік бағыттағы қызметкерлерді жаппай қысқартуға жол бермегеніне тоқталды. «Бұған дейін 1998 жылғы дағдарысты да, 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарысты да еңсердік. Мен бүкіл компаниялардан жұмыс орнын сақтап қалуды сұрадым. Тіпті, оларға ақша төлемесек те, жұмыс орның сақталады деп айтсаң, бұл оған сенім ұялатады. Ол қайта оралып, компанияда жұмысын жалғастыратынын біледі. Бұл мысалдар басқаларға да үлгі болуы тиіс. Осы тәсілді бүкіл жерде қолдану керек. Кейінгі екі жыл көлемінде Қор 8 миллиард теңгенің сыртқы қарызын мерзімінен бұрын төледі. Бұл қадам валюта курсының өзгеруіне байланысты жоғалуы мүмкін 1 триллион теңгені үнемдеуге көмектесті. Жоғарыда айтылған шаралар Үкіметке 120 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуге мүмкіндік берді. Бұл 2017 жылға қарағанда 10 есеге көп.

«ҚазМұнайГаз»-ды қайта құрып, «ҚазТрансГаз» бен «ҚазТрансОйл»-ды «Самұрық-Қазынаның» еншілес ком­паниялары ретінде бөлу жөнін­дегі ұсынысты қолдаймын. Бұл «Қаз­МұнайГаз»-дың басты жұмысы – мұ­най­ды барлау, қазу және қайта өңдеуге басымдық қоюға мүмкіндік береді. Ал жеткізумен айналысатын компания­лар транспорттық маршрутты әртарап­тандыруға жағдай жасайды. Қордың басшылығына осы мәселені тез арада қарап, шешім қабылдауға тапсырма беремін», деді Елбасы.

Бұдан кейін Н.Назарбаев Қор компанияларын жекешелендіру бойынша бірқатар тапсырма берді. «Біз «ҚазАтомӨндіріс»-тің акцияларын жекешелендіру жұмысын 25 пайызға орындадық. Сондықтан инвесторлардың сеніміне ие болдық. «Қазпошта» қызмет­і­нің ерекшелігіне байланысты компания стратегиялық инвесторға тікелей атауды сату арқылы берген жөн. Мұны Үкіметпен бірге анықтап, бұл мәселеге байыппен қарау керек. «Самұрық-Энергоны» жекешелендіру бойынша айтар болсақ, мұны мемлекетке тиімді болатын жағдайда қарастырып, бұл мәселені шешу керек. «Қазақтелеком»-ды жекешелендіру бойынша оның 10 пайызын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» сатуды қолдаймын. Бұл – азаматтарымыздың компания акцио­нері болуына, ал Қордың бас­ты ак­ционері ретінде қала беруіне мүмкін­дік береді. Ал қалған компаниялар бойынша әлемдегі жағдайды ескеріп, олар­ды қайта қарап, жекешелендіру бойын­ша жоспарды, стратегиялық актив­терді Қорға қолайлы кезеңге дейін кейінге шегеру қажет. Осыған байла­нысты Қорға Үкіметпен бірге жекеше­лендірудің кешенді жоспарын, «Самұрық-Қазынаны» әртараптандыру жөніндегі бағдарламаны қайта қарауды тапсырамын.

Мен Қордың сатып алуларды жергілікті қамтамасыз ету мен отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмысын қолдаймын. Бұл – өте тиімді жұмыс. Келісімшарттың «офф-тейк» құралы отандық өндірушілердің кепілді тапсырысы секілді. Мемлекеттік құрылымдағы өзге де холдингтерде барынша қолданылуы тиіс. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудағы тиімді әдіс. Қазіргі таңда жаңа тауарларды ұйымдастыру бойынша бірқатар осындай келісімшарт жасалған. Осының әсерінен екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл қадам қазақстандық өндірістің «қарапайым заттар экономикасы» бойынша үлесін 2019 жылы
70 пайызға, биыл 94 пайызға арттырды», деді Тұңғыш Президент.

Елбасы өзінің берген тапсырмасына сәйкес, келешек буынға арналған «Болашақ» қоры құрылғанына екпін берді. «Бұған алғашқы 100 миллион теңге салынды. 2019 жылы қаржылық портфель бойынша кіріс 11 пайызды құраса, қазір активтер 180 миллион теңгені құрады. Сондықтан қорға есептелген бағыт бойынша жұмысын жалғастырып, қажет жағдайда агрессивті инвестициялық әрекет қабылдап, пайда мен тәуекелді есептеп әрекет ету керек. «Самұрық-Қазына» қорын құрудағы мақсат – ел байлығын еселеп, жоғары технология мен тиімді компания қалыптастыру еді. Мен сіздердің Үкіметпен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, қажетті шешімдер қабылдап жатқандарыңызды көріп отырмын. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Мемлекеттік қызмет жүйесі де осы тәсілдерді қолдануы керек. Біз жүйелі жұмыстың жемісін көріп отырмыз. Кәсіпорындар күрделі ахуалға қарамастан, жұмысын жалғастырып жатыр. Қызметкерлер қысқарған жоқ. Жалақы уақытылы төленуде. Қазіргі уақытта ең маңызды мәселелер осы», деді Елбасы.

Кеңес қорытындысы бойынша Елбасы «Самұрық-Қазына» басшылығының дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының нәтижесін атап өтіп, бұл тәжірибені басқа да құрылымдарда қолданудың маңыздылығына тоқталды. «Қор басшылығы дер кезінде қабылдаған шараларды қолдаймын және оң бағалаймын. Олар өз тиімділігін көрсетті. Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлді. Алайда осы жағдайда «Самұрық-Қазына», керісінше, Ұлттық қорға 100 млрд теңге бағыттады», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»