Таным • 05 Маусым, 2020

Сейілбек Үсенов және «Социалды Қазақстан»

617 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Туған тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінде есімі қалса да, ел аузында өнегелі ғұмыры ауыздан-ауызға таралып аңызға айналса да, мұрағаттарда ескерусіз, елеусіз жатқан арыстарымыз жетерлік. Солардың бірі – 1932-1934 жылдары «Социалды Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, тілшілер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Сейілбек Үсенов болатын.

Сейілбек Үсенов және «Социалды Қазақстан»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Саналы ғұмырын негізінен ағарту­шылық пен журналистикаға қатар арна­ған С.Үсенов 1905 жылы Сырдария об­лысының Шымкент уезі, Сарыкөл болысында қарапайым ауыл мұғалімі отбасында дүниеге келген. 1917 жылы Шымкенттегі бірінші сатылы мектепке қабылданған дарынды жас талап өз білімін онан әрі ұштай түсіп, алдымен 1920-1923 жылдары педагогикалық тех­никумда білім алады. Ал 1925 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтын тәмамдаған Сейілбек журналистикаға ерте араласты. Студент кезінің өзінде-ақ зеректігімен көзге түсіп, «Кедейшіл жас» газетін басқарды. Біздіңше, «Ұстазы жақ­сының ұстамы жақсы» дегендей, инс­ти­тутта Қ.Жандарбеков, Ә.Қоңыратбаев т.б. секілді белгілі тұлғалармен бірге оқы­ған Сейілбектің балаң шағында білім нәрінен сусындатқан, көкірек кө­з­ін ашқан ұстаздары да осал болмаған. Өзі де «Қараңғы қазақ көгіне күн бо­­лу­­ды» мұрат тұтып, еңбек жолын мұға­лімдіктен бастайды. Яғни ол 1925 жы­­­лы Шымкенттегі Қазақ педаго­ги­ка­­лық техникумында оқытушы, оқу бө­­лімінің меңгерушісі, 1926 жылдан Ах­мет мектебінің (қазіргі Қ. Сыпатаев атындағы мектеп) директоры болды. Б.Момышұлы, Ә.Тәжібаев, Қ.Жұмалиев секілді белгілі ұлт тұлғаларының алғаш­қы ұстазы атанды. Бұл турасында батыр Бауыржанның өз естеліктерінде: «... Ол кезде мектепті басқаратын кісіні директор демей, меңгеруші дейтін. Біздің меңгерушіміз, партия мүшесі Сейілбек Үсенов деген кісі еді. Тарих, қоғамтану пәндерінен дәріс беретін ол кісінің жасы шамалауымша 25-30-дарда болуы керек. Орта бойлы, реңді, сабырлы кісі болатын» деп еске алатыны бар.

Ал 1926 жылы Шымкент педтехни­кумын басқарған жылдарда С.Үсенов әдебиетіміздің алыптарының бірі Ж.Ай­ма­уытұлымен де қызметтес болған. «Мұ­ға­лім – мектептің жүрегі» деген қанатты қағидаға қылаудай дақ түсірмеген, ұл­тының қамқоры, бала жүрегінің бағбаны бола білген Жүсіпбек пен Сейілбектей тұлғалардың оқытушылық қызметін әлі де болса тереңірек зерттеуді керек ететіні күмәнсіз. Әйткенмен, бір ескере кетерлігі С.Қирабаев өз еңбегінде атап көрсеткендей Аймауытұлы 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқармаған. Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік мұрағатынан табылған тың дерек-дәйектер негіз болып отыр. Өйт­кені осы педтехникумдағы Жүсіп­бек­тің қызметкер ретіндегі жеке іс па­ра­­ғында оның мұғалім болғандығы анық көрсетілген. Педтехникум дирек­­торы С.Садықбековтің қолы қойыл­ған ұжымның жалпы тізімінде 14 педа­гог­тың ішінде педагогика пәнінің мұға­лімі ретінде Жүсіпбектің де аты атала­ды. Осы мұрағаттан алынған 1926 жыл­дың шілдесі көрсетілген тағы бір құ­жат­та педтехникум директоры ретінде Сейіл­бек Үсеновтің қолы тұр.

Осы жылы С.Үсенов Шымкент қа­ла­сындағы Қ.Спатаев мектебінің директоры болып ауысып кеткеннен кейін педтехникумды Сұлтанбек Садықбеков басқарған. Ең бастысы Жүсіпбек пен Сейілбек арасындағы тығыз әріптес­тіктің, етене жақындықтың, рухани бір байланыстың болғаны анық.

Ал Сейілбек Үсенов турасында қалам тартқандардың бірі – жазушы Мамытбек Қалдыбай. Ол өзінің «Ұмытылмас кездесулер» атты Баукең туралы эссесінде батырдың алғашқы ұстазы С.Үсенов жайында аз-кем мәлімет береді.

Жалпы С.Үсенов 1928 жылдан 1929 жыл­­дың ақпанына дейін Сырдария ок­ругінің халық-ағарту бөлігінде нұс­қау­­шы болып қызмет етсе, осы жыл­дың ақпан айынан бастап Бостандық аудандық партия комитетінің хатшысы қыз­метіне тағайындалады. Ал осы жыл­дың қарашасында Шымкентке қайта ша­қырылып, Сырдария округінің «Ленин жолы» газетінің редакторы қызметін атқарады. Бұдан бұрын «Ақ жолда» қа­лам тартып әбден ысылған Үсеновке «Ленин жолын» белді басылымға айналдыру аса қиынға соқпаған сияқты. Өйткені, кезінде «Кедейшіл жасты» өз биігіне шығарып, педтехникумды басқарған жылдарында «Жас талап» газетін шығаруды қолға алуы оның журналистикадан ешқашан қол үзбегенді­гін айғақтайды. «Ақ жолда» «Қосшылар ұйымы жайынан», «Ескеру керек», «Кө­­зіңді ашып қара!» т.б. көптеген ма­қа­лалары басылған С.Үсенов осы ба­сылымның ізбасары іспетті «Ленин жо­­лын» басқарған кезінде газетті өңір­­дегі мерзімдік басылымдардың «қа­ра­­ша­ңырағына» айналдыруға бел ше­ше кірісті. Өйткені бүгінде аға газет са­на­тындағы «Оңтүстік Қазақстанның» ке­зінде «Ленин жолы» деген атпен Сыр­­дария округтік комитеті мен кеңес ат­қару комитетінің және кәсіпшілер ке­ңесінің баспасөз органы болғаны, тіпті, 1931-1932 жылдарда Қаратас, Қа­рас­пан, Шаян, Түлкібас, Арыс аудандарына дейін тарап отырғаны белгілі. Дегенмен де С.Үсеновтің «Ленин жолына» редактор болғандығы жайлы мәліметтер тым аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Тек «Оңтүстікті кімдер басқарған?» атты мақалада 1925 жылдың шілдесінде Ташкенттен Шымкентке көшіп келген «Ақ жол» газетінің редакциясы қазіргі Түркістан көшесіндегі губерниялық сот ғимаратымен қатар қоныстанған екен. Бұл кездері редакцияда ағайынды Сейілбек, Әшір Үсеновтер, Бақы Молдалиев, Тәңірберген Отарбаев, Әкімәлі Байжасаров, Жанәлі Барқиев, жас тілшілер – Тұрлыбек Райымбеков, Иманәлі Ырсымбетов, Әліхан Сүлей­менов сынды тілшілер қызмет атқарғаны айтылады.

Ал 1930 жылдың көктемінен Сырда­рия округтік комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылдың мамыр айынан бастап Сырдария округтік комитетінің жауапты хатшысы (бірінші хатшысы) қызметін де уақытша атқарған С.Үсенов 1931-1932 жылдары Мойынқұм ауданында да жауапты хатшысы (бірінші хатшы) қызметін абы­роймен алып жүрді. Дегенмен қай­раткердің мұнан кейінгі қызметі не­гізінен баспасөзге қатысты болды. Ол алдымен 1932-1934 жылдары Алматыда «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторының орынбасары қызметінде болған.

Жақсының артынан қашанда сөз ер­меуші ме еді. Осы қызметте жү­ріп Се­йілбек «аса маңызды саяси-ша­руа­­шылық науқанда» қателікке жол берді деген жаламен алдымен пар­­тия қатарынан шығарылса, іле-ша­ла басылымның бұқаралық жұмыс­тар бө­лімінің меңгерушілігіне төмен­де­ті­леді. Дегенмен тумысынан тағ­дыр­­дың теперішін көп тартып, сын са­ғат­тарда да морт сынбай, қайта қай­ра­тына мініп, өзіне тапсырылған жұ­мысқа бар күш-қайратын сарп етіп дағ­­­­дыланған қаламгер көп ұзамай пар­­­­тия­лылығын қайтарып алып, 1934 жыл­­­­дың сәуірінен 1936 жылдың тамы­зына дейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде редактор болды. Жалпы өмір­де кең, көпшілікпен тез тіл табы­са білетін, жастардың жанашыры ретінде үнемі аты аталатын С.Үсеновпен жа­қын араласып, сыйласқан жандар қата­рында әдебиетімізде есімі көпке мә­лім С.Сейфуллинді, І.Жансүгіровті, М.Жұ­мабаевты, С.Ерубаевты бөле-жа­ра көрсетуге болады. Ал Саттар Еру­баев Сейілбек «Қарағанды пролета­риа­тын» басқарып отырған жылдарда осы газетке келген болатын. Нақтырақ айтсақ, Саттар Ерубаев алдымен 1934 жылы ВК(б)П Қазақстан өлкелік ко­ми­теті «Қарағанды пролетариаты» га­зе­­тінің комсомол бетінің редакторы қыз­метіне тағайындалады да, іскерлігі мен шығармашылығы С.Үсеновтің на­­­за­­рына ілігіп, 1934-1935 жылдары ба­­сы­­лым редакторының орынбасары қыз­­метіне көтеріледі. Оны автордың өзі де мойындап, «Қарағанды мені жа­­зу­шы ететін болды» деп айтқаны бар екен. Соған қарағанда Сейілбек Үсе­нов шығармашылық адамдарына ың­ғайлы басшы болғанға ұқсайды. Яғни, біздің пайымдауымызша, Үсе­нов Шым­кентте Аймауытұлының «Ақ­бі­лек­ті», Қарағандыда Саттардың «Менің құр­дастарымды» жазуына да қолайлы жағ­дай тудырған болуы керек.

Қаламгердің қазақша-орысшаға бір­дей жетіктігі де оның журналистикада табысты болуына септігін тигізгені анық. Яғни С.Үсенов осы «Қарағанды пролетариаты» басылымын басқара жүріп, осы қалада орыс тілінде жарық көретін «Большевистская кочегарка» (Қа­зіргі облыстық «Индустриальная Ка­раганда») газетіне де 1935 жылдың 18 қаңтарынан 16 сәуіріне дейін редак­торлық етеді. Дегенмен оның қолы қо­йылған мақалалар кемде-кем. Өйткені «қарағай басын шортан шалған» аумалы-төкпелі заманда Сейілбек сынды ұлт маңдайына біткен марғасқалардың дені өзекті мәселелерді арқау еткен өткір мақалаларын бүркеншік атпен жариялап отырған.

Ең бастысы, өмір бәйгесінде Алаш зия­лыларымен жиі жолы түйісіп отыр­ған Сейілбек те Бейімбет Майлин Қарағандыға ат басын бұрғанда қуаны­шын ірке алмай, етене араласып жүрген елжанды жазушыға арнап өзі басқарып отырған «Большевистская кочегарка» газетіне «Казахский писатель Беймбет Майлин в Караганде» деген мақаласын 1934 жылдың 12 желтоқсанында басады. Тіпті Бейімбетке деген ерекше құрметі болар, «Қарағанды пролетариатында» оның «Хат» деген әңгімесін газеттің қа­тарынан бірнеше сандарында жариялап отырған.

Байыппен үңілсек, «Социалды Қа­зақ­станда» өз сүрлеуін қалдырған Се­йілбек Үсеновтің де алдын көріп, ақыл-кеңесін алып, өмір-теңізде өз жолын жаңылмай тапқан қалам иелері де аз емес екен. Солардың бірі – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері – Мәлік Қарақұлов. 1925-1927 жылдары Қызылордада басылған «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас» газеттерінің аймақтағы тілшісі қызметін атқарған М.Қарақұлов 1932 жылдың басында өңіріміздегі басылым «Ленин жолы» газетіне тілші бола жүріп, «Социалды Қазақстан» га­зе­тіне де елдің тыныс-тіршілігінен хабар беретін шағын мақалалар беріп тұрған. Ал 1934 жылы ол Алматыда өт­кен тілшілердің республикалық съезіне делегат ретінде келіп, съезден соң «Социалды Қазақстан» газетінің өңір­лердегі журналистерінің басын қосқан кеңестің де куәсі болады. Сол кеңесте газеттің тілшілер бөлімінің меңгерушісі әрі жерлесі С.Үсеновпен де жақын та­ны­сып, оның ұсынуымен «Ленин жо­лы» газетінен басы бүтін босайды да, «Социалды Қазақстанның» Мақта­арал, Арыс, Келес, Қызылқұм аудан­дарындағы меншікті тілшісі атанады.

Осы бір ұмытылмас күндерді жадында қайта жаңғыртқан ол «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан «Түйе мінген тілші едік» атты мақаласында:

«Редакцияның тілшілер бөлімінің мең­герушісі Сейілбек Үсенов ма­ған: «Тұратын жерің Мақтаарал ауданы­ның орталығы Славянск болады» деп түсіндірді де, өлкелік партия коми­те­тімен келісілген бұйрықты оқып берді. Ол колхоздар әлі нығаймаған, ауыл-се­лоға машина түгілі тракторлар да жаңа ғана келе бастаған кез болатын. Қай жермен болса да жол қатынасы нашар, атарба дегендердің өзі ілуде біреу ғана. Ол біз сияқтыларға тие де бермейді. Осындай қиыншылықтар кезінде ауданаралық меншікті тілші қызметін атқара бердім. Мақтаарал ауданының орталығындағы Славянск МТС-нің саяси бөлімі шығаратын көп тиражды газеттің редакторы Әділбай Омаров менің республикалық газеттің меншікті тілшісі міндетін атқаруыма көп көмектесті. «Социалды Қазақстан» газеті үшін кейбір материалды сол екеуміз бірлесіп әзірлейміз. Менің өзім­дегі транспорттың түрі – сонау «Ленин жолы» газетінің редакциясында істеп жүргенде сыйлыққа алған велосипедім. Жақын жерлерге сонымен ызғытам. Сарыағашта тұрғанда 25 километр жердегі Бесқұбыр МТС-і саяси бөлімінің бастығы Жүсіпбек Арыстановқа барып қайтатынмын.

Тілші деген бір орында тұрмайтын, елгезек болуы керек қой. Ал транспорттың жағдайы жаңағыдай. Колхоздарға бару керек болса, бірде аупарткомның, бір­де МТС директорының (оларда да салдырлаған бір-бірден ғана ескі машина) көлігіне ілесеміз. Немесе колхоздан колхозға болса ат, болмаса есек, өгіз, түйе сияқты сол кездің тегін «таксиін» мінеміз» дейді.

Иә, расында да Сейілбек Үсеновтей қарымды қалам иесінің қолдау-көме­гімен қазақ баспасөзі тарихында аты қалғандар жетерлік. Біздіңше, М.Жұ­мабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жан­сүгіров, С.Ерубаев, Ж.Аймауытұлы сынды халқымыздың дара тұлғаларымен қыз­меттес болуы, рухани байланысын қан­дай жағдайда да үзбеуі Сейілбектің де саяси қуғын-сүргін құрбаны болуына алып келген себептердің бірі болса керек. Сол себепті де Сейілбек Үсенов сынды еңбегі ұшан-теңіз тұлғалардың рухани мұрасы, қайраткерлік қызметі, Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қа­тынасы кеңірек қарастырылып, тере­ңірек зерттелгені жөн деп білеміз.

 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың колледж директоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Соңғы жаңалықтар