Руханият • 05 Маусым, 2020

Шұғыла-нұрды бетке алып...

271 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ғаламтор атаулы тірлігімізге енгелі бұрынғыдан қалған «жақсы кітап-жан азығы» деген мәтелдің мәні өзгергендей, қолдан қолға өтіп, тозығы жететін байырғы «Қисса Жүсіптен» бертінгі «Махаббат қызық мол жылдарға» дейінгі басылымдардың баяны кетіп, қонышта көнеретін «Жұлдыз» бен «Жалынның», «Мәдениет және тұрмыс» пен «Қазақстан әйелдерінің» басынан бақ тайғандай көрінетін. Жаңа дәуір жаршыларының тобынан табылып, Мұхтар ақын айтқан «компьютербасты пенделер» қарасын молайтып жүрген осы жолдардың авторы да күні бүгінге дейін үшбу қисын мен пайым-пікірді қолдап, қолпаштап келген-ді.

Шұғыла-нұрды бетке алып...

«Келген-ді» деп бекерге айтып отыр­ғаным жоқ.

Ақпарат майданының қабырғалы қайраткері, белгілі көсемсөзші Аяған Сандыбай мырза ұсынған, сиясы кеуіп үлгірмеген, «су жаңа» «Шұғыла-нұрды бетке алып...» («Иду по линии света..») атты жуан жинақты парақтап шыққан соң ұзақ жылғы ұстанымымнан айныдым дегенім артық айтқандық болса да, ақиқаты сол.

Абай атамыздың мақамына сал­сақ, «осы жұрт Аяғанды» біледі. Білме­ген­де ше? Қалың жұрттың ішінде Айе­­кең, әсіресе, қаламгер қауымға жақ­сы мә­лім. Ол – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Журналистика ака­­де­мия­­сының академигі, бірқатар мем­­ле­кеттік марапаттың иесі. Елге, қо­­­ғамға, қауымға сіңірген еңбегін бұл­­­дамай, жарнамаламай, кеуде соғып, төс қақпай, кері тартқанды бері тартып, сү­белі сөзін, құйқалы пікірін тегеурінді тұт­­қаларды шеңгелдеген тарпаң тұлға­ларға арнамай, имандылықты күйттеп, ұлт қамын жеген қаламгер сөз саптаған көптің бірі емес, бірегейі. Біраз уақыт «Астана ақшамы» газеті бас редакторы лауазымында екпінді еңбек етіп, Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) бас редакторы, «Қазақстан» ұлттық те­ле­­радиокомпаниясының бірінші вице-президенті, Баспасөз және бұқа­ра­лық ақпарат министрінің орынбасары ре­тінде шенеуніктің шекпенін иығына ілген Аяған Сандыбай қоғаммен байланыс – «public relations» саласында да өзіндік сорабы бар майталман маман. «Қазмұнайгаздың» PR департаментіне, Президент баспасөз қызметінің салалық секторына басшылық жасаған тәжірибе-тәлімі екеуміз бірлесіп жазып, Нұр-Сұл­тан мен Алматыда жарық көрген «Жарнама. Жұртшылықпен байланыс. Брендинг» және «Ел брендингі» сынды жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарымызды өмірге әкелуде мо­лынан кәдеге асты. Қазақ, орыс тіл­дерінде бірдей сілтейтін ол, соны­мен қатар «Жүректі қайтіп жұ­­ба­там» («Чем порадовать сердце…») деген кө­семсөз жинағының ав­то­­ры. Қаламын серік етіп, шабытын ша­­қы­ратын қай­раткер қазіргі таңда жүз­жылдық тарихы бар жалпыұлттық саяси-қоғамдық «Мысль» журналының бас редакторы. «Шұғыла-нұрды бетке алып...» кітабы шығармашылық қыз­меттегі басшының тынымсыз тірлігі туған ел туралы тол­ға­ныспен ұштасқан ілкімді ізденістің жемісіндей.

Жаңа кітапқа ақ жол тілеген Қазақ­станның халық жазушысы Иван Щего­лихин «Аяған Сандыбайдың туындылары автор ұстанымының бекемдігімен, мағына-мәнінің толымдылығымен әрі тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді» деп жазса, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының иегері, Мемлекет басшысы жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мү­шесі Михаил Дорофеев «Аяған Өтен­­ұлы очерк жанрына жан бітіріп, журналистикада фактілер мен сандар, жос­парлар мен есептер тасасында қа­латын адамды асқақтатты» деген жү­рекжарды пікірін білдіреді. Бұл – әсі­ре мақтау, асыра дәріптеу емес. Де­рек пен дәйекке сүйенген дара баға. Алыс-жақын шетелдерге тарайтын «Из­­вестия», «Московский комсомолец», «Комсомольская правда» сынды ба­сы­лымдар, «Казахстанская правда», «Экспресс К» сияқты орталық газеттер бетінде жарияланған көсемсөздері, талдау-зерттеу мақалалары, сұхбат­тары арқылы өз оқырманын тауып, ақпараттық кеңістігіміздің салиқалы сөз сарбазы ретінде танылған Аяған Өтенұлының жаңа кітабының түйін­демесі «жинақ заманымыздың көкей­кесті түйткілдеріне-саясат пен экономика, тіл мен діл, ұлт­тық мәдениет, бас­пасөз мәселелеріне арналған», деп тұжырымдайды. Төлеген ақын жаз­ғандай, «сыздаған барлық жараның аузында» жүрген журналистің жұды­рықтай жүрегін бұлқындырған күрмеуі бекем түйіндер оқырман қауым санасына салмақ салады, толғандырады. Осы орайда алдымен ойға оралатыны А.Сандыбайдың «Қазақстанның сол­түстігі шынымен қатал өлке ме?» («Так ли суров казахстанский Север?») атты туындысы.

«Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұр­сынұлы, Міржақып Дулатов және басқа ұлттың рухани басшылары, көрнекті тұлғалары дүниеге келіп, тірлік кешкен өңірдің тумасы ретінде солтүстіктің қаталдығы жөніндегі пайымның парасат ауылынан алыстығын айтқым ке­леді» деген автор «иә, қыстың кей күн­дері термометр қырықтың минусын көрсетеді. Алайда мұндай аяз он күн­нен әрі аспайды. Қалған уақытта ауа райы қалыпты» деп түйіндейді. «Соңғы жылдары еңбекке қабілетті адамдарды оңтүстік пен батыс аймақтардан көшіру бағдарламасы туралы сөз бола қалғанда, солтүстіктің климаты тілге тиек етіледі. Шын­дығында, солтүстік қатал емес. Мұ­ны жуырда оңтүстіктен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген 130 от­басы растайды. Көшіп келіп, еңбекке ара­ласуды қалайтындарға олар осы жердің әсемдігі, жасыл ормандары, айна көлдері, мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысуға қолайлы ал­қаптары жайында әңгімелеп бере алады. Өкінішке қарай, халқы аз солтүстік облыстардың тұрғындары қалаларға ағылуда. Мәселен, тек Солтүстік Қа­зақстан облысында ғана 170 ауыл өмір сүруді доғарды. Дәл осындай жағдай көрші облыстарда, оның ішінде елдің негізгі астықты аймағы саналатын Қос­танай облысында да орын алған» деп, Аяған Өтенұлы ел экономикасына елеу­лі әсер етіп отырған демографиялық түйткілді түйіндей кетеді. Әлеумет кө­ке­йіндегі осынау мәселеге бейжай қарай алмайтын оқырман автордың «тың жерлерде бой көтерген кеңшарлар мен ұжымшарларды заманға орай қалпына келтіру» жөніндегі пікіріне келіседі деп ойлаймын. Сондай-ақ оның «осы үрдістің арқасында мемлекеттік тіл мен ұлттық мәдениеттің мәселелері де шешімін табар еді», деген ойы да қош­тауға тұрарлық.

Бүгінгі қазақ қоғамында әзірге ше­шімі табылмай тұрған түйткілдердің бірі – тіл мәселесі. Сондықтан да Аяған Өтенұлының «Мемлекеттік тілді қорғау» («Апология государственного языка») және «Бірлік тілі туралы» («О языке единства») мақалалары оқырманды бейжай қалдырмайды. Белгілі орыс сықақшысы Михаил Жванецкийдің «Қа­зақтар бар кезде мен орыс тіліне қай­ғырмаймын!» деген әзіл-шыны ара­лас пікірін тілге тиек ете отырып, ав­тор мынадай терең мәнді мысал кел­тіреді. «Мәселен, деп жазады ол, қазақ тілді тұрғындары көп оңтүстік және батыс өңірлерде ажырасулар біздің сол­түстік облыстардағыдан екі есе аз екен. Бұл фактіні тек әлеуметтік фак­торлармен түсіндіруге болмайды. Өйткені солтүстікте өмір сүру дең­гейі оңтүстіктен төмен емес. Бірақ рес­публиканың оңтүстігінде олар негізінен бір тілде сөйлейді, бұл олардың ұлттың рухани, адамгершілік және басқа құн­дылықтар мен басымдықтарының мәнін терең түсінуіне ықпал етеді».

Автор тұжырымымен келіспеу қиын. «Бірлік тілі туралы» мақаласында айтылатын мына дерек пен дәйек те көңіл аудартады: «Республикада балалардың ­     90 пайызы қазақ тілінде оқытатын мектептерге барады… Ал орыс тілді мектептер саны жылдан-жылға азайып келеді. Бұл табиғи құбылыс. Балаларының болашағына алаңдайтын ата-аналар енді мемлекеттік тілде оқытатын мектепті таң­дауда. Олар мемлекеттік тілді білген адам өзін өзгелермен тең ұстайтынын се­зінеді».

Дегенмен, «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілде екі-ақ заң жазылғанын, көптеген депутат, халық қызметшілері мемлекеттік тіл­ді білмейтінін» дәйектеген Аяған Сан­дыбай «осыған орай жалпы халық санағы қарсаңында мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік мекемелер қыз­меткерлері мемлекеттік тілді білу жө­нінен неге емтихан тапсырмасқа? Тіл білмейтін шенеуніктер қалайша мемлекеттік қызметте бола алады? Бұл түсініксіз тірлік!» деп орынды сауал тас­тап, «мемлекеттік тілдің мәртебесі жалпы қоғамға және әр адамға байланысты» екендігіне тоқталады.

Осы орайда Аяған Сандыбайдың жинақтағы мынадай батыл ұсыныс-талаптарын қайталап өтудің еш ар­тық­тығы жоқ секілді. Оның жазуынша, республикамызда Ресей басылым­да­ры­мен бірлескен медиажобалар жү­зеге асырылуда. Ал сол Ресейдің Мәс­кеу мен Санкт-Петербург сияқты бас қа­лаларында қазақ диаспорасының 10 мыңнан астам өкілі тұрады. Осы аға­йындарымызға арнап жоғарыдағыдай жобаларды неге ұсынбасқа деп ой тас­­тайды ол. Тағы бір түйінді пікірі «Еге­мен Қазақстан – Өзбекстан», «Жас Алаш – Қырғызстан», т.б. медиажобаларын неге өрістетпейміз?» – дегенге саяды. Расында да ойланатын мәселе емес пе? Өзге мемлекеттің идеологиялық экс­пан­сиясына «еруліге-қарулы» жауап қайтарар сәт келсе, нақ осы бизнес-идея, пиар-ұсыныстың күні туады деп ойлаймыз.

 Енді Аяған Сандыбайдың оқырман ретінде өзімді елең еткізген бір туындысына тоқталайын. «Арман Евниевтің ерен үлгісі» («Прецендент Армана Евниева») деген мақаласында автор «республика Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниевтің қызметінен кетуі біздің ойымызша, ерекше назар аударуға лайық» деп жұртшылық назарын аударып, «оның іс-әрекетінің төркіні жеке тұлғаның өзін-өзі тану проблемаларына ғана байланысты емес, сонымен бірге ұлттық басқару жүйесінің жағдайын да керемет суреттейді» деп пікірін түйіндейді. Аграрлық саланы басқару мәселесі бо­йынша шет елдерде ұйымдастырылған бірқатар бас қосуларда осы жолдардың иесі Польшада тіркелген халықаралық журналист ретінде мақала кейіпкерімен кездесіп, сұхбаттасқан-ды. Заманауи менеджменттің сүбелі саласы жобаларды басқару бойынша білікті маман саналатын А.Евниевтің ұстанымы ел мүддесінен туындайтынына да көз жеткізген-ді. Осы орайда «салық төлеушілердің күш-жігерін, уақыты мен қаржысын толассыз хаттар мен есептерге, нұсқаулар мен тұсаукесерлерге, «іс» талқыланатын «шексіз жиналыстарға», «отырыстарға», «дөңгелек үстелдерге» жұмсау» орынсыз екендігі және «одан да қызметтен кетіп, бизнеске кіріскен жақсы» деген Евниев шешімі ел ертеңін ойлаған азаматтың ғана қолынан келетіні туралы автор тұжырымына ден қойған-ды.

Қаламгер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолға ал­ған кезеңіне ой жүгіртіп, «Үміт еткен жы­­лымыз» («Год надежды нашей») атты талдау мақаласында ақпараттық саясат мәселелерін де тілге тиек ете кетеді. «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұ­дан жүз жыл бұрынғы «газет – бұл ха­­лықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген толғамы бүгін де өзекті» дей келіп, автор «егер мемлекет пен қоғам арасында толыққанды тікелей және кері байланыс болмаса, сөз бен істі алдамшы әрекеттер, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық алмас­тыруы мүмкін. Мұндай ақпараттық байланысты баспасөз ғана қамтамасыз ете алады, жамиғатқа жағымды жаңалықты таратып, көлеңкедегі құбылыстарға билік назарын аударады. Сұғанақ қол, сумақай шенеуніктер өткір де батыл баспасөздің маңынан жүрмейді» деп түйіндейді, «естуші мемлекет» тұ­жы­рымдамасының маңыздылығына тоқ­талады.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келе бел­гілі көсемсөзші Аяған Сандыбайдың қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегіне тоқталмақпын. Еліміздің «БАҚ туралы» тұңғыш Заңын дайындап, әзірлеуге қосқан оның сүбелі үлесін көрсетуіміз, ақпараттық саланы дамытуға ықпал еткен көптеген жобаға, соның ішінде журналистердің төл мерекесін белгілеуге, БАҚ саласындағы Президенттік сый­лықтың тағайындалуына, Қазақ Ақпарат агенттігінің қайта жандануына бастамашы болуын айрықша атап өтуіміз керек. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында жабылып қалған «Қоғаммен байланыс» мамандығы республика Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Аяған Өтенұлының қолға алуынан кейін қайта жалғасын тауып, содан бері университетіміз PR-менеджерлер даяр­­лауды жүзеге асырып келеді. Сон­дай-ақ жоғарыда атап өткеніміздей, оның қаламынан туындаған бірнеше оқулық пен әдістемелік құралдардың болашақ журналистика, баспа және қоғаммен байланыс мамандарының игі­лігіне айналғаны да сан қырлы та­ланттың тағы бір айғағы сынды. Ал кезінде «Қазақстан» телеарнасы ар­қылы қалың көрерменге жол тартқан «Ғажапстанға саяхат» деп аталатын көп­сериялы мультипликациялық фильмі бас­тамашыларының бірі әрі бас редакторы ретіндегі, оның айқын қолтаңбасын аң­ғару және қиын емес.

Ақсақал жазушы Иван Щеголихин өз алғысөзінде А.Сандыбайдың «тілінің шұрайлылығын» айрықша атап өткені туралы жаздық. Осы ретте Аяған Өтен­ұлының орысшаны сол лұғатты ана тілім деп есептейтін ағайындардан да артық білетінінің һәм әлем әдебиетінің озық үлгілерінен терең сусындағанының бір мысалын келтіре кетсем бе деймін. Сексенінші жылдардың соңы. Түрік әдебиетінен Әзиз Несин, Яшар Кемаль мен Назым Хикмет сияқты «прогресшіл» қаламгерлерді ғана оқуға рұқсат берілген тұс. Ол кезде сол Назым Хикметтің орысша, қазақша аудармаларын түрікшемен салыстыра қарап жүрген едім. ҚазТАГ-тағы бір кездесуде осы туралы айтып, ақынның қазақшаға Қайрат Жұмағалиев, орысшаға Давид Самойлов аударған «Mavi gözlü dev» («Көгілдір көзді алып») атты өлеңін тілге тиек еттім. Сол кезде осы Аяған Өтенұлы «Был великан с голубыми глазами//Он любил женщину маленького роста...» деп тақпақтай жөнелгенде, таңдай қаққанымды несіне жасырайын.

Қаламгер Аяған Сандыбайдың бү­гінгі болмысымыздан бастау алып, ақи­қатпен суарылған жаңа кітабы рухани қоржынымыздың бір бәсіресі болады деген үміттеміз. Ел ертеңіне деген алаң сезімнің діттегені баянды болашақ, кемел келешек. Өйткені ол шұғыла-нұрды бетке алып барады...

 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры