Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Әдебиеттануда нарратор, нарратология деген ұғымдар пайда болмай тұрып Алаш ұранды әдебиеттің өкілі баяншының басты қасиетін «Ақбілекте» тамаша көрсетті. «Күнікейдің жазығында» да автордың емес, нарратордың қызметі басым. Яғни шығармаға авторлық жеке көзқарасын тықпаламай, болған оқиғаны кейіпкерлердің өздеріне айтқызып, әрі қарай да баяншының қызметін қолданатын Жүсіпбектей шебер жазушы аз. «Қараторы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат» немесе «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қарасұр жігітпін. Жасым 35-те. Өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес» деп кейіпкерлерге өз жайын, өзінің мақсат-мұраты мен арман-аңсарын жайып салғызуды қазақ прозасының тарихында алғашқылардың қатарында Аймауытов бастады. Бұл шеберлік кейіпкерді көзбен көргендей әсер беретіні өз алдына, оның мінез-құлқы, дүниетанымы, ниеті, бәрі-бәрі айқын. Ақбілек қыздың басынан өткен ауыр да азапты оқиғаның, оның әрі қарайғы шым-шытырық өмірінің негізгі себепшілері біздіңше үш адам. Жазушы пәк қыздың басынан өткен оқиғаны қазақ даласындағы жағдайлармен байланыстыра отырып баяндамас бұрын, ең алдымен сол үшеуін жеке-жеке «сөйлетеді».
Бекболат
Өзінің айтуынша әкесі неше жылдай елубасы, ауылнай, би болған жігіт оннан асқан соң-ақ қолы бос жігіттердің боқауызын, былапыт әңгімесін тыңдай жүріп ержетеді. Жолдастарына еріп ойын-сауық құрып, насыбай атуды, мылтық атуды, құс салып, ит жүгіртуді үйренгенін, одан қалса әкесі айттырған Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырғанын да мақтана баяндайды. Бойжеткен қалыңдығына, яғни Ақбілекке жолдастарын ертіп жасырын кездесуге келе жатып, тау бөктерінен жолаушылардың алдын орай қашқан ор қоянды қуып жүріп, бірталай уақытты текке өткізеді. Қыз аулына таяна бергенде шулаған иттің, «апатайлаған» Ақбілектің даусын, ат тұяғының дүбірін естіп, зорлықшыларды қуа жөнелгенімен, оң иығынан жараланып, көзі қарауытып, жолдастарының жанында қала береді.
Ақтар қашқан, қызылдар қуған, ел іші әбігерге түсіп, кімді жақтаймыз, кімді даттаймыз, алдағы тіршілік әлдеқалай болар екен деген алмағайып шақта қаннен-қаперсіз ит жүгіртіп, құс салып, сұлу қызды құшуды ғана мақсат еткен мақтаншақ Бекболаттың қалыңдығын орыстар көз алдында тартып әкеткенде қайрат қыла алмағаны, жолдастарының да өзі сияқты ырқыл-жырқылдан ұзап көрмеген жандар екені бір эпизодтың өзінде белгілі болады.
Офицер
«Еркін, қызық өмірді, жан тыныштықты кім жақсы көрмейді?Адам тілегенін істеуге ерікті болса, тұрмыс осындай болар ма еді? Біреу ырысты, біреу сорлы болар ма еді? Адамда ерік жоқ. Дүниеде тағдыр бар, лажсыз өмірге көну бар: тағдыр деген сондай, бостандық, еркіндік деген жоқ». Бұл офицердің сөздері.
Тамбов губерниясындағы бай алпауыттың кіші баласы үкіметті қара жұмысшы мен қара солдатты жоқтаған большевиктер алып кеткен соң құл-құтанға бағынғысы келмей, соғысып, жеңіліп, қашып бара жатыр. Алтайдың бір тығырығында қызылдардан жан сауғалап, маңайдағы қазаққа шабуылдап, азыққа мал, баспанаға киіз, төсеніш, ыдыс-сайман алып тіршілік қып жатқан бұлардың қарасы жетпіс шақты адам.
Офицер «біз де әйел құшқымыз келеді» дейді. Бірақ оның ойынша қазақ надан болған соң жатырқайды, жиренеді, қазақ қызы орыс жігітін сүймейді. Соңында «біз әзір тіріміз. Тіршілік деген – арпалысып күнелту деген сөз. Ендеше, біз тіршілік қып жүрміз» деп ой түйеді. Ол өздерінің зорлықшыл әрекеттерін осылай ақтайды. Ақбілекті аз күн әйел қылған, соңында өлтіріп кетпекке бел байлаған офицер тіршілік үшін ешкімді де аямайды.
Мұқаш
Сөз басында жайы белгілі болған, аузы асқа, ауы атқа жарымаған Мұқаштың да өмірлік философиясы бар. «Ойға алғанын істемеген жігіт жігіт пе!». Сараң, жаман Төлеубайдың қозысын баққанда дамбалы борша-борша, шекпені өрім-өрім болып, жалбаңдап, кейіп, жыламсырап жүретін Мұқаш Бадығұлдың жылқысын баққанда көзі ашылып, өзі айтқандай «кісі болады». Жылқы жұттан кейін есікте жүргісі келмей, параходқа жұмыс қылуға жалданып, Өскемен, Зайсан, Семейді көреді. Азын-аулақ орысша үйренеді. Елге келіп, большевиктер туралы байдың малын, артық қатынын, жерін кедейге тартып әпереді деген өсектерді естіген соң, «балшабайдың жәшейкесіне жазылып, бесатарды мойнына салып» шыға келеді. Іс мұнымен бітер ме? Өзіне қырын қараған кісілердің үйін тінтіп, қорқытып, көр-жер алып, ақтардан қалған қаруларды іздестіріп, қазынаның мүлкіне де қол сала бастайды. Ел ішінде «шоқынып кетті» деген атқа қалады. Үстінен арыз борайды. Мұның негізгі мақсаты – болыс болу. Сол жолда ештеңеден тартынбайды. Бірақ Ақбілектің қаладағы ағасы Төлеген Мұқаштың үстінен жазылған арыздарды алып, кеңсеге тапсырады. Осы жерде Мұқаш кектенеді. Тірі болса, алдына келтірем деп іштей серт байлайды. Сондағы ойлағаны – жауының қарындасының арын таптату. Орыстарға. Ол өзінің мерездігін, кекшілдігін, сатқындығын былайша ақтайды: «Өмірі байдан, күштіден қорлық-зорлық көріп келдім. Әлі де солардан көріп отырмын. Енді оларды мен несіне аяйын?».
«Ақбілек» – психологиялық тұрғыдан өте күрделі роман. Бай мен кедейдің арасындағы тап тартысы, зиялы жастардың топ-топқа бөлініп араздасуы, жаңа үкімет орнаған тұстағы қазақ ауылындағы өзгерістер, қала қазақтарының орысшылдығы түрлі арналар арқылы шығармадан көрініс тапқан. Айналып келгенде Ақбілек арқылы құрдымға түскен қазақтың өз бейнесін танисың.