Қу уақыт орнында тұра ма: кейін ақыны көп Алматыны да көрдік. Әлгі ақтап алған жылауық ақынды да көрдік. Бәрін-бәрін сезіп, білдік. Тіпті, бетпе-бет келіп, ашық-жарқын сөйлестік. Әсіресе Жазушылар одағында ақын-жазушылар көп жүреді. Жасы бар, жасамысы бар – бәрі. Өздері «қасиетті» дорбасын арқалап, ара-тұра қолын сермеп әңгіме айтқанды өте-мөте жақсы көреді. Діңкең құрып тұрса да тыңдайсың. Өйткені ол ақын ғой.
– Сен мені танисың ба?
– Шырамытып тұрмын, аға (танымасаң да осылай сәл өтірік айтасың).
– Менің мынадай кітаптарым бар.
– А-а-а, жөн екен.
– Сен өзің жазасың ба?
– Иә.
– Мені оқып па едің?
– Жоқ, оқымаппын (бұ жолы шыныңды айтасың).
– Мен туралы жазсаң, үлкен жаңалық ашасың.
– Көреміз ғой енді…
– Үйіме келіп, қалай жазатынымды көрсең, тіпті таңғаласың.
– А-а-а.
– Міне, мынау менің өлең кітабым. Өте қызық.
– Жақсы, оқырмын.
– Мені теледидардан көп көрсетеді. Ұмытып тұрған боларсың.
– Бәлкім…
– Сен менің телефонымды жазып ал. 272 ….
– Жаздың ба?
– Иә, иә, жаздым.
– Менің тарихым қызықтырса, хабарлас.
– Мақұл. Сау болыңыз! Асығып тұр едім…
– Менің ашылмаған сырларым көп. Өкінбейсің.
– Жақсы, аға...
P.S.: Бұл біршама жыл бұрын болған оқиға-тын. Жаны өлеңге емес, мақтанға толып қалған әлгі ақын ағаларымыз қазір тіпті күшейіп алған. Баяғы кітабын құшақтап, әркімге бір ұстататын жайдары мінез жоқ. Өйткені ол үлкен адамға айналған.