04 Қазан, 2013

Қытайда өткен чемпионат

303 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Қытай Халық Республикасы Гансу провинциясының Ақсай қазақ автономиялы уезінде төл күресімізден тоғызыншы рет Азия чемпионаты өтті. Оған 14 елден 100-ге жуық балуан қатысып, қазақ күресінен құрлықтың бас жүлдесін сарапқа салды. Осы белдесуде біздің төрт балуанымыз Азия чемпионы болса, Қытай мен Иранның 90-нан аса және аса ауыр салмақтағы балуандары чемпион атанды.

Жалпы, биылғы Азия чемпионаты Қытай елінде өте жоғары деңгейде өтті. Мәселен, жарыс­тың ашылу салтанатының өзі үш жарым сағатқа созылды, 70 киіз үй тігіліп, соның ішіне қазақ халқының барлық салт-дәстүрінен хабар беретін заттар қойылды. Осы шараға 1 100 адам қатысып, қазақтың ұлттық киімдерімен өнерін көрсетіп, жиналған жұртты тәнті етті.

Біз осы біріншіліктің куәсі болған республикалық Қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат ШӘМШІНҰРОВПЕН кездесіп, әңгімелескен едік.

– Мәке, биылғы Азия чемпио­натының жақсы өткенін естіп жатырмыз. Ол туралы кеңірек айтып берсеңіз?

– Иә, биылғы Азия чемпионаты өте жақсы өтті. Оны Қытайдың Гансу провинциясы Дунхан қаласы Ақсай қазақ уезі өткізді. Әсіресе, Ақсай ауданының әкімі Бағдат Мұратқа мың да бір рахметімді айтқым келеді. Ол кісі намысқа тырысып, төл күресімізден Азия чемпионатын жоғары деңгейде өтуіне бәрін жасады. Жарыстың ашылу мен жабылу салтанаты өте тамаша болды. Мен шынын айтайын, бұрын дәл осындай Азия чемпионатын көрген емеспін. Ашылу салтанатына біраз лауазымды адамдар қатысты. Кімдер десеңіз, Қытай Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары, Спорт министрінің орынбасары, Күрес федерациясының вице-президенті, Гансу провинциясының губернаторы, осы өлкенің парткомының бірінші хатшысы келіп, қазақ күресіне құрметтерін көрсетті. Азия чемпионаты өткен Гансу провинция­сында 24 млн. халық тұрады екен. Соның орталығы Дурхан қаласының Ақсай қазақ уезінде шамамен 11 мың ха­лық болса, соның 3,5 мыңы – өзі­міздің қандастарымыз. Бұл өңірде қазақтардан басқа, қырғыздар мен моңғолдар да тұрады. Біздің қандастарымыздың бәрі халқымыздың салт-дәстүрін, тілін жақсы сақтаған екен.

– Азия чемпионатынан басқа нені байқадыңыз? Біздің балуандар қалай күресті?

– Бұл чемпионатты Қытай негізі, 2008 жылы өткізуі керек болатын. Бірақ ол кезде Шыңжаңда ұйғыр халқының бас көтеруіне байланысты құрлықтық белдесу өтпей қалды. Содан кейінгі чемпионатты Қызылорда облысы өткізіп жіберді. Осыған байланысты Қытай 2008 жылы өткізе алмаған чемпионатты биыл жоғары деңгейде ұйымдастыруды мықтап қолға алып, өткізді. Біздің қазақ күресінен өтетін барлық жарыстар осылай өтсе дейсің. Чемпионаттың ашылуы мен жабылу салтанаты бәріне ұнады деп ойлаймын. Мен енді тағы да айтайын, жарысқа мұндай дайындықты еш жерде көрмедім. Чемпионаттың ашылу салтанатында 70 киіз үй тігіліп, қазақтың ұл-қыздары би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Біз өзімізді Қытайда емес, Қазақстанның бір облысында жүргендей болдық. Тағы бір айтатын нәрсе, ұйымдастырушылар Азия чемпионатына арнайы жасалған тайқазанға 56 бас қой сойып, пісірді. Бұл тайқазан көлемі 4,5 метр, тереңдігі 2,5 метр етіп жасалған екен. Соңынан осы тайқазан мен пісірілген қойдың саны Гиннестер рекорды кітабына еніп, оның құжаты тиісті мекемеге тапсырылды. Сосын тайқазаннан ыдысқа ет салынып, бәрі одан ауыз тиді. Осы ыдыс­ты кейін бір бизнесмен 1,5 млн. юаньға немесе 10 000 долларға сатып алды. Жарыс кезінде жергілікті қазақтармен ғана емес, бәрімен де қазақша сөйлесіп жүрдік. Қытай, орыс тілі деген жоқ. Енді балуандарымыз туралы айтсақ, кімнің қандай орын алғанын білесіздер. Төрт балуанымыз чемпион атанды, біреуі күміс, тағы екеуі қола жүлдеге ие болды. Амангелді Сатыбалдинов (60 кг), Аслан Түсіпхан (70кг), Әділжан Ыстыбаев (80 кг) пен Бекзат Ахметбеков (90 кг) Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Шалқар Жоламанов аса ауыр салмақта күміс жүлдені, 90 кг салмақта Олжас Қайратұлы мен 60 кг салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев қола медальді иеленді. Олардың бәрі ақшалай сыйлыққа ие болды. Азия чемпионы – 1000 доллар, күміс жүлдегер – 500, қола жүлдегер 300 долларды қалтасына басты. Содан кейін Ақсай қазақ автономиялы уезінің әкімі Бағдат Мұрат өз атынан чемпионға ақшалай сыйақы табыс етті. Азия чемпионы 2000 долларды, күміс жүлдегер 1000, қола жүлдегер 500 АҚШ долларын санап алды.

– Азия чемпионатында отырыс өткен екен. Онда қандай мәселелер қаралды?

– Біраз мәселе қаралды. Ақсай қазақ автономиялы ауданының әкімі Бағдат Мұратты Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті етіп сайладық. Қазақ күресінен Азия федерациясының вице-президенті болып Иран азама­­ты, ал оның бас хатшысы болып Қы­тай азаматы сайланды. Келесі Азия чемпионатын өткізу мәсе­лесін де қарадық. Ол енді осы айда шешіледі. Қазір оған үш ел үміт­кер болып отыр. Біреуі өзіміздің Се­мей қала­сы, екіншісі Иран, сосын Тәжік­стан бар.

Әңгімелескен

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».