Алматының Іскерлік кеңесі мен шаһардағы туризмді дамытуға қатысты түрлі жиындарда оның түйткілдері туралы аз айтылмады. Мәселен, алматылықтар жыл сайын тек қана шетелдік медициналық туризмге 500 млн доллардан аса қаражат жұмсайтын болса, бұл мүмкіндіктердің барлығы айналамызда бар екенін нақты мысалдармен дәйектеуге болар еді.
Сонымен туризмді дамытуға қатысты, қаражат үнемдеуге де септігі бар, қала тұрмысы мен демалысы, адамдардың денсаулығын айналып өтпейтін кезекті жобаның түсауы кесіліп отыр.
Алдағы күндері Алматыда экологиялық туризм мен спортты дамыту мақсатында Іле Алатауы төскейінде 71 шақырымдық соқпақ жол жайғасады. Сонымен қатар тағы 9 шақырымдық спорттық жолдар абаттандырылады.
Осылайша онлайн-брифингте мегаполисте «Бақыт соқпақтары» жаңа жобасының тұсаукесері өтті. Идеяның бастамашысы да іске асыратын да – «BI Group» холдингі. Компания өкілдері өздерінің бұл жобасын Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа 2019 жылдың күзінде ұсынған болатын, тың бастама саралана келе, әкімдік тарапынан қолдау тапты.
Жобаның бірінші кезеңінде 71 шақырымға жуық тоғыз тау жолын (Тұйықсу, Кім Асар, Горельника, Жапон жолы және т.б.) абаттандыру жоспарланып отыр. Күркелер қойылады, қауіпті жерлерде – кішігірім металл көпірлер мен жолдар жасалады, сондай-ақ бивуактарға арналған орындар жайластырылады. Қажет жерлерде, бұрылыстарда маршруттардың көрсеткіштері мен ақпараттық қалқандар орнатылады. Жоба аясында қала тұрғындары үшін жаяу жорықтар, спорттық іс-шаралар, білім беру экскурсияларын ұйымдастыру қарастырылған.
Оған қоса, Алматының өзінде Есентай және Кіші Алматы (Терренкур) өзендерінің бойындағы спорттық жолдарда спорт қалашықтары жөнделеді, аумақ абаттандырылады.
– Осыдан бес жыл бұрын компанияның 20 жылдығына орай біз Қазақстанның елордасында «Триатлон-парк» салып, оған 2 млн доллар жұмсадық. Біз бұл жобаның нұрсұлтандықтарға ұнағанын көріп отырмыз, олар жылдың кез келген мезгілінде спортпен шұғылданады, онда бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылады. Енді міне, компаниямыздың 25 жылдығы қарсаңында біз еліміздің ең ару қаласына, сүйікті Алматымызға да осындай жобаны сыйға тартқанымыз жөн деп шештік. Біз жобаны кезеңдерге бөле отырып, оған шамамен 1 млн доллар жұмсауды көздеп отырмыз: жұмыстардың бір бөлігі биыл, бір бөлігі – алдағы жылдарда орындалатын болады, – дейді BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев.
Ұйымдастырушылар «Бақыт соқпақтарын» экологиялық туризмді дамытуға және спорттық өмір салтын насихаттауға стратегиялық инвестиция ретінде қарастырып отыр. Жоба қалалық спорт белсенділерінің қатысуымен, жұмыс тобы аясында пысықталуда.
– BI Group ұсынған жоба қаланы дамытудың жалпы тұжырымдамасына өте сай келеді. Біздің тауларымыз – бүкіл Қазақстанның қазынасы. Туристерге қажетті инфрақұрылымды абаттандырып қана қоймай, олардың өзіне ғана тән сұлулығын сақтап қалу да өте маңызды. «Бақыт соқпақтары» осы мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз, деді жоба тұсаукесерінде Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.
– Әлемдік туристік картада Алматының орны анық айқындалып, айшықталып келеді. Бүгінгі кезең – туристік индустрияда жаһандық өзгерістер кезеңі. Пост-вирустық кезеңде жаңа бағыттар, жаңа өнімдер сұранысқа ие болады. Сарапшылар спорттық және салауатты өмір салтына байланысты шытырман оқиғалы туризмге сұраныс артады деп болжап отыр. Осыған байланысты көп жылдар бойы спортшылар арасында танымал болып келе жатқан біздің тауларымыз орасан зор әлеуетке ие, – деді Алматы қаласы әкімдігі Туризм басқармасының басшысы Сәбина Аманкелді.
«Соңғы жылдары біз алматылықтар арасында тау спортына деген қызығушылықтың күрт артқанын байқап отырмыз. Тауда шетелдік туристерді де жиі кездестіруге болады. Біздің тауларымыз спортты дамытудың халықаралық орталықтарының бірі болуға әбден лайық», – деді өз кезегінде альпинизм бойынша спорт шебері Андрей Пучинин. Оның бұл тұжырымымен Қазақстанның елордасында триатлоннан марафон мен жарыстар өткізудің белсенді де дара ұйымдастырушысы Алексей Сидоренко да келіседі.
Алексей Сидоренко Қазақстандағы BI Marathon және BI Ironman халықаралық танымалдылыққа ие екенін алға тарта отырып, жаңа жоба шаһар экономикасының дамуына жаңа серпін беретініне сенімді екенін білдірді.
АЛМАТЫ